Солтүстікке көшіп барғандарға жалақы дұрыс төленбейді – депутат
Солтүстікке көшіп барғандарға жалақы дұрыс төленбейді – депутат
Фото: Интернеттен алынды
146
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударған тұрғындар жиі кездесетін бюрократиялық тосқауылдарды жоюы қажет.

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшіп барғандар көптеген қиындықпен бетпе-бет келеді.

Ол Үкімет отырысында: «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, әлеуметтік бағдарлама өңірлерді дамытудағы теңгерімсіздік мәселесін шешуге оң ықпалын тигізуде. Жұмыс күші тапшы шекаралас өңірлердегі демографиялық ахуал біршама жақсара түсті. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары санының азаю үрдісі әлі жалғасуда. Мәселен, солтүстікқазақстандықтардың саны соңғы 20 жыл ішінде 160 мың адамға кеміп, қазір 548 мың ғана болып отыр. Өңірге көшіп келушілерден көшіп кетушілер көп. Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуалдың күрделілігі айрықша көңіл бөлуді қажет етеді», – деді депутат.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға алдын ала уәде етілген жалақының мөлшері іс жүзінде әлде қайда аз төленетініне жиі шағымданады. Бұған қоса қоныс аударушыларды қабылдау туралы жалған құжат жасап, мемлекет қаржысын жымқыру фактілері әшкереленіп жатыр. Сондықтан ішкі көші-қонға бөлініп жатқан қаражатты қатаң бақылаған жөн. Солтүстікке көшіп келгендерді тұрақты тіркеуге алу проблемасы да түбегейлі шешімін таппаған.