Қазақстанның көрші мемлекеттерге шығара алатын тауарлары қандай?
Қазақстанның көрші мемлекеттерге шығара алатын тауарлары қандай?

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан көрші мемлекеттерге саудалай алатын тауарлар тізімін айтты.

«Біз Ресейге бағытталған экспортты 80 тауарлық позицияға дейін арттыра аламыз. Қазақстандық нарықтан Ресейге металл өнеркәсібінің, химия өнеркәсібінің тауарлары, азық-түліктер, уран мен басқа да тауарлар тартымды. Біз оларға 245,6 млн доллардың тауарын тасымалдай аламыз. Сол секілді, Қытайға құны 1,6 млрд долларлық 60 тауар түрін жіберерлік әлеует бар. Атап айтқанда, ол жаққа темір мен болаттың илемделген түрін, жартылай фабрикаттар мен уран, күкірт, бидай, май өнімдерін, кондитерлік өнімдерді шығара аламыз. Одан бөлек, Қытайға біздің елден бұрын апарылмаған оксид, цемент, металдың бөлек түрлері секілді тауардың 30 түрін саудалауға мүмкіндік бар»,– деді Қ.Төребаев.

 Вице-министрдің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер Түрікменстанға құны 123 млн долларға тауардың 40 түрін, Өзбекстанға 210 млн долларлық 70 тауар түрін шығара алады.