Министрліктің көздегені не?
Министрліктің көздегені не?
170
оқылды

Қорғаныс министрлігінің өкіл­дері Мәжіліс төрағасынан қа­таң сөз бен өткір сын естіді. Па­лата спикері Нұрлан Нығ­ма­ту­линнің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды алаңдатқан са­уалға ведомство шенділері ла­йықты жауап қайыра ал­ма­ды. Мәселе соғыс бола қалған жағ­дайда азаматтардың көлік­те­рін әскери мақсаттар үшін тартып алу айналасында өрбіді.

Қалаулылар «Кейбір заңна­ма­лық актілерге жұмылдыру дайын­дығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басын бірінші оқылымда ма­құл­дады. Оған сәйкес, Қорғаныс ми­нистр­лігі жұмылдыру және со­ғыс жағдайы кезінде Қазақ­станда енгізілетін «әскери көліктік міндеттің» тәртібін әзірлеп, оны Үкіметтің бекітуіне енгізеді. Тиісті тәртіп жеке және мемлекеттік ұйым­дар­дың, сондай-ақ қара­пайым азамат­тар­дың көлік құрал­дарын тегіс қамтымақ.

Дегенмен, бұл талаптың өмір­де қалай іске асатыны, оның те­тіктері де­путаттарға да түсініксіз болып отыр. «Әс­кери мақсатқа жұ­мылдырылған кә­сіпкерлер мен азаматтардың автокө­ліктері үшін қалай ақы төленеді?» деп сұрады қалаулылар.

Қорғаныс министрінің бірінші орын­басары – Қазақстан Қарулы Күш­тері Бас штабының бастығы, генерал-майор Мұрат Бектанов тиісті құжат әзірге дайын емесін жеткізді.

– Азаматтардың және кәсіпо­рын­дардың көліктік міндеті бо­йынша арнайы ережелер әзір­лейміз. Бұл мәсе­лені ары қарай қарастырудамыз. Тұтас­тай алған­да, толыққанды көзқарас қазір жоқ. Бірақ осы заң жобасында бізге әскери көліктік міндет ере­желерін әзірлеу бойынша тап­сырма беріліп отыр, – деп қысқа қайырды ол.

– Сонда министрліктің бұл мәселеде төл ұстанымы жоқ па? – деп нақтылады Мәжіліс төрағасы.

– Жұмылдыру құжатына сәй­кес, Қазақстан аумағындағы бар­лық көлік соған қосылады. Олар тіркеуде тұр. Біз оларды әскери қажеттіліктер үшін рекви­зиция­лаймыз, – деді Бас штаб бастығы.

Заң жобасын Мәжілісте қор­ғаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дә­ленов қосымша түсінік­теме бере кетті.

– Қазіргі уақытта бұл салада тиісті ережелер күшінде. Ол Үкі­мет қаулы­сымен 2005 жылы іске қосылған. Ере­желерге сай әскери жағдай енгізілген жағдайда көлік атаулы азаматтардан алып қойы­луы мүмкін. Бұл ретте заңды тұл­ғаларға да, жеке тұлғаларға да бюджет заңнамасы бойынша 60 күн ішінде көліктің толық құны көлемінде өтемақы жасалады. Ал мына заң жобасы арқылы Үкімет­тің аталған ережелерді қайта бекіту өкілеттігі белгіленіп отыр. Біз жаңа ережелерді енді Қорғаныс және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, пысықтаймыз. Соның аясында өтемақы жасаудың нақты тетіктері де, нормативтері де тү­зіледі. Осы ережелер тек әскери-соғыс жағдайында ғана әрекет ететін болады, – деді мемлекеттің бас экономисі Р.Дәленов.

– Бұл бұрыннан қалыптасқан ұс­та­ным көрінеді, 2005 жылғы Үкімет қау­лысымен күшіне енген екен. Ал Қор­ға­ныс министрлігі одан түк білмей отыр. Сол білмеу кесірінен сіздерде қан­­шама бы­лық болып жатыр. «Біз ор­тақ ұс­та­ным қалыптастыратын бо­ла­мыз» дейді мында бізге. Ал ол бая­ғыда-ақ түзіліп қойылған. Оны тек алда заң аясында жүргіземіз. Мұрат Кәрібайұлы, мұны білу керек қой! Сіз білдей бас­тықсыз. Оны білмесеңіз, ертең қоласты­­ңыз­да жұмыс істейтін өзге офи­церлер қайдан біледі?! – деп сөкті Нұрлан Нығматулин.

Бұдан бөлек, мемлекеттік ор­ган­дардың және жекеменшік кә­сіпорын­дардың жұмылдыру тап­сырмалары мен тапсы­рыс­тарды орындауына бақылауды күшейту мәселесі де қызу пі­кірталасқа та­мыздық болды. Осы орайда, мем­лекеттік органдар мен кәсіпо­рын­дарды бақылау тетіктері жеріне жеткізіле жа­зылғанына, ал жеке сек­торға қа­тысты нақты меха­низмдер қа­рас­тырылма­ғанына назар аудартқан палата басшысы мұның дұрыс емесін баса айтты.

Үлгілік келісімшарт әзірлеу жайын сөз еткен Мәжіліс төрағасы ол құжатта бақылау тәртібі жан-жақты айқындалуға тиісін жет­кізді. Келісімшартты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, бекітуі керек.

– Осы құзыретті біз қара­с­тырып отырған заң жобасын­да бе­кіткен жөн, – деп түйген Н.Нығматулин екінші оқы­лымға дейін айтылған мәселелерді пысықтауды жүктеді.

Заң жобасында мемлекеттік ор­гандардың жұмылдыру да­йындығы саласындағы құзы­ре­тінің аражігін ажырату және жұ­мылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұ­мылдыру да­йындығы мен жұмылдыру іс-ша­раларын ұйымдастыру мен өткі­зуді мемлекеттік бақылау құзыре­тін беру көзделеді.