Шымкенттен түйнеме дерті шықты
Шымкенттен түйнеме дерті шықты
139
оқылды
Биыл алғаш рет тіркеуге алы­нып отырған бұл жағдай Шым­кенттегі Абай ауданына қа­расты Тельман бөлімшесінің тұрғын­дарынан анықталған. Олар Түр­кістан облысы Сайрам ауданы ау­мағында өздерінің жеке шаруа қо­жалығында ірі қара мал бағып,  бор­дақылап сатумен айналысқан. Ағайын­ды­лар қолдарына бөртпелер шы­ғып кет­кен соң алғашында жеке кли­ника­ға жүгінген. Мұндағылар жара жұқ­палы болуы мүмкін деп, Шымкент қаласындағы жұқ­палы аурулар ау­руханасына жі­берген. Ауруханада  дә­рігер-инфекционистер науқастарға  түй­неме диагнозын қойып, тез ара­-да ем-шараны бастайды. 19 және 33 жастағы науқастардың ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауыр болыпты. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған тиісті емінің арқасында бүгінде олардың жағдайы жақсарып қалған. Тіпті, біреуі ауруханадан құлан-таза айығып шығып отыр. Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаменті баспасөз қыз­меті­нің хабарлауынша, дәрігер-инфекционистер консилиум өткізіп, науқастарға «сибирская язва, кожная форма» диагнозын қойған. «Ошақта індеттің алдын алу мақсатында тиісті эпидемиологиялық, эпизоотологиялық  алдын алу іс-ша­расы жүргізілді. Қарым-қа­тынаста болған 21 адам анық­талып, барлығы 14 күн меди­циналық бақылауға алын­ды. Ол­ар­дың арасында ауру белгілері анық­талғандар жоқ және ешкім ден­­саулығына шағымданбаған. Со­нымен қатар ошақта қайталанған жағ­дайлар тіркелген жоқ, «сібір жа­расы» ауруының алдын алу шара­лары туралы түсіндіру жұмыстары  жүргiзiлдi», – дейді департамент өкілі. Тексеру аясында мал фермасы­нан ауырған мал да кезікпеген. Екін­ші нау­қас та таяу күндері ауру­ханадан шы­­ғады деп күтілуде. Айта кетейік, Шымкент қа­ла­сында өткен жылы түйнеме жұқ­тырған бір дерек тіркелген болатын.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы