Осылайша, 1 млрд 171 млн теңгеге былтыр күзде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша басталған көпшілікке көп үміт сыйлаған, спорттан дарынды балаларға жол ашатын спорттық мекеменің құрылысы аяқталар тұста сыр бергені үлкен талқылауға ұшырады. Әзірге түрлі болжам айтылуда. Кейбіреулер адами факторды да жоққа шығармай, құрылыс қаңқасын құрастыру кезінде жұмысшының кесірінен бұранданың дұрыс бұралмауы мүмкін деген күлкілі болжамдар айтуда. Қалай болғанда да облыстағы құрылыс қарқынды деп мақтанғанымызбен, сапа жағынан сыр беріп жататынын жасыруға болмайды. Басқа нысандарды айтпағанда, жыл сайын мыңдаған шаршы метрлеп пайдалануға беріліп жатқан, сапасы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуға тиісті тұрғын үйлерден де айлар өтпестен ши шығатынын жоққа шығара алмаймыз. Бұл жолы да құрылысқа сапасыз материалдардың қолданылуы мен құрастыру барысында жауапсыздыққа жол берілген болуы әбден мүмкін. Құрылыс жұмыстарына Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы жауапты. Алайда осы басқарманың жауапты тұлғалары қираған құрылысқа қатысты қандай да бір пікір білдіре алмайтындарын айтып, бастарын ала қашты.
– Басқарма басшысының орынбасары бастаған жауапты тұлғалардан құрылған комиссия Ұйғыр ауданына аттанды. Әзірге нысан нақты осындай себеппен құлады деп кесіп ештеңе айта алмаймыз. Комиссия оқиғаны жан-жақты тексеріп барып шешім шығарады. Сараптаманың қорытындысын 45 күн күту қажет. Соған сай қорытынды ұйғарым қашан дайын болатыны белгісіз. Шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта Шонжы ауылында құрылыс нысаны тексерістен өтуде, – дейді ондағылар. Ұйғыр ауданының тұрғыны, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнет Керімқұлов: «Бүгін өз көзіммен көру үшін оқиға болған жерге бардым. Неге құлағаны белгісіз. Көктем айларында құрылыс қарқын алып, көпшілікпен бірге қуанған едік. Енді, міне, осындай жағдайға тап болдық. Бір қабырғасы ғана емес, сайттарда жарияланған суреттегідей толық құлаған. Темір тұрмақ, киіз үйді құлататындай да жел болған жоқ. Құрылысы аяқталған соң желтоқсан айында болатын Шонжының құйынды желіне тап болсақ қайтер едік? Ғимаратпен қоса, ішіндегі адамдардың барлығы бақилық болар ма еді» деп отыр. Ал Nege.kz порталына сұхбат берген Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов: «Ертең мамандар келеді, экспертиза жасайды. Түсте бір темірі түсіп кетіпті. Оның өзінде толық түспеген, бір жерінің шатыры ғана құлаған. Қазір анау-мынау деп айта алмаймыз. Жаңа өзім барып көріп келдім ғой. 40х25 болатын бір залының шатыры ғана опырылған» деген еді.Оқыс оқиғаның тіркелуіне нысанды салып жатқан «Лидер НК» құрылыс компаниясының қателігі себеп пе, әлде құрылыс материалдарының сапасыздығынан болды ма? Ол жағын арнайы комиссия анықтай жатар. Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде аймақ басшысы Амандық Баталовтың тапсырмасымен арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, олар спорттық-сауықтыру кешенінің бір бөлігінің құлау себептерін анықтау үшін ауданға аттанып, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан көрінеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов төрағалық ететін комиссия құрамында облыстық құрылыс басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық қадағалау, «Лидер-НК» ЖШС өкілдері бар. Комиссия мүшелері құрылыс нысанының құлау себептерін анықтау және осындай жағдайларды одан әрі болдырмау мақсатында жұмыс жүргізеді. Комиссия жұмысының нәтижесі қосымша жарияланады.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы