Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында жазушы Дидахмет Әшімханұлына ескерткіш қойылды. Биыл жазушының туғанына – 70 жыл. Атаулы мерейтойы туған жерінде өтті. Жазушының ұлы Дәулет Әшімхан әке рухын асқақтатып бірнеше шара ұйымдастырды. Енді туған жердің төрінде қасқайып қазақтың Дидағасы отыр.
2015 жылы 64 жасында дүниеден озған жазушы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған Д.Әшімханұлы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» (1975–1976), «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған. Кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») (1978–1980), «Қазақ әдебиеті» (1980–1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992–1994) газетінде бас редактордың орынбасары, 1994 жылы халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.