23 қыркүйек күні Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы пневмонияға шалдыққандардың нақты статистикасын жариялаған еді. 1-23 қыркүйек аралығындағы статистика бойынша, Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Шығыста – 4 382 адам, Нұр-Сұлтанда – 3 845, Алматы қаласы – 3 072, Қостанайда – 2 815, Қарағандыда – 2 101, Павлодарда – 1 877, Атырауда – 1 392, Алматы облысында – 1 530, Жамбыл облысында – 1 747, Түркістан облысында – 1 472, Ақтөбе облысында – 1 281 адам. Министрлік елде эпидемиологиялық ахуал тұрақты дегенімен, пневмонияға шалдыққандар саны артқан секілді. Статистика құбылып тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов болса, пневмонияның күшеймегенін, көрсеткіштер тұрақты екенін айтады.
«Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин: «Емделгеннен кейін денсаулыққа ерекше қарау керек. Бұл ретте респираторлық ауруларды жұқтырмауға тырысу керек. Иммундық жүйе назарда болғаны жөн. Жақын адамдар мен туыстардың өміріне алаңдау, экономикалық саладағы үрей, үйреншікті өмір сүру режимінің күрт өзгеруі – осының барлығы соңғы бірнеше айда адамдарды айтарлықтай өзгертті. Адамдар көңілсіз жүрсе, аталған вирусқа және басқа да кез келген ауруға шалдығу мүмкіндігі артады. Ал кез келген ауру ағзаны әлсірететінін ескерсек, оған коронавирус қосылса, науқас адамға қиын болады. Сондықтан да көтеріңкі көңіл күйде жүріп, қолды жиі жуып отыру тәртібін ұстанған жөн» деген пікірде. Ғалым жаңадан келген індеттен ешкімнің сақтандырылмағанын, соған қарамастан медицина жетістіктері арқасында, аурудың басым бөлігі бақылауда тұрғанын айтады. «Карантинді тоқтату – эпидемияның аяқталғанын білдірмейтінін түсіну керек. Әзірге індетке қатысты жағдай бұдан кейін қалай болатыны белгісіз», – дейді ғалым. Ал дәрігерлер күз кезінде пневмонияның күшеюі қалыпты жағдай деген пікірде. Дәрігер Алмаз Шарманның айтуынша, COVID-19 эпидемиясына көптеген фактор әсер етеді. «Олардың бірі – маусымдық. Күз бен қыс айларында инфекцияның асқынып кететінін ешкім де жоққа шығармайды. Мәселен, солтүстік жарты шардағы елдерде ең төмен көрсеткіш тамыз айында байқалғанымен, керісінше ақпан айында жоғарылауы мүмкін деген қауіп бар. Ал біздің елімізде тамыздың соңынан ақпан айының басына дейін инфекция күшеюі мүмкін деген болжам айтылуда, – дейді. Күз айларында екінші толқынның басталуына себеп болатын нәрсе – адамдар эпидемия аяқталды деп ойлайды, өйткені оның саны азайғанын көріп отыр. Сондықтан «адамдар немқұрайды бола бастайды, жиі араласады, бетперде киюді тоқтатады», – дейді дәрігер Алмаз Шарман. Керісінше, мұның бәрі өсімді көбейтетіні анық. «Ең бірінші кезекте дұрыс тамақтанып, дұрыс режим ұстанған жөн. Одан кейін кез келген адам анализ тапсырып, қан құрамын тексерткені дұрыс. Сол кезде ғана пневмонияның белгілері бар ма, жоқ па, нақты анықтай алады», – дейді дәрігер-иммунолог Мағжан Зиябек. Дәрігерлер тұрақты витамин ішіп жүрген адамдардың көпшілігі вирус жұқтырудан сақтана алатынын айтады. Мағжан Зиябек: «Ағзаға қажетті витаминдер қабылдап отырған адам көп ауыра бермейді. Тұрақты витаминдер тұтынатын адамдарда иммунитет өз жұмысын дұрыс атқарады. Соның арқасында кез келген вирустан сақтана алады», – дейді.Адамды қорғауда басты рөлді оның иммундық жүйесі атқарады. Оның негізгі қызметі – ағзаның генетикалық даралығын сақтау. Сондықтан кез келген инфекцияға қарсы тұру үшін иммундық жүйені қалыптастыру керек. Сонда ғана індетті оңай жеңе аламыз. Әрі оқшаулануды да ұмытпаған ләзім. Арақашықтықты ұстанып, бетперде тағып жүрсе, дерттен сақтанудың мүмкіндігі бар. Дәрігер Алмаз Шарман: «Әр адам мұқият болуы керек және өзін, отбасын қорғай білуі тиіс. Үйден тыс жерде үнемі бетперде киіп жүру керек, басқа адамдармен мүмкіндігінше тығыз байланыста болудан аулақ болған жөн» екенін айтып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, қазір коронавирус инфекциясынан 3 611 адам ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 36 жеткіншек бар. Стационарда 1 897 науқас болса, 1 714 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы, науқастардың арасында 100 адамның халі нашар. 19 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.