Мұны біз емес, ата-аналардан келген хат-хабар айғақтайды. Иә, бастапқыда мұғалім мен оқушыға арналған тарифтің шығатынын естіп, бәріміз қоштай кеттік. Әсіресе, әр оқушыдан тапсырманы жеке сұрап, көшірмеуін қадағалаған ұстаз қуанды, білемін. Цифрлық даму министрлігі мұндай тариф шығарын күні бұрын хабарлаған-ды. Бірақ кейбір өңірдегі интернет мәселесінің әлі шешілмегеніне қарап, тариф жайы кешеуілдейтін болар дестік. Өйткені «интернет сапасы жақсаратынын» хабарлағалы біраз уақыт өткен-ді. Бір шаруаның болса да басын қайырайық деді ме, «Білім» тарифін тамыз айының екінші жартысында іске қосты. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфрақұрылым департаментінің директоры Гүлнәр Бөкеева тиімді тарифті еліміздегі барлық ұялы байланыс операторында бар екенін айтты.
«Білім» дейтін тариф бар...
Жоғарыда атап өткен қашықтан оқуға арналған тарифтің құны – 990 теңге. «Білім» тарифі арқылы білім беру ресурстарын емін-еркін пайдалануға болады. Мәселен, Beeline операторында қоңырау шалу, хабарлама жазу 18 теңге екені көрсетілген. Тариф жоспары бойынша 1 ГБ беріледі. Ал Білім және ғылым министрлігі бекіткен білім платформаларына кіру тегін. Аталған операторда 611 сайтқа тегін кіруге болады. Ішінде kundelik.kz, daryn.online мен bilimland сияқты ресурстар бар. Activ пен Kcell операторында 673 сайтқа, Тele2 Altel-де соншама ресурсқа кіруге мүмкіндік берілген. Ұялы байланыс операторының барлығы оқу ресурстарын «Мектеп ресурстары, білім беру порталдары және басқа да ресурстар», «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім» деп жіктеп қойған. Яғни, қандай сайтты тегін қарауға мүмкіндігіңіз бар екенін біле аласыз. Байқағаныңыздай, аталған операторларда желі және басқа ұялы байланыс нөміріне қоңырау шалу мен хабарлама жіберудің құны – 18 теңге. Білім платформаларына тегін кіремін демесеңіз, 1 ГБ басқа қажетіңізді өтей алмасы анық. Сондықтан ата-аналар тарифке өзгеріс енгізіп, ұялы байланыс операторларының басқа тарифтеріне ұқсас WhatsApp-ты тегін қолдануды сұрайды.Тариф 4-5 күнге жетеді
«Білім» тарифін 5-сыныпта оқитын балама қосып бердім. 1 ГБ беріледі, білім платформалары тегін, қалғаны ақылы екен. Сонымен, емін-еркін пайдаланып, сабағын оқиды деп ойладым. Бірақ WhatsApp ақылы екенін білмедік. Бізде сабақты OnlineMektep, Zoom және WhatsApp-пен өтеді. Сенесіз бе, 4-5 күнде 1 ГБ бітіп қалды. Ертесіне ұлым апайы сабақ бермегенін айтты. Түсінбей, мұғаліміне қоңырау шалсам, сабақ өтіп жатқанын хабарлады. Сөйтсек, жоғарыдағы ресурстарға кіретін мегабайты таусылып қалған екен. Сондықтан қайтадан 2 500 теңге тұратын тариф қосуға мәжбүр болдық. Маған «Білім» тарифі мүлде ұнаған жоқ. Тиімсіз», – дейді Алматы қаласында тұратын мұғалім Алша Қаныбекова.Ата-ананың айтуынша, тегін білім платформаларының санын көбейтпей, WhatsApp-қа басымдық беру керек. Өйткені мұғалім мен оқушы көбінесе аталған мессенджер арқылы кері байланысқа шығатынын алға тартты. Осы сұрақ төңірегінде еліміздегі ұялы байланыс операторларына сауал жолдадық. Тарифтің тез таусылып қалатынын, WhatsApp жайында ата-аналардың пікірін айттық. Сұрағымызға алғашқы болып Activ операторы үн қосты. Сайтта көрсетілгендей, WhatsApp, Zoom, Skype, Microsoft Team-ді пайдаланған кезде интернет трафик тариф бойынша жұмсалатынын атап өтті. Ал сұрақ бойынша көлемді жауапты поштамызға жолдайтындарын жазды. Өз кезегінде Beeline операторы да жоғарыдағыдай жауап бергенімен, келеңсіз жағдай үшін өкінішін білдірді. Сондай-ақ мән-жайды тексеру үшін, нөмір мен нөмір кімнің атына тіркелгені туралы мәліметті жазуды сұрады. Яғни, «Білім» тарифіндегі трафикті тексеру үшін операторларға қоңырау шалуға немесе әлеуметтік желіде жазуға болады.
«Бiлiм» тариф жоспарының негізгі мақсаты — ол білім ресурстарына қашықтан қосылуға жағдай жасау. Қосымша қажеттіліктеріңіз үшін ыңғайлы жолдардың бірін таңдай аласыз, олар – біржолғы интернет-топтамаларды пайдалану немесе интернет-топтамасы көп тариф жоспарына ауысып, 0 теңгеге «Білім» қызметін қосу. Сонда сізде білім ресурстарына шексіз қосылу мүмкіндігімен қатар, қосымша гигабайттар да болады. «Бiлiм» тарифінің iшiнде WhatsАpp жане басқа мессенджерлер тегiн емес», – дейді Beeline ұялы байланыс операторының қызметкері Анар Жұмағұлова.Ал белсенді мұғалімдер әлеуметтік желіде аталған тарифті «жай алдаусырату үшін жасалған дүние» деп көрсеткен. Мысалы, Мейіржан Темірбек «Платформалар шетелдік программаларды интеграциялау арқылы жұмыс істеп отыр. Сондықтан тариф жетпейді. Ал провайдерлер мұны жақсы біледі. Мұндайды доғаратын уақыт болды ғой» деп жазған. Facebook-тегі аталған жазба мен карикатураны бірқатар адам бөлісіп, талқыға салған. Пікірлерге назар аударсаңыз, дені тарифтің тиімсіз екенін көрсеткен.
«Білім» тарифін пайдаланып жатқандар аз
Себебі интернет трафик шақ келмейді. Негізі, кәдуілгі тарифке қосылсаңыз да, ұзаққа жетті дегенде 20 күнде таусылып қалады. Өзім мұғалім болғандықтан ZOOM, WhatsApp, Microsoft Team-ді жиі қолданамын. Сондықтан ұялы байланыс операторларынан шексіздік тарифін іздеймін. Бірақ сондай тарифке қосылсаң да, көп өтпей «сізде тәуліктік интернет трафигі таусылды, жылдамдық төмендеуі мүмкін» дейтін хабарлама келеді. Байланыс нашарлаған соң, кейде қайта қосуға мәжбүр боласың. Бұл қалтаға салмақ салары анық. Өйткені мұндай тарифтік жоспарлардың құны 2 500-3 000 теңге арасында», – дейді Зинат Бексұлтанқызы. Мұғалімнің сөзін Нұрым Жолтай есімді ата-ана да қоштап отыр. Оның 2 баласы студент. Айтуынша, 30 ГБ интернет трафик берілетін тариф 20 күнде таусылған. Студенттер ZOOM және Microsoft teams платформасын қолданады екен. Ал Рима Сауытқызының екі баласы мектепте оқиды. Ол бір баласына 4 мың теңгеге тариф қосып беретінін айтады. Өйткені тарифтік жоспар бір айға жетпей, қайта қосуға мәжбүр екен. «Баланың білімінен ақша аямаймыз. Бірақ тарифтік жоспардың өзіне айына 8 мың теңгеге жуық ақша төлеу кез келген ата-анаға оңай емес», – дейді ол.Осыған дейін бірқатар БАҚ бетінде тариф мәселесі жазылған-ды. Жоғарыдағы оқиғалар «Білім» тарифін қайта қарап, ұялы байланыс операторлары ұсынған тарифтік жоспар құрылымын бір шолып шығуды нұсқайтын сияқты. Әйтпесе, ата-ана мен мұғалімнің тариф жайындағы жанайқайына ешкім құлақ асар емес.