Атырауда перинатальды орталықтың бірнеше қызметкері күдікке ілінді
Атырауда перинатальды орталықтың бірнеше қызметкері күдікке ілінді

Атырауда перинатальды орталықтың бірнеше қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қатысты іске қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында агенттік төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла мәлімдеді.

«Атырау облыстық перинатальды орталықтың бірнеше лауазымды қызметкерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергелуіне ерекше тоқталып өтсем деймін. Аталған орталық басшысы өзінің бағыныштыларына сот-медициналық сараптама институты филиалының басшылығына 300 мың теңге пара бергізуге