Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында жаға ұстатар жағдай орын алды. Көгершін ауылының тұрғыны 5 жасар баласын 6 жасөспірім бала зорлағаны туралы арызданған. Бұл туралы aikyn.kz тілшісіне зардап шеккен баланың жақындары жеткізді.
Айтуға ауыз бармайтын арсыздықтың құрбанына айналған баласына араша сұраған ана қазір мектеп басшылығы тарапынан қылмысты жасыру үшін пара ұсынылып жатқанын айтады.
Анасы бала күтімімен отырғандықтан бізге сексуалдық сипатта зорлық көрді деген баланың әпкесімен тілдесудің сәті түсті.
Ал Ақтоған орта мектебінің директоры Орындық Рысқұлова болса бәрін жоққа шығаруда. – Бала оқиға болды деген күннің ертесіне сабаққа келді. Біз жағдайды содан кейін біліп отырмыз. Медицина мамандары келіп, баланы тексергенде қасында болдық. Олар сексуалдық сипаттағы ешқандай белгінің жоқтығын айтты. Жалпы бұлар бір аулада ойнап жүрген балалар ғой. Күдікке алынып отырған алты баланың бірі сол күні қалаға кетіп қалса, екіншісі мүлде үйінен шықпаған. Сондықтан олар жәбір көрді делінген баланың анасына барып не үшін кешірім сұраймыз деп отыр. 12 жасар баланың пышақ ұстап жүрген видеосы осыдан 2 ай бұрын түсірілген. Оған қоса ол ойыншық пластмасса пышақ. Оның бәрін біз анықтап отырмыз. Ал орынбасарым зорлық көрді деген баланың анасына ақша ұсынды дегенге келер болсақ, ол күні барлық орынбасарларым жұмыс орнында отырды. Видеода ақша ұсынып тұрған адамның түрі көрінбегендіктен бұл дәлел емес. Негізі бұл отбасында 7 бала бар. Мектеп тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп отырамыз. Оқиға болды деген күннің тұсынды арызданушы ана көршісімен ұрысып қалған екен. Бұл содан туып отырған әңгіме ма деген де күдігіміз бар, – дейді мектеп директоры. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова болса, қылмыстық істің қозғалғанын растап отыр. – Т.Рысқұлов ауданында көршісінің баласы тарапынан кәмелетке толмаған ұлына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті қолданылғаны туралы ауыл тұрғынынан полицияға арыз түскен. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті сараптама тағайындалды, – дейді баспасөз хатшы. Қалай дегенде де сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны анық болып тұр. Енді оқиғаның мән-жайы тексеруден кейін белгілі болмақ.Негізі 5 жасар баланың сексуалдық сипаттағы зорлық көргенін сыртта сығалап тұрған ауылдың екі баласы айтып қойған. Олардың сөзі жазылған видеоны да арызданушалар қолдарында ұстап отыр. Сондай-ақ жәбір көрген 5 жасар бала да анасына бар шындықты жасырмай айтқан видеосы да жазулы тұр екен. Бір сөзбен айтқанда арызданушылар қолдарында барлық дәлелдің барын айтады.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы