«Ашық диалогті» жабуды көздейді
«Ашық диалогті» жабуды көздейді
198
оқылды
«Ашық диалог» жобасы қолға алын­ғалы Қазақстан азаматтары күрмелген түрлі мәселені тікелей ведомствоға не министрлікке жолдап, жауап алып келеді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан назар салынбаған талай проблема осы порталдағы өті­ніш арқылы шешіледі. Ай­талық, баласын мектепке орналас­тыра алмай әлек болып жүрген ата-ана дирек­тордың кабинетіне кіре алмай жүргенде порталға ЭЦҚ арқылы кіріп, министрге сұрау тастап, дереу мектепке шақырту алады. Осы тұрғыдан алсақ, бұл порталдың ашықтығы жағымды әсер береді дейміз. Әйтсе де, мұнда жарияланатын жеке мәліметтердің желіде «қал­қып» жүруі қауіпті екен. Ки­бералаяқтық өршіп тұрған за­манда қаскөйлерге оңай олжа болуы мүмкін-мыс. Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Ашық диалог» арқылы келіп түсетін қылмыстық істер бо­йынша өтініштерді жасыру керек деген ұсыныс айтты. «Ми­нистрдің бло­гына қылмыстық істер бойынша көп өтініш келіп түседі. Олар жалпы халыққа кө­рініп, соңында құпия тергеудің ақпа­ратын жария қылуы мүмкін. Өтініш бере­тін азаматтар – көп жағдайда қылмыстық процесс қаты­сушылары емес. Жауап әзір­леген кезде қызметкерлер еркінен тыс жапа шеккендер, куәгерлер не күдіктілер туралы ақпаратты беріп жіберуі мүмкін екенін ескеру қажет. Ал бұл болса, өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралда­рында дау тудыруы да ғажап емес», – дейді министрдің орынбасары. IT-маман Райымбек Егембер­диев бұл қауіптің негізі бар екенін алға тартады. «Порталға кіріп қара­сақ, шынымен де адамдар оңды-солды жеке мәліметтерін жаза береді екен. Кез келген ашық жария­ланған жеке мәлімет (ЖСН, телефон нөмі­рі, аты-жөні) алаяқтарға жол ашады. Бірінші кезекте бұл мәлімет­терді іздеу жүйелерінің (google, yandex) ин­декса­циялануынан оқшаулау керек. Министр орынбасары айт­қан­дай, бұл бөлімді жауып, тек әр адам өз сұранысын ғана көре алатын етсе де мәселе шеші­ле­ді», – дейді ол. Енді министрліктің ұсы­нысын талда­сақ. Олар өтініш­терді қа­былдау процесін былай қылмақ: қылмыстық істерді қарауға қа­тысты өтініштер ми­нистр блогына келіп түседі. Одан кейін ол өтініш тергеу орга­нына, яғни полиция департаментіне жө­нелтіледі. Орган артынша бекі­тілген заң­нама аясында, соның ішінде Қыл­мыстық-процессуалдық ко­декс шең­бе­рінде қарап, заң­бұзу­шылық болды ма, тексереді. Соңы­­нан тергеу құпия­сын толық сақтай оты­рып, сотқа дейінгі тергеу ақпа­­ратын жария етпестен ав­торға жауап әзірлеп, жолдайды. Бүгінде «Ашық диалог» пор­талы арқы­лы өтініш жолдаған кезде аза­маттар электронды-цифр­лық қол­таңба арқылы жеке басын рас­тайды. Сонымен қатар өтініште көрсетілген жеке мәлі­меттердің ашық жария­лануына рұқсат береді. «Бұған келі­сім бергенімен, азаматтар өтініштің жалпақ жұртқа көрініп тұраты­нын, интер­неттен іздегенде шыға­тынан ескере бермейді. Мыса­лы, кейде алдыңғы берген өтіні­шін өшіру үшін екінші қайтара жол­дай­тындар бо­­лады», – дейді вице-ми­нистр. Ashik diolog3 Жыл басынан бері Ішкі істер ми­нистрінің блогына берген өті­нішін 30 аза­мат өшіруін сұраған. Ондағы себеп – автор­дың өті­нішке қоса жеке куәлігінің суретін салуы. Алаяқтар аталған құжатты пайда­ланып, автордың атынан әлеуметтік желіде несие беретін қызмет көрсе­тетін