Әкімдер «қалғып» отырса, жобалар қалай жүзеге асады?
Әкімдер «қалғып» отырса, жобалар қалай жүзеге асады?
131
оқылды
Облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновация­лық дамыту басқармасының бас­шысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бағдарлама аясында жалпы құны 1,1 триллион теңге 26 инвестициялық жоба өңірдің  индустрияландыру картасына енген. 2020-2025 жылдар ара­лығында жүзеге асатын жобалар аясында 6 000-ға жуық жаңа жұ­мыс орны ашылады деп кү­тілген. Алайда басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сыл­дыр суға, одан әрі буға  айналып бара жатқандай. Олай дейтініміз,  Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент зауытының  жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болғанымен,  2016-2019 жылдар аралығында то­лық қуат­тылығына бір шыға ал­маған. Ал биыл  жыл басынан аталған кәсіпорын тоқтап тұр. Та­лас ау­даны әкімдігі тарапынан жо­­баға жан бітіру жолдары қа­рас­тырылмауда. Бір сөзбен айт­­қан­да, 2015 жылы іске қосыл­ған кәсіпорын өнім өндірмек тү­гілі, өз күнін әзер көруде. Дәл сондай Шу ауданындағы KazMiya жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі жылына  300 тон­на  мия тамырын өңдеуі қа­жет болғанымен, 2016 жылдан бері тірлігі алға баспауда. Жа­пон­­дық инвесторлардың қаржы­ландыруымен кірпіші қаланған кәсіпорын қазір қаңырап бос тұр. Сондай-ақ жобалық құны 900 миллион теңгені құраған өн­діріс орнына басшылық та бір тұрақтамауда. KazMiya ЖШС қазіргі жетекшісі Гузеля Ба­ха­утдинованың айтуынша, әл­ем­­дік пандемияға байланысты жа­­пондық инвесторлармен бай­ла­нысу қиын болып кетіпті. Сол се­бепті серіктестік зауыт жұмысын карантиннен кейін қолға алмақ. Алайда ол кезде инвесторлар кә­­сіпорынның келешегіне сенім бі­л­­діре ме, әлде жоқ па, ол жағы бел­гісіз. Кәсіпкерлік және ин­дус­три­алды-инновациялық дамы­ту басқармасының басшысы Аспан­дияр Мұраталыұлы бұл тұста да аудан әкімінің жұмысы көрінбей отырғанын айтады. ken orni Мойынқұм ауданындағы «Ер­тай» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің қорғасын-цинк кон­­центратын өндіру жобасының да келешегі баянды көрінген. Ал­айда  2018 жылы іске қосылған өн­діріс орнының өнімі туралы ау­дан әкімдігі осы кезге дейін бір­де-бір  ақпарат  ұсына алмай отыр. Ол түсінікті де шығар. Егер көр­сететін еш нәрсе болмаса, әкімдер «әдемі» сандарды қайдан алсын?
– Жалпы, соңғы жылдары ин­­вес­тициялық жобаларды іске асыру барысында түр­лі  мәселелер орын алып, жоспар­лан­ған көр­сеткіштерге қол жет­кізу мүм­кін­дігі төмендеді. Ин­дус­триал­ды-ин­новациялық даму бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар ара­лығында іске асырылған 31 жо­баның тек 20-сы ғана өз қуат­тылығының 50 пайызынан жоғары нәтиже көр­сет­ті. Ал қалған 11 жоба әртүрлі се­беп­термен жос­парланған қуат­тылықтарының 50 пайызына да жете алмады. Тіпті, тоқтап тұр­ғандары да бар. Кез келген жобаның облыс­тың өнеркәсіп саласындағы үле­сі маңызды. Биылғы 7 ай­дың қорытындысы бойынша, облыс­тың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 278,4 миллиард теңгеге өнім өн­дірілген. Оның ішінде индус­триалды-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясында іске қосылған кәсіпорындармен өндірілген өнім көлемі 9,4 миллиард теңге болса, жалпы өнеркәсіп өнімі көлемі – 3,3 про­цент. Осы тұста айта ке­те­тін жағдай, егер аудан, қала әкім­діктері бағдарлама аясында іске асырылып жатқан жобаларға то­лық талдау жүргізіп, бақылауға ал­ған жағдайда, аудандардағы өн­­ер­кәсіп көлемінің өсуіне үлкен мүм­­кіндік туар еді. Басқарма тарапынан ин­дус­трияландыру картасына тұрақ­ты мониторинг жүргізіледі. Мо­­­ни­торинг нәтижесіне сү­йен­сек, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мер­кі, Жамбыл аудандарының әк­імдіктері тарапынан соңғы 3-4 жылда индустрияландыру кар­­тасы бойынша жұмыс тіптен жоқ. Аудан әкімдіктері саладағы кә­сіпорындардың статистикалық мә­ліметтерімен талдау жүргізумен ғана шектелуде, – деген Аспандияр Мұраталыұлы қызметіне «жүрдім-бардым» қараған әкімдердің атын атап, түрін түстеп берді. 
Мұндай ақпарды естіген аймақ басшысы  Бердібек Сапарбаев ау­дан әкімдерінен жеке-жеке тү­сініктеме алды.  Әкімдер сөзден сү­рінбей, «жыл соңына дейін жос­парды орындаймыз» деген жа­уапты жатқа соқты. Алайда облыс әкімі ондайлармен әңгіме қысқа бо­ла­тынын анық аңғартты.
– Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының кез келген сала бойынша мүмкіндігі мол емес пе? Неге 4 жылдан бері бірде-бір инвестициялық жоба ұсынылмаған. Бос сөзге құрылған ұзын-сонар баяндамаларыңыз кімге керек? Сөзден іске көшетін кез әлдеқашан келді ғой. Ат­ал­ған төрт ауданға жасаған жұ­мыс сапарым барысында әр­қайсыңызға күн тәртібіндегі мә­селе бойынша нақты тапсырма берілді. Ешқандай жұмыс ат­қарылмаған. Облыс әкім­інің орынбасары, аудан әкім­дері тара­пынан бақылау бол­мағаннан ке­йін жұмыстың нә­тижесі қандай болатыны айтпаса да белгілі, – деді өңір басшысы. 
Осылайша, облыс әкімі ба­ғытынан жаңылған жобаларға қа­тысты аудан әкімдерін бір сілкіп алды. Алайда одан нәтиже шығар ма екен? Олай дейтініміз, соңғы 4 жылда бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбаған әкімдер жыл со­ңына дейін тірлікті тіктейді дегенге сену қиын.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы