Қос Борис, бір Вацлав және Трамп
Қос Борис, бір Вацлав  және Трамп

Ұлыбритания ХХ ғасыр соңындағы КСРО мен Чехо­сло­вакияның тағдырын қайталауы мүмкін дейді Strategic Europe сарапшылары. Ол кезде осы екі одақтың күйре­ге­нін қазақстандықтар жақсы біледі. Ал британдық үкі­мет басына жақында ғана келген, бірақ импичмент пен тө­сек жанжалына басы шатылып үлгерген Борис Джон­сон Ұлыбританияның ыдырауына әкелген премьер ретін­де тарихта қалуы ғажап емес.

The Sunday Times мәліметінше, ағылшын оппозициясы үкімет бас­шысы Б.Джонсонға қатысты импичмент рәсімін бастап, оны «тақтан тайдыру» мүмкіндігін қа­растыруда. Бұған Ұлыбритания жоғарғы сотының 24 қыркүйек­тегі шешімі түрткі болған: онда пре­мьердің парламент жұмысын 9 қыркүйектен бастап, бес аптаға тоқтата тұру туралы шешімі заң­сыз деп танылды. Судьялар үкі­мінде атап өтілгендей, Джонсон парламенттің жұмыс кестесіне өз­герістер енгізуді мақұлдауын сұ­рағанда II Елизавета патша­йым­ды алдаған. Премьер «бұл үкі­мет­тің заңнамалық күн тәрті­бін жа­ңарту үшін қажет» деп, ресми түр­де дәйектеген. Судьялар «шы­нын­да, үкімет басшысы осы арқы­лы депутаттардың мәмілесіз Брек­сит­ке кедергі жасау мүм­кін­ді­гін шектеді» деген тоқтамға келді.

Сол себепті импичмент тура­лы бастама алда Қауымдар пала­тасына ұсынылады деп күтілуде. Егер парламенттің төменгі пала­тасы оны жақтап дауыс берсе, Джонсонның үстінен сот бастал­мақ. CNN дерегінше, дауыс беру Борис Джонсонның қызметіне сенімсіздік білдірумен аяқталса, оны премьер лауазымында бас­тапқыда Лейбористер партия­сының лидері Джереми Корбин алмастырады.

Бір қызығы, The Economist са­рапшылары Ұлыбританияның іс басындағы премьерінің тағ­дыры импичмент қаупі төнген, төсек жанжалынан құтыла алмай жүрген АҚШ президенті Дональд Трамптікіне ұқсас екеніне назар аудартады. Журнал авторлары «қос мұңлыққа» Twitterdum және Twaddledee (Твитляля мен Треп­лоло) деген бүркеншік ат ойлап тапты. Бұл жерде Льюис Кэррол­лдың Tweedledum және Tweedledee (кеңес кезінде Труляля және Траляля деп аударылған) кейіпкерлерінің есімдері негізге алынып отыр.

Twaddle – мылжың, езбе деген сөз. Борис Джонсонға мұндай лақап аттың таңылуы Брексит мәселесінің созбалаңға салынып кетуімен байланысты болуда. Қыркүйек айының басында «Англия банкі» парламентке Джонсон ілгерілетіп жатқан Еуроодақтан шығу келісімсіз сценарийі жүзеге асса, оның эко­номикаға қандай соққы болатыны туралы жаңартылған талдауын жіберді. Оған сәйкес, Ұлыбри­тания ЖІӨ-сі 8%-ға құлауы, жұмыссыздық 7,5%-ға, инфляция 6,5%-ға жетуі ықтимал. Бұл ин­весторларды үркітері сөзсіз. Сон­дықтан биржа талдаушыларының бағалауынша, инвесторлар келі­сімсіз Брекситке жол бермейтін шешімдерге ғана оң үн қатуда. Дегенмен ары қарай да Брекситтің қалай жүретіні белгісіз.

Өйткені Борис Джонсонның бағасы қаншалықты қымбатқа түссе де, Ұлыбританияның тәуел­сіздігін тезірек бекемдеп, Еу­роодақты тастап шығуға деген ұмтылысы салмақты тосқа­уыл­дарға кезікті. Парламенттегі бірінші дауыс беруде британдық атқарушы биліктің басшысы басым дауыс жинай алмай, беті қайтты: мұндай оқиға патшалықта 1894 жылдан бері болмапты. Нәтижесінде, депутаттар үкіметке 31 қазанда «еш мәмілесіз Еу­ропалық одақтан шығуға» ты­йым салды. Масқара болғанда, Б.Джон­сонға билеуші консерва­торлар арасынан 21 депутат та қарсы шығыпты. «Бүлікшілер» дереу партия қатарынан қуылды. Салдарынан Қауымдар палата­сында көпшілік дауыс жинау үшін енді премьерге 40 дауыс жетіс­пейді.

Депутаттар пікірінше, үкімет Еуроодақтан шығу мәмілеле­рін 19 қазанға дейін бекітуді, бол­маса, Брюссельден Брекситті 2020 жыл­ғы қаңтарға дейін қал­дыруды сұрауы тиіс.

Алайда референдум кезінде ЕО-дан шығуды жақтап дауыс берген ағылшын жұртшылығы тәуелсіздікті қайтару рәсімінің әріге ысырылуын қаламайды. Бұл ретте Ұлыбритания құрамындағы Шотландия керісінше ЕО-дан шыққысы келеді. Шотландықтар арасында Брексит жүзеге асқан­нан кейін Ұлыбритания король­дігі құрамынан кетіп, Еуропалық одаққа жеке мүше болу идеясы өркен жаюда.

Strategic Europe КСРО мен Чехословакияның ыдырауында Борис Ельцин пен Вацлав Клаус­тың қандай рөл атқарғанына тоқ­тала келе, бұл одақтардың күй­ре­уіне билеуші ұлттар – Кеңес Ода­ғындағы орыстар мен Чехо­словакиядағы чехтардың соған қарсы болмай, қайта жақтауы ықпал етті дейді. Қазір болса, ЕО-дан тәуелсіздік алу жолында ағыл­шындарды және Б.Джонсон се­кілді басшыларды, тіпті Шот­ландияның кету қаупі де тай­салт­пай отыр. «Шотландия эко­но­ми­касы тым шағын. Брекситімізге қарсы болса, олардың Біріккен корольдіктен кетуіне біз де қарсы емеспіз» деген Консервативтік партияға жақын тұлғаның сөзін келтіреді Strategic Europe.

Экс-премьер Гордон Браун да жақында Guardian-да жариялан­ған мақаласында тәуелсіздікті жақтайтын шотландиялық Ұлт­тық партияның күш алғанын ескерте келе, Англияда билеуші консерваторлардың Шотлан­дия­ның «ажырасуына» оң көзбен қарайтынына екпін түсіреді.

Рас, 2014 жылы шотландықтар азаттыққа қарсы дауыс берген. Бірақ онда Брексит туралы сөз болмады. Демек, Шотландия осы жолы бөлініп шықса, жаңа за­манда тағы бір державаның ыды­рауы басталмақ.