Даму жолын бетке алған кез келген мемлекет ашық бюджет жүйесін құруға назар аударады. Бізде ондай ниет болғанымен, іске асыруда әттеген-айымыз көп. Мұның салдары халықтың әл-ауқатының төмендеуіне, экономикалық және саяси тұрақсыздыққа ықпал етеді. Қалай дерсіз? Қарапайым мысалды бір отбасы жағдайында айтып көрсек, ерлі-зайыптылар отбасы бюджетіне құйылатын жалақысын, яғни кірісін бір-бірінен жасырса, әрқайсы қалаған затын сатып ала берсе, қолда барды ұқсата алмай, банктен несие алуға құмар болса, ол үйдің балалары тойып тамақ ішпейді, жаңа киім кимейді, баспанасы жөнделмейді, қысқасы әл-ауқаты әлсіреп, тозып кетеді. Егер сол ерлі-зайыптылар табысын ортаға салып, бір бөлігін коммуналдық төлемге жұмсаймыз, бір бөлігіне азық-түлік пен киім-кешек сатып аламыз, бір бөлігін балалардың үйірмесіне төлейміз десе, отбасында береке мен бірлік болады. Мемлекеттік бюджет те осылай ашық болуы керек.
Жоқ қаржы қайдан шықты?
Өткен айда Шамалғандағы теміржол өткелінде қайғылы жағдай болды. Сол кезде оқиғаға кім кінәлі деген сұрақ төтесінен қойылды. Теміржол өткеліне шығып кеткен автобус жүргізушісін, теміржол өткелін жауып тастамаған теміржолшыны, сол өткелдің үстінен көпір салуды ұйымдастырмаған жергілікті билікті, бюджеттен ақша бөлмеген құзырлы орындарды кінәләп жаттық. Ал шынында, бұл оқиғаға бюджет ашықтығын қамтамасыз ете алмағандар кінәлі екенін ұмыттық. Олар кімдер? Олар – халық пен билік. Халық бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын бақылауға құлықсыз, билік бюджет қаржысының әрбір тиыны қайда жұмсалып жатқанын жариялауға жауапсыз. Бұдан кімнің ұтатынын ішіңіз сезіп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сол кездегі басшысы Роман Скляр Шамалған өткеліне көпір салу бюджетке салмақ салатындықтан, салынбай жүргенін айтты. Себебі көпір салу үшін сол маңдағы 70-ке жуық жеке үй мен екі жанармай құю бекетін құлату керек екен. Қайғылы оқиғаға дейін бюджетке салмақ салады деген көпір жобасына қаржы табылды, келесі жылы құрылысы басталмақ. Бұған дейін жоқ деген қаржы қайдан табыла қалды? Жауабы белгілі, бюджетте қаржы бар, тек оны бөлуде олқылық болған. Егер елімізде ашық бюджет жүйесі қалыптасса, Шамалғандағыдай оқиғалар болмайды. Себебі халық аста-төк жиындар мен форумдарға қарастырылған қаржының тозығы жеткен жолдарды жөндеуге жұмсалуын талап етеді. Ал халық неге талап етпей жүр. Өйткені атқарушы билік халыққа бюджет туралы деректерді қолжетімді форматта ұсынбай отыр.
Шетел тәжірибесі қалай?
Шетел тәжірибелеріне сүйенсек, ашық бюджет жүйесін құру аса қиын емес. Бұл орайда, Украинадағы spendings.gov.ua ашық порталының жұмысына назар аударуға болады. Аталған ресурсқа Украинадағы мемлекеттік ұйымдардың транзакциялары бір күн ішінде түсіп тұрады. Украина Қаржы министрлігінің «Ашық қоғамдық бюджеттер» мемлекеттік мекемесінің директоры Олександр Комареустің айтуынша, бүгінгі таңда порталда 43 миллионнан астам құжат бар.
«Порталға 46 мыңнан астам мемлекеттік ұйым тіркелген. Барлық ақпарат қолжетімді, тегін. Кез келген азамат бұл мәліметті алып қолдана алады. Қазірге дейін осы ресурстың ақпаратын пайдалану арқылы 200-ден астам журналистік зерттеу жасалған. Одан бөлек, бізде openbudget ресурсы бар. Бұл ресурста барлық деңгейдегі бюджет ақпараты жарияланады. Қазірге дейін 9 603 жергілікті бюджеттер туралы ақпарат салынған. Ақпарат ашық, тегін, кез келген азаматқа қолжетімді. Шығыстардың тиімділігі өлшенеді. Ақпарат айына бір рет жаңартылады», – дейді ол.
