Францияда Қазақ киносының фестивалі өтті

Францияда Қазақ киносының фестивалі өтті

Парижде өткен Қазақ киносының фестивалі аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмдер естелік жүлделермен марапатталды.

Париждегі Cinéma Le Lincoln кинотеатрында төрт күн ішінде отандық кинотуындылар, оның ішінде «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері көрсетілді. Аталған фестивальді Қазақстанның Франциядағы елшілігі қолдауымен Қазақ киносы қауымдастығы (Франция) ұйымдастырған.

Мәдени іс-шараның негізгі мақсаты кинематография саласындағы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ көрермендерді Қазақстанның қазіргі киносымен таныстыру.

Қазақ киносының фестивалі «Айка» фильмімен ашылды. Бұл кинотуындының көрсетілімі Канн фестивалінде «Үздік әйел адам рөлі» жүлдесімен марапатталған актриса Самал Еслямова және фильмнің режиссері Сергей Дворцевойдың қатысуымен өтті.

Режиссер Рүстем Әбдірашев және актриса Мадина Есманова осы фестиваль барысында көрермендерге «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмін таныстырды. Сондай-ақ «Анаға апарар жол» фильмінің көрсетілімінде Алтынай Нөгербек және Аружан Жазылбекова, ал Әміре Қашаубаевтың өмірі туралы баяндайтын режиссер Джефф Веспаның «Әміре» фильмінің таныстырылымында актер Санжар Мади қатысты.

 Айта кетсек, фестиваль барысында Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренинг» фильмдері, сондай-ақ Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы түсірген «Мұзбалақ» анимациялық фильмі көрсетілді. Мәдени іс-шараның жабылу салтанатында режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көрсетіліп, барлық қатысушыларға естелік жүлделер табысталды.

Сонымен қатар фестиваль шеңберінде Виктория Якубованың «Олма Джон» көркем фильмі, Дана Мұсаның «Киелi би» және Айжан Қасымбекованың «Су» атты қысқаметражды фильмдері көрсетілді.

https://youtu.be/KWg08pIHuw0