«Алексей Цойдың өзі келіп есеп берсін» – Мәжіліс төрағасы
«Алексей Цойдың өзі келіп есеп берсін» – Мәжіліс төрағасы
Фото: Интернеттен алынды
105
оқылды

Депутаттар Президенттің тапсырмасы орындалмай жатқанынан наразы,– деп хабарлайды КТК.

Сондықтан депутаттар «Мұның себебін Денсаулық сақтау министрі Мәжіліске келіп түсіндіруі тиіс» деп талап қойды. Депутаттардың есебінше, Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Мемлекеттен төлем алуға соның 20 пайызға жетер-жетпесінен өтініш түскен.

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова: «Бес айдан астам уақыт бойы министрліктен министрлікке жауапкершілік аударылып, неліктен мәселе әлі шешілмеген? Жайбасарлықтың салдарынан Президентінің тапсырмасы орындалмайын деп тұр. Жоғарыда аталған проблемалар Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің өзара іс-қимыл алгоритмдерін уақтылы пысықтамауынан туындады деп санаймыз», – деді.

Президент 30 наурызда COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуді тапсырды. Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері індетке шалдыққан. Ал біржолғы әлеуметтік төлем тек 1 830 адам немесе вирус жұқтырғандардың 14,3 пайызына төленген. Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу қарқыны да төмен. Бүгінге дейін коронавирустан 197 медицина қызметкері көз жұмса, министрліктен төлемге тек 38 өтініш түскен. Өтемақыны алғандар саны бар-жоғы – 25, қайтыс болғандардың жалпы санының 13 пайызына да жетпейді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Денсаулық сақтау министрінің (Алексей Цой – ред.) өзі келіп есеп берсін. Президенттің төлемақыға қатысты тапсырмасы жарты жыл бұрын берілді. Дәрігерлер өмірін қатерге тігіп, алғы шепте еңбек етті. Талайы вирус жұқтырды, көбі көз жұмды. Сондықтан министрдің өзі жауап беруге міндетті», – деді.