Биыл алғаш рет тіркеуге алынып отырған бұл жағдай Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Тельман бөлімшесінің тұрғындарынан анықталған. Олар Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағында өздерінің жеке шаруа қожалығында ірі қара мал бағып, бордақылап сатумен айналысқан. Ағайындылар қолдарына бөртпелер шығып кеткен соң алғашында жеке клиникаға жүгінген. Мұндағылар жара жұқпалы болуы мүмкін деп, Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жіберген. Ауруханада дәрігер-инфекционистер науқастарға түйнеме диагнозын қойып, тез ара-да ем-шараны бастайды. 19 және 33 жастағы науқастардың ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауыр болыпты. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған тиісті емінің арқасында бүгінде олардың жағдайы жақсарып қалған. Тіпті, біреуі ауруханадан құлан-таза айығып шығып отыр. Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігер-инфекционистер консилиум өткізіп, науқастарға «сибирская язва, кожная форма» диагнозын қойған. «Ошақта індеттің алдын алу мақсатында тиісті эпидемиологиялық, эпизоотологиялық алдын алу іс-шарасы жүргізілді. Қарым-қатынаста болған 21 адам анықталып, барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынды. Олардың арасында ауру белгілері анықталғандар жоқ және ешкім денсаулығына шағымданбаған. Сонымен қатар ошақта қайталанған жағдайлар тіркелген жоқ, «сібір жарасы» ауруының алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргiзiлдi», – дейді департамент өкілі. Тексеру аясында мал фермасынан ауырған мал да кезікпеген. Екінші науқас та таяу күндері ауруханадан шығады деп күтілуде. Айта кетейік, Шымкент қаласында өткен жылы түйнеме жұқтырған бір дерек тіркелген болатын.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы