Ұлыбритания ХХ ғасыр соңындағы КСРО мен Чехословакияның тағдырын қайталауы мүмкін дейді Strategic Europe сарапшылары. Ол кезде осы екі одақтың күйрегенін қазақстандықтар жақсы біледі. Ал британдық үкімет басына жақында ғана келген, бірақ импичмент пен төсек жанжалына басы шатылып үлгерген Борис Джонсон Ұлыбританияның ыдырауына әкелген премьер ретінде тарихта қалуы ғажап емес.
The Sunday Times мәліметінше, ағылшын оппозициясы үкімет басшысы Б.Джонсонға қатысты импичмент рәсімін бастап, оны «тақтан тайдыру» мүмкіндігін қарастыруда. Бұған Ұлыбритания жоғарғы сотының 24 қыркүйектегі шешімі түрткі болған: онда премьердің парламент жұмысын 9 қыркүйектен бастап, бес аптаға тоқтата тұру туралы шешімі заңсыз деп танылды. Судьялар үкімінде атап өтілгендей, Джонсон парламенттің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуді мақұлдауын сұрағанда II Елизавета патшайымды алдаған. Премьер «бұл үкіметтің заңнамалық күн тәртібін жаңарту үшін қажет» деп, ресми түрде дәйектеген. Судьялар «шынында, үкімет басшысы осы арқылы депутаттардың мәмілесіз Брекситке кедергі жасау мүмкіндігін шектеді» деген тоқтамға келді.
Сол себепті импичмент туралы бастама алда Қауымдар палатасына ұсынылады деп күтілуде. Егер парламенттің төменгі палатасы оны жақтап дауыс берсе, Джонсонның үстінен сот басталмақ. CNN дерегінше, дауыс беру Борис Джонсонның қызметіне сенімсіздік білдірумен аяқталса, оны премьер лауазымында бастапқыда Лейбористер партиясының лидері Джереми Корбин алмастырады.
Бір қызығы, The Economist сарапшылары Ұлыбританияның іс басындағы премьерінің тағдыры импичмент қаупі төнген, төсек жанжалынан құтыла алмай жүрген АҚШ президенті Дональд Трамптікіне ұқсас екеніне назар аудартады. Журнал авторлары «қос мұңлыққа» Twitterdum және Twaddledee (Твитляля мен Треплоло) деген бүркеншік ат ойлап тапты. Бұл жерде Льюис Кэрроллдың Tweedledum және Tweedledee (кеңес кезінде Труляля және Траляля деп аударылған) кейіпкерлерінің есімдері негізге алынып отыр.
Twaddle – мылжың, езбе деген сөз. Борис Джонсонға мұндай лақап аттың таңылуы Брексит мәселесінің созбалаңға салынып кетуімен байланысты болуда. Қыркүйек айының басында «Англия банкі» парламентке Джонсон ілгерілетіп жатқан Еуроодақтан шығу келісімсіз сценарийі жүзеге асса, оның экономикаға қандай соққы болатыны туралы жаңартылған талдауын жіберді. Оған сәйкес, Ұлыбритания ЖІӨ-сі 8%-ға құлауы, жұмыссыздық 7,5%-ға, инфляция 6,5%-ға жетуі ықтимал. Бұл инвесторларды үркітері сөзсіз. Сондықтан биржа талдаушыларының бағалауынша, инвесторлар келісімсіз Брекситке жол бермейтін шешімдерге ғана оң үн қатуда. Дегенмен ары қарай да Брекситтің қалай жүретіні белгісіз.
Өйткені Борис Джонсонның бағасы қаншалықты қымбатқа түссе де, Ұлыбританияның тәуелсіздігін тезірек бекемдеп, Еуроодақты тастап шығуға деген ұмтылысы салмақты тосқауылдарға кезікті. Парламенттегі бірінші дауыс беруде британдық атқарушы биліктің басшысы басым дауыс жинай алмай, беті қайтты: мұндай оқиға патшалықта 1894 жылдан бері болмапты. Нәтижесінде, депутаттар үкіметке 31 қазанда «еш мәмілесіз Еуропалық одақтан шығуға» тыйым салды. Масқара болғанда, Б.Джонсонға билеуші консерваторлар арасынан 21 депутат та қарсы шығыпты. «Бүлікшілер» дереу партия қатарынан қуылды. Салдарынан Қауымдар палатасында көпшілік дауыс жинау үшін енді премьерге 40 дауыс жетіспейді.
Депутаттар пікірінше, үкімет Еуроодақтан шығу мәмілелерін 19 қазанға дейін бекітуді, болмаса, Брюссельден Брекситті 2020 жылғы қаңтарға дейін қалдыруды сұрауы тиіс.
Алайда референдум кезінде ЕО-дан шығуды жақтап дауыс берген ағылшын жұртшылығы тәуелсіздікті қайтару рәсімінің әріге ысырылуын қаламайды. Бұл ретте Ұлыбритания құрамындағы Шотландия керісінше ЕО-дан шыққысы келеді. Шотландықтар арасында Брексит жүзеге асқаннан кейін Ұлыбритания корольдігі құрамынан кетіп, Еуропалық одаққа жеке мүше болу идеясы өркен жаюда.
Strategic Europe КСРО мен Чехословакияның ыдырауында Борис Ельцин пен Вацлав Клаустың қандай рөл атқарғанына тоқтала келе, бұл одақтардың күйреуіне билеуші ұлттар – Кеңес Одағындағы орыстар мен Чехословакиядағы чехтардың соған қарсы болмай, қайта жақтауы ықпал етті дейді. Қазір болса, ЕО-дан тәуелсіздік алу жолында ағылшындарды және Б.Джонсон секілді басшыларды, тіпті Шотландияның кету қаупі де тайсалтпай отыр. «Шотландия экономикасы тым шағын. Брекситімізге қарсы болса, олардың Біріккен корольдіктен кетуіне біз де қарсы емеспіз» деген Консервативтік партияға жақын тұлғаның сөзін келтіреді Strategic Europe.
Экс-премьер Гордон Браун да жақында Guardian-да жарияланған мақаласында тәуелсіздікті жақтайтын шотландиялық Ұлттық партияның күш алғанын ескерте келе, Англияда билеуші консерваторлардың Шотландияның «ажырасуына» оң көзбен қарайтынына екпін түсіреді.
Рас, 2014 жылы шотландықтар азаттыққа қарсы дауыс берген. Бірақ онда Брексит туралы сөз болмады. Демек, Шотландия осы жолы бөлініп шықса, жаңа заманда тағы бір державаның ыдырауы басталмақ.