аккаунт ашқан. Оны өшір­ген күннің өзінде өті­ніштер Google іздеу жүйесінде біраз уақыт сақталады екен. Бұдан бөлек, келіп түсетін өтініштер ішінде үшінші бір тұлға­ның жеке басына тіл тигізетін ба­лағат сөздер де бола­ды екен. Портал арқылы түйткілді мә­се­лесін жет­­кі­зуге халық сауат­танып қалды. Алматы облысы ау­дан­да­рында «Бастау» жобасы бойынша бизнес-тренер Мейір­ман Сауран­бек жоба аясында портал қызметімен таныс­тырады. Айтуынша, «Ашық диа­логті» біл­мейтіндер бар екен. Сабақтан кейін үйреніп, танысып, қол­данып жүр­гендер жетерлік дейді. «Мысалы, ауылда бір апаның 20-30 жылқысын ұрлап кеткен бо­латын. Содан Ішкі істер ми­нистрінің блогына өтініш қал­дырды. Дереу облыстағы тиісті органдарға жедел-іздестіру жұ­­мыс­тарын жүргізуге тапсырма берілді. Жергі­лікті поли­ция содан кейін ғана қимыл­даған. Осы тұрғыдан алғанда, «Ашық диа­логтің» пайдасы өте зор дер едім»,– дейді «Атаме­кен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының қыз­­мет­кері. Осы тақырып талқыға түсіп жатқан­дықтан, министр блогын бір шолып шық­пасқа болмайды. Онда­ғы «Құқық қорғау орган­дары» кате­гориясындағы өтініш­терді қарадық. Ішінде полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болмаған, тіпті орган қызмет­ші­лерінің қылмыс жасап, артын­ша тайқып кеткенін айтып, жаза­лануын сұрағандар да бар. Мы­салы, Баян Тәжібаев (аты-жөнін сол күйі беріп отырмыз) 2019 жылдың 3 қарашасында қызының Алмалы аудандық уақытша ұстау изоляторында өлтірілгенін, оны өлтірген сондағы қыз­меткерлер еке­нін айтыпты. «Қызымның соңынан баласы қалды. Тұл же­тім. Асырап алып, рәсімдедім. Басымда баспана жоқ. Істі айғақ жеткіліксіз болғаны үшін жауып тастады. Енді ақыры істі жапқан екен, қызымды тірі қайтар­сын, балаға ана керек. Болмаса, кінәлілер пәтер сатып алып бер­сін. Сол жерде немеремді жет­кізіп, бағамын. Өзім медицина қызмет­керімін, көп жылдық тәжіри­бем бар. 17 800-орында пәтерде кезекте тұрмын. Ол ке­зекке жету үшін қан­ша жыл өмір сүруім керек? Өлімге кі­нәлі адам­дар баспана әперсін» депті. Бұл өтінішке келген жауап: іс тоқ­татылды, ай­ғақ жеткіліксіз. Енді бір өтініште ІІМ-де бұ­рын істеген қызметкерге қа­тысты дерек­тер айтылған. «Бүгін­де под­пол­ковник шені бар, миг­рация­лық полицияда қызмет ететін, ІІМ экс-қызметкерінің бұрынғы қызмет ор­нында жүр­генде 16 жастағы қыз­бен жыныс­тық қа­рым-қатынаста болғаны туралы дәлелім бар. Бұл заңға қайшы ма? Кәме­летке тол­маған қыздың құқығы бұзылды ма? Жәбір­ле­нушінің шағымы қараусыз қалған. Талонды төменде бірге жол­дап отырмын. Жауап бер­сеңіз­дер. Рақмет» депті. 8 қыр­күйек күні келіп түскен өтінішке әзірге жауап бе­рілмеген. Байқасақ, құқық қорғау ор­ган­дары қызметкерлерінің жұмы­сына қатысты ша­ғым көп. Басым көпші­лігінде «бармақ басты, көз қыстыға» салғаны туралы айты­лады. Ол жала ма, жоқ әлде қазаншының қайдан құлақ шы­ғаратынын өзі білетін еркі ме, белгісіз. Бұдан шығатын қоры­тынды: құқық қорғау органдарына  деген сенім аз. Жанайқайын есті­р­туге тырысқан жұрт жетерлік. Аудан, одан әрі облыс аясынан шыға алмай, «тұн­шық­қандар» министр блогына жазады. Бұл ха­лықтың әлі цифр­лық сауаты жеткілікті деңгейде емес дегендегі көрініс. Күні ертең халық түгел дерлік машықтанып алса, на­ғыз ашық қоғам орнайтын сыңайлы.  

Жадыра АҚҚАЙЫР