Басты мақсат – Қазақстанның халық жазушысы, әлем оқырманына танымал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын талдау арқылы бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әлемдік мәдениет көшіне ілесу, ең бастысы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету. Арнайы заңғар жазушының туған топырағы Арал ауданында өткен шараның ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов «Бүгін мінеки, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жазушы шығармашылығына терең үңіліп, «Соңғы парыз» романын талдау арқылы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету көзделіп отыр. Ендеше ойы орамды, тілі жүйрік, сөз мәйегінің семсерін сілтеп, қарымды қаламгер-жазушының шығармашылығын талдауға келген барша дебат қатысушыларына сәттілік, шалқар шабыт тілеймін!» деп ізгі ниетін білдірді. Облыстық сайысқа Қызылорда, Арал, Қазалы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының ұстаздарынан құралған жеті топ қатысты. Сайыстың әділқазылар құрамында: аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Әбдіқалықова, «Рухани қазына» бөлімінің басшысы С.Қосанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Қ.Есемсейітова және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева мен «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, халықаралық тренер М.Омарова болды. Дебат барысында әр топ шығарма желісіндегі оқиғалар легін «жақтаушы» және «даттаушы» негізде қарастырып, романдағы көріністерді жік-жігімен талдап, ойларын ортаға салды. Дебат барысында әр ұстаз өн бойындағы дара қасиеттері мен білімі арқылы оқушылардың белсенді азаматтық болмысын, тұлғалық қасиетін қалыптастыра алатын деңгейде екенін дәлелдеп шықты. Осылайша, төрт сағатты қамтыған сайыс қорытындысына сәйкес, I орын – Шиелі ауданының тобына, II орын қасиет тұнған Арал ауданының тобына бұйырды. Ал Қазалы ауданының қатысушылары III орыннан көрінді. Бұған қоса, сайысқа белсене қатысқан мұғалімдерге түрлі марапат пен алғысхат табыс етілді. Арал ауданында Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша облыстық дебат өткізілді. Аудан әкімдігінің және аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген дебат аясында «Ә.Нұрпейісовтің шығармалары арқылы оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру тәжірибемізден» атты көрме ұйымдастырылған болатын. Аталған көрмеге облыстық шараға қатысушы командалар белсене қатысып, өз көрме бұрыштарын таныстырып өтті. Көрме сайысының қорытындысы бойынша, I орынды – Арал ауданы, II орынды – Қазалы ауданы және III орынды Жалағаш ауданы иеленді.
Миуа БАЙНАЗАР