Осыған ұқсас жоба бізде бар, Ашық үкімет (open.egov.kz) деп аталатын жобаны атына заты сай дей алмаймыз. Соның салдарынан, Қазақстан Ашық үкімет индексінде елуліктен аса алмай отыр. Ал Ашық үкімет жобасын тиісті талап деңгейінде жасай алған Грузия аталған индекс бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша 13 елдің ішінде бірінші орында тұр. Бюджет ашықтығы индексінде әлемде бесінші орында. Transparency International Georgia бас аналитигі Гиоргий Топурияның айтуынша, Грузияда саяси партияларды қаржылай қолдау жүйесіне дейін ашықтық қамтамасыз етілген.
«Кез келген партияның сайтына кіріп, қай азамат немесе ұйым қанша қаржы аударғанын көруге болады. Тіпті қаржы аударушы туралы да толық ақпарат біле аласыз. Бір ықпалды партияға 60 мың лари қаржы аударып, бірнеше аптадан кейін үлкен тендер ұтып алған. Оны осы ашық жүйе арқылы білу мүмкін болды. Партияларға берілетін қаржының лимиті бар. Бұл жүйе партиялардың ықпалды топтардың құралы болып кетуінің алдын алады», – дейді ол.
Егер Грузияда тендерге ұсынылған сатып алулардың құны мен жасалған шарттардың арасындағы баға динамикасында алшақтық болса, тендерді жуырда ғана құрылған компания жеңсе, тендерге бір ғана компания қатысса, тендерге қатысушы компания саяси партиялардың доноры болса, яғни сол компанияның директоры немесе акционері соңғы екі жылда саяси партияларға 1 000 лариден артық қаржы аударған болса, ондай компаниядан сақтануға тырысады екен. Мұндай компания туралы деректерді қайдан алады? Грузия заңнамасы бойынша, кез келген тендерге қатысушы компания өзі ұтып алған тендерлердің жалпы санын, қанша тендерге қатысып, оның қаншасын жеңіп алғанын, өзіне қарсылас ретінде тендерге қатысып жүрген үш бәсекелес компанияны, жеңген тендерлердің визуализациясын, ұтып алған тендердің мерзімі мен құнын жариялауға міндетті. Осылайша, бюджет қаржысына тапсырыс орындаушылар туралы мәліметтер жалпы жұртқа қолжетімді болып отыр.
Жалпы, ашықтық саясатын дамыту үшін нендей құралдарға жүгінген жөн? Украинадағы «Эйдос» орталығының бюджет саясаты бөлімінің басшысы Владимир Тарнайдың пікірінше, бұл ретте электронды петицияның көмегі зор.
«Электронды петиция – қоғамдық пікірді сараптау мен анықтаудың ең мықты құралының бірі. Кандидаттар сайлауға түсерде осы ресурстан ақпарат алып, өзінің сайлауалды бағдарламасын әзірлеуге пайдаланады», – дейді.
Украинада бюджет құруға қатысу көрсеткіші жоғары. Сол елдегі 120 муниципалитеттің қатысу бюджетін қолдануы – соның бір мысалы.
«Қатысу бюджеті енгізілген алғашқы жылы білім саласы белсенді болып, бөлінген бюджеттің 90 пайызын алып кеткен. Осыны ескере отырып, кейін әр салаға лимит бекітіп, сол соманың ішінде дауыс беру жолымен бюджет бөлу әдісі енгізілді. Елдегі барлық мектептің бюджеті онлайн интерактив картаға орналастырылған. Кез келген адам бірнеше мектепті салыстырып, толық ақпарат алуына болады. Сол елдің Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңына сәйкес, жобалар туралы ақпарат дауыс беруден интерактивті картаға 20 күн бұрын жарияланады. Тұрғындар 20 күн бойы жобаларды талқылауға қатысады, ұсыныс жасайды, бюджеттің тиімді жұмсалуына ықпал етеді», – дейді В.Тарнай.
Қазақстан үшін бұл әзірге арман ғана. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова орталық және жергілікті деңгейдегі бюджеттің ашықтығын көтеруді қолдайды. Ол үшін халықты жергілікті бюджетті құруға атсалысуға тарту қажет деп санайды. Оның пікірінше, түрлі деңгейдегі шенеуніктер ашықтық принципін, бюджет құрудағы қолжетімділік пен бюджет құруға қатысуды ұсынса, азаматтардың өмірін жақсарту үшін өткізіп жатырмыз деген пайдасыз форумдар көбеймейді. «Бюджет есебінен сыра фестивалі өтіп, кәсіби футболды ұстап тұруға миллиардтар жұмсалмас еді. Ең бастысы, Шамалғандағы теміржол өткеліндегідей жол-көлік апаты болмас еді. Себебі халықтың қауіпсіз теміржол өткелін салу туралы талабы орындалар еді», – дейді депутат.
«Самұрық-Қазынаның» сатып алулары неге жабық?
Ашық бюджет туралы айтқанда, ел экономикасының тең жартысын иемденіп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын айналып өте алмаймыз. Жалпы, бюджет ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте сатып алулар туралы деректер ашық болуы тиіс. Сонымен бірге сатып алулар жеңімпазы әділ бәсеке арқылы анықталуы керек. Осы тұрғыдан алсақ, «Самұрық-Қазынада» ашықтық жетіспейді деуге негіз бар. Себебі қор өткізетін сатып алулардың 85 пайызы бір көзден сатып алу арқылы жүргізіледі. Бұл – бәсекелестікке кедергі. Қордың сатып алу жүйесіндегі қаржы көлемі 5 трлн теңге екенін ескерсек, бұл жылы жауып қоя салатын мәселе емес. Бұл қордың сатып алулары еліміздегі Мемлекеттік сатып алу заңына бағынбайды. Қор сатып алуларын өз Ережесімен жүргізеді. Ал сарапшылар қордың сатып алулары Мемлекеттік сатып алу туралы заңға бағынуы тиіс деп санайды. Өйткені бұл қор да Республикалық бюджеттен ақша алып отыр. Мысалы, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қорға 25 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бюджеттен қаржы алған құрылымның бюджеті ашық болуы тиіс. Ал қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі ашық емес, қор тек сатып алу жоспарларын ғана жариялайды. Сатып алулардың басқа сатылары жабық тұр. Қордың сатып алу жүйесіне қарағанда, Мемлекеттік сатып алу порталында ашықтық басым. Бұл портал – бюджет туралы ақпараттардың қайнар көзі. Ол жерде сатып алу туралы хабарландыруларды, жеткізушілермен жасалған шарттарды, сатып алулар тарихын көруге болады, егер «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізілсе, онда барлық сатып алу бірыңғай жүйеде болады және ақпараттарға қолжетімдік артар еді.
Ал қазіргі таңда қорға қарасты ірі компаниялар бюджеті ашық болмағандықтан, қажет мәліметтерді сұрау салу арқылы білуге тура келеді, ал оған уақыт жұмсау қажет. Бюджет ашықтығы мәселесін көтеріп жүрген Zertteu қоғамдық қоры осындай олқылықтың орнын толтыру үшін Бюджет ашықтығы концепциясын әзірлеуді ұсынады. Концепцияға сәйкес, бюджет құрудағы төрт кезеңдегі жұмыс жария жүруі тиіс.
«Бюджет үдерісі жоспарлау, бекіту, орындау және есеп беруден тұратыны белгілі. Міне осы кезеңнің барлығы ашық болуы тиіс. Бюджет туралы ақпараттар қолжетімді болуы қажет, ол ақпараттар интернеттен іздегенде тез табылуы тиіс. Бюджетті құруға мүдделі тараптар белсенді қатысуы қажет, бұл жерде тұрғындардың белсенділігі маңызды рөл ойнайды», – дейді Zertteu қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Айтенова.
Түйінсөз
Әрине, елде ашық бюджет жүйесін орнықтыруда ештеңе істелмей жатыр деп байбалам салудан аулақпыз. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың таныстырған publicbudget.kz интерактив картасын бюджет ашықтығын қамтамасыз етуге жасалған қадам деуге болады. 2018 жылдың соңында жасалған картада Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік мекемелердің бюджеті жарияланған. Порталға кірген азаматтар өзі қалаған мекеменің бюджет жоспарын, шығындарын көре алады. Аталған жобаны еліміздің барлық аймағына тарату жұмыстары жасалып жатыр екен. Осы тұста ескеретін жайт, интерактивті карта орыс тілінде екен. Мемлекеттік тілді ескермесек, қазақтілді өңірлер үшін картаның құны көк тиын болып қалмақ. Әрі-беріден соң мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі екенін агенттіктің ескермегені таңғалдырарлық. Бюджет ашықтығын қалыптастыруға мүдделі мекеме – Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаментінің директоры Зайфун Ерназарованың айтуынша, министрлік Азаматтық бюджет бойынша нұсқаулық әзірлеген. Ол жерде бюджет деген не деген сұрақтан бастап, осы салаға қатысты көп сұраққа жауап берілген. Бұл азаматтардың бюджет туралы сауатының артып, бюджет процесіне белсенді қатысуына үлес қосады. Алайда мұның барлығы – теңізге құйылған тамшыдай ғана еңбек.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