Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын заман. 5G технологиясы шыққалы бері ғалам бір қадам алға жылжығандай. ZTE Жапония, Қытай мен Америка секілді бірқатар елде іске қосылды. 2021 жылы еліміздегі үш мегополисте 5G қанат жаяды. Ал ауылды жердегі интернеттің ахуалы қандай? Интернетті былай қойғанда, ұялы байланыс жоқ елді мекеннің ертеңі не болмақ?
Жақында Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ауылда интернетке кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері туралы Үкімет отырысы өтті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 117 қала мен 3 324 елді мекенде кеңжолақты интернет қолжетімді екенін айтты. Оның ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желісі барын қосты. Әңгіме осы жерден басталады. Бәрімізге белгілі, қазір 3G ұстаған жерде көңіліміз толмайды. Енді елестетіп көрейік, Қазақстанда 2G ұялы байланыс желісін қолданатын аймақтар бар. Сондағы мұғалім мен мемлекеттік қызметкердің, мектеп оқушысы мен тұрғынның интернетпен дос емесі белгілі.
Жапония 2012 жылы 2G-ден толығымен бас тартқан. Ұлыбритания, Тайланд, Канада мен Нидерланды кейіндеу қатарға қосылды. Сингапурліктер 100 мың абоненттің 2G қолданатынына қарамастан, өшіріп тастаған. 2017 жылғы Kcell мәліметінше, 49,9 пайыз абонент 2G-ге тіркелген екен.
«Тұрғындарының саны 50-100 адамнан аспайтын шағын ауылдар бар. Осындай елді мекендерде байланыс жоқ. Оларды қаржыландыру керек. Өйткені мұндай жерлерде бәсеке болмайды. Ал 500 және одан да көп азамат тұратын ауыл қаржыландыруды қажет етпейді. Егер мобильді операторларға ауылды дамытуға арналған қаржы жоспарын жасау мүмкіндігі берілсе, елді мекендерді 2-3 жылдың ішінде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға болады». Бұл – Beeline байланыс компаниясы құқықтық мәселелер бойынша директоры Дулат Оразалиновтің айтқаны.
Интернет желісі жоқ кеңістікті елестету қиын. Тіршіліктен мақұрым қалғандай боламыз. Осындайда «ұялы байланыс компанияларының 500-ден астам тұрғыны бар ауылда байланыс орнатамыз» дегені еске түседі. Sn.kz-тің мәліметінше, елімізде 6 561 ауыл бар. Соның ішінде 3,5 мың ауылдың тұрғын саны 500-ден аз. Ал 500-ге тарта елді мекенде жалпы адам саны 50-ге жетпейді. Түптеп келгенде, 4 мыңға жуық ауылды жерде интернет пен байланыс басты мәселеге айналып отыр.
ӘУРЕГЕ САЛҒАН
kundelik.kz
Кейбір ауылда интернет тұрмақ, байланыс нашар. «Терезенің жаны», «қораның төбесі», «көршінің үйі» деген «арнайы орын» әлі бар. Қызылорда өңіріндегі кейбір ауылдар, Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар елді мекенде интернет әлсіз. Бұл біразы ғана. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігінің өтініш бөлімінде түрлі ауыл-аймақты кездестіресіз. Мысалы, Орал қаласы Құс фабрикасы ауданында тұратын азамат әлеуметтік желіге кіре алмайтынын, байланыста ақау барын айтып көмек сұраған. Министрлік ауданда 4G стандартындағы ұялы байланыс сапасының төмен екенін анықтаған. «Қазақтелекомға» Құс фабрикасы ауданына кеңжолақты интернет желісін тартуға арналған жоспарды дайындауға тапсырма берген.
Kundelik.kz шыққалы бері ауыл мұғалімдерінде маза жоқ. Аталған аумақтың ұстаздары ауданға қатынап күнделік толтыруға мәжбүр. Күнделікті уақытында толтырмаса, мектептің рейтингіне әсер етеді-мыс. Рейтингті анықтайтындар алдымен жағдайға қарауды ұмыт қалдырған-ау шамасы. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Жаңатілек ауылы мен Тасарықтың арасы – 30 шақырым. Ахуал екітүрлі. Тасарықта интернет жүйесі нашар. Мұны айтасыз, Өскеменнен 10 шақырым жердегі елді мекенде ұялы байланыс ұстамайды.
Ақнар (аты-жөні өзгертілді) есімді мұғалім Kundelik.kz-тің әуреге салатынын айтады. Жүйенің ұсақ-түйек жұмысы көбіне келіп-кетер пайдасы жоғына налиды. Интернеті жақсы, құрал-жабдықпен толық қамтылған жерде күнделік толтыруға ұмтылыс болатынын жеткізді. Ал шалғайда тұрып, интернет күнделікке баға қою үшін ауданға сандалу жұмысына кедергі келтіретінін алға тартты.
Шығыс Қазақстандағы мектептердің бірінде сабақ беретін Әсел Қ. (аты-жөні өзгертілді) бұрынғы жүйе жақсы екенін жеткізді. Қазіргіде ата-ана бәрін бақылайтыны болмаса, ұстазға артылған кезекті жүктің бірі екенін айтты. Интернеттің нашарлығы, мектептегі компьютерге деген кезек, көршіге, қала берді қаладағы туысқанға күнделік толтыруға қолқа салу қинайды екен. Жүйені жаңалап, өзгеріс енгізбес бұрын, биікті ғана шолып өтпей, төменге назар салуды сұрайды.
Kundelik.kz-ті уақытында толтыру үшін жанталасқан ауылдағы ұстаздар қауымын түсінуге болады. Оқушыға сапалы білім беремін деп барынша тырысқанымен, уақытының көп бөлігін интернет ұстайтын аумақты іздеумен өтіп жатыр. Дегенмен министрлік интернет жүйесін реттейміз дейді.
Біз интернет күнделікті толтыруға қиналамыз. Әлемде интернетке кірмейтін ел барын білесіз бе? Солтүстік Кореяда мобильді интернетті мемлекеттік қызметкерлер, шетелдік фирма өкілдері мен туристер қолдана алады. Мьянма халқының 1 пайызы ғана интернетпен қамтылған. Елге жоғары технология келгеніне 2-3 жыл болыпты. Шығыс Тимордың 0,2 пайыз тұрғынының интернеттен хабары бар. Ал Африкада интернет бағасы қымбат. Сондықтан көпшілігі әлемдік трендтен бейхабар.
ЖАҢА ТЫНЫС
Министрлік ауылды жерлерді кеңжолақты интернетпен қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желісін салуды жоспарлап жатыр.
Бірінші кезең талшықты-оптикалық желі салуға арналады. Жоба нәтижесінде, 1 250 ауылды елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет қосылады. 2019 жылдың аяғына дейін 685, 2020 жылы 509 ауылға интернет желісін орнатады. Екінші кезеңде LTE (4G) мобильді байланыс желісімен 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046, 2021 жылы 1 523 елді мекен интернетпен қамтылады.
Жоба жемісін берсе, 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауылды елді мекен кеңжолақты интернетпен қауышады. Келесі кезекте адам саны 50-ден жоғары 885 ауылға интернет орнату жоспарда тұр. Қорыта келгенде, 2022 жылдың соңына дейін 5 089 ауылды елді мекен ғаламдық тордың құрсауына кіреді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