Ілияс жазған «жұмбақтар»
Ілияс жазған «жұмбақтар»
434
оқылды

Қазақтың дүлдүл ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгірұлының 125 жылдық мерейтойы аясында Алматы облысы әкімі А.Баталовтың қолдауымен, Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы облыстық өкілдігі халықаралық «Ілияс ізімен...» ғылыми-танымдық экспе­дициясын ұйымдас­тыр­ды. Ақын мұрасын іздеу, жинастыру барысымен Мәскеу, Петербор қалаларына бардық. Санкт-Петербор қаласындағы Ресей Ұлттық кітапханасының Халықтар әдебиеті бөлімінің сирек кітаптар қорымен жұмыс істеп, сөз зергерінің «Жұмбақ» деген кітабын таптық. Құлагер ақын 44 жылдық қысқа ғұмы­рын­да қырық кітап шығарып кеткен-ді. Сол қырық кітаптың оннан астамы елде жоқ, табылмаған кітаптар бола­тын. Міне, сондай көп күттірген, жоғалған қазына саналатын сағынтқан кітаптың бірін тауып, мәре-сәре болып отырмыз. Ендігі сөз осы кітап турасында.

1930 жылы «Қазақстан» баспа­сы­нан ақын Ілияс Жансүгірұлының «Жұмбақ» деп аталатын балаларға арналған кітабы жарық көрген. Суретті шешуімен түрлі-түсті басы­лып шыққан бұл балалар кіта­бы Казиздат басқармасының ар­найы тапсырысымен жазыл­ға­нын білетінбіз. Бірақ кітаптың өзі қолы­мызға түспеген еді. 2018 жыл­дың сәуір-мамыр айында Алма­тыдағы Орталық мемлекеттік архиві қорындағы Ілияс атамыздың жеке құжаттарымен танысқаны­мыз­да, Казиздаттың хатын көрген­біз. 1928 жылы Казиздаттың мең­ге­­рушісі Ф.Оликов Ілиясқа хат жаз­ған. Хатта: «Казиздат обра­щается к Вам с просьбой, не може­те ли Вы написать детские книги – пьесы для детей младшего, среднего возраста и юношества из казахской жизни, особенно из эпизодов пастушеской жизни (эксплуатация байством детского труда), школьной жизни, из эпизодов гражданской войны и т.д. Если Вы изьявите свое согласие, не откажитесь ответить, чтобы мы могли заключить с Вами договор» деп ақынға ұсыныс білдіріпті (ҚР ОМА, қор – 1368, тізім – 3, іс – 66). Бұған дейін де балалар әдебиетінің қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосып, «Сыйлық» (1928), «Бала­ларға тарту» (1928) кітаптарын шығарған, кенже қалған саланың болашағына алаңдап, мәселе көтерген ақын бұл ұсынысты бірден қабылдап, «Жұмбақ» деген кітабын жазыпты. «Жұмбақтан» соң ақынның «Одақ», «Шәркей», «Малта», «Мектеп», «Маяк» сияқ­ты балаларға арналған кітап­тары бірінен соң бірі басылып, оқушы қолына жеткен.

Қолымызға түскен «Жұмбақ» кітабы үш бөлімнен бас құраған екен. «Үй сайманы» деп аталған бірінші бөлімде бесік, жастық, киіз үй, киіз үй жабдықтары, ине, жіп пен оймақ, қазан туралы жұмбақтар бар. Мәселен, «Бесік» туралы жұмбақ:

Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты,

Дөңгелек екі басы ай сияқты.

Төрт есік, мәткесі бар, уығы жоқ,

Үзік жоқ, туырлық жоқ, түндігі жоқ,

Құс төсек, мамық жастық

                                      біреу жатыр

Көңілі уайымсыз жай сияқты.

Ал «Жастық» деген жұмбақтың мазмұны төмендегідей:

Аяғы жоқ,

Қолы жоқ,

Көйлегі көк,

Қарны тоқ.

Әр жұмбақтың мәтіні берілген тұста жауабы суретпен бейнелен­ген. Ақын жұмбақты жасыру үшін балаға ұлттық таным тұрғысынан жол көрсетеді. Бұл жұмбақтар 5-7 жастағы балалар үшін арнайы жазыл­ған. Ең алдымен, балаға өзінің күнделікті көрген, білген, ұстаған нәрселері туралы жазып, оның санасына ұлт, ұлттық құн­ды­лық туралы ұғымдарды сіңірген. Бір қызығы – Ілияс жазған жұм­бақ­тардың бәрі поэтикалық көр­кемдеу, суретті бейнелеу арқы­лы шебер жасалған. Мысалы, жауабы «Киіз үй» болатын суретті жұмбақ­та ақын:

Алыста бір қара тұр көресің бе?

Жаны жоқ қимылдауға денесінде.

Сүйегі ішіндегі бақша-бақша,

Бар екен жалғыз көзі денесінде.

Қараңызшы, қандай әсерлі, тосын әрі қызық ой. Ал «Кереге» ту­ралы былай деген: «Жетпіс кем­пір жер тістеп тұр». Қарап тұр­са­ңыз, әрбір жұмбақ ұлттық таным тұр­ғысынан алыстамаған. «Кем­пір», «жер», «көз» дегендей сөздер­дің бәрі – әр қазақ баласына таныс ұғымдар. «Ине», «Оймақ» туралы жұмбақтардағы ой былай өрбіген:

Бір шұқырда

Мың шұқыр,

немесе:

Дүниеде бір шебер құрт,

Сүйреткені жіп.

Осы күндері біз қолда­нып жүр­ген «Қара сиырым қарап тұр, қы­зыл сиырым жалап тұр», «Тептім терекке, шықтым биікке», «Айда­ла­­да ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау», «Көруге көркем, ұстауға қор­­қам. Жалт-жұлт етеді, жалмап кете­ді», «Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқ­­та, сөйлейді шежіредей адам соқ­­са» деген секілді тағы басқа жұм­­­­­бақтардың авторы осы Ілияс екен.

«Жаратылыс құбылысы» деп аталатын екінші бөлімде су, сиыр, қой, ешкі, бұзау, лақ, түйе, өрмек­ші, құмырсқа, тышқан, жылан секіл­ді жәндіктер мен жануарлар туралы жұмбақтар берілген. ХХ ғасырдың басындағы балалар алты жасында мектепке барып, бірден әріп танып кетпегені белгілі. Оқу-білімнің ауылы алыста болған соң, сол заманның ұрпақтары тек мұ­сыл­­манша сауат танып, иман, дін қағидаларын меңгерген. Бастап­қы­да Ілиястың өзі де солай білім алды. Тек 1910-1911 жылдары Қа­ра­­ғаш қаласындағы Маман, Тұ­рыс­бек балалары ашқан «Мама­ния» мекте­бінде оқып, Орынбор, Қазан, Уфа, Стамбұл, Каир оқу орындарын тамамдап келген ағарту­­­шылардың тәлімін көріп, өркениетті елдердің классикалық білім беру бағдарлама­сы бойынша дүние ілімін игерген. Ұлттық уыз­ды баланың бойына сіңіру үшін ақын шығармашылығын халық қазы­насы – фольклор, қазақ­тың бай ауыз әдебиетінің үлгілерімен жа­нас­­тырып, ұштастыр­ған. Оның әр­­­бір жұмбағынан халық дәстүрі мен тіршілігінің көрінісін көруге болады.

Ілияс жазған өлеңді жұмбақтар көлемі жағынан шағын әрі жинақы, ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан. Жұп-жұмыр, шымыр әрі аз сөзбен көп нәр­сені білдіруге бейім. Образбен өрілген, мета­форалық тәсілмен бейне­лен­ген. Ақын шығарған жұмбақтардың мәні сол – халықтың тұрмысы мен салты, табиғат құбылыстары мен шаруашылыққа қатысты заттар арқылы қоғамдық лексиканы байыт­қаны. Ақынның жұмбақтары оқушысының тұспалдап айтылған сипаттаманы ойша елестетуге, кес­кін­деуге және сыңар бейнені зер­де­леуге көп мүмкіндік береді. Қыс­­қаша айт­қан­да, баланың логи­ка­лық ойлау қабілетін арт­тырады. Мә­селен, «Ешкі» туралы жұм­бақ­та:

Сақалы бар,

Ақылы жоқ, – деп ой жасы­рады. Осы жұмбақтың компо­зициялық құрылымы да қызық. Сол за­ман­дағы бала­лар жан-жан­уар мен та­би­­ғат әле­мі­нен басқа не көрді? Не ғылым, не техни­ка, не прогресс дамыған, қа­раң­ғылық бұлты торлаған сауат­сыз­дық жайлаған заман болатын. Таби­ғатты, қоршаған ортаны көріп өскен баланың мына жұмбақты бірден табатыны сол. Айтылған әрбір ойда нәрсенің түр-түсі, қимы­лы, көлемі сияқты сипатта­ма­лары бар. Осы бөлімдегі «Аласа ғана бойы бар, айналдыра киген тоны бар», «Төсек астында төрт бауырсақ», «Жол үстінде үйлі қайыс» немесе «Ши түбінде майлы қайыс» деген сияқты жұмбақтар бізге бала күннен таныс, әбден жұрт санасына орныққан жасырын сөз­дер еді ғой. Демек, Ілиястың өзі өлсе де, сөзі өлмеді деген осы.

Ілияс Жансүгірұлы 1937 жыл­дың қанды қырғынына іліккенде, Қазақстанда оның барлық әдеби-ғылыми мұрасы түгелімен өртеліп, газет-журналға шыққандары қиы­лып кеткен. Репрессиядан жеті жыл бұрын ерте шыққан және бес мың дана таралыммен тараған бұл кітап қолдан-қолға өткен, жұрт ынтығып оқыған. Сол құмарлана, қызыға оқыған аталарымыздың айт­қан әңгімелері арқылы ұрпақ­тан-ұрпаққа жетіп, ауыздан-ауызға тарап, халықтың мұрасына айна­лып кеткен. «Халық жауы» атанып, атылып кеткен ақынның бүкіл сөз мәйегі, ой жаңалығы авторлығынан айырылып, фольклорлық сипат алып, әлеумет қолданысына енген.

Үшінші бөлім «Құрал-сайман» деп аталыпты. Бұл бөлімге арба, тара­зы, сағат, есепшот, электр жа­ры­ғы, дөңгелек, балта, балға деген сияқты тұрмыс-тіршілікке қатыс­ты заттар туралы жұмбақтар кірген. «Таразы» туралы жұмбақты өрнек­ке алайық:

Бар екен бір патша қалмақ бетті,

Көріпті қатын алмай

                             қырық пер­зент­­ті.

Бар екен немересі тоқсан алты,

Қақ жарған қара қылды әділетті. «Арба» туралы жұмбақты кө-
рейік:

Ізі бар адымы жоқ аяғының,

Тимейді ұшы жерге таяғының.

Хайуанға екі аяғын арта салып,

Салады әуезіне баяғының.

Мысалдарды осылай ретімен келтіре беруге болады. Байқасаңыз, әр жұмбақтың мазмұны бірінен бірі өтеді. Бәрінің желісі халық өмірінен алынған.

Экспедиция барысында Ре­сейдің кітапханалары мен архив­терінен табылған кітаптар, құжат­тар бүгінгі әліпбиімізге аударылып, алдағы уақытта жеке кітап ретінде басылып, оқырманға жол тартатын болады. Ал түпнұс­қаларының электронды нұсқа­ларын Қазақ ұлттық электронды кітапхана­сының қорына орна­ластыратын боламыз. Кез келген оқырманның емін-еркін оқуына ыңғайлы, қолжетімді болсын әрі төл тарихы­мыздың қайнар бұлағы­мен таныса жүрсін деген ниет.

Елдос ТОҚТАРБАЙ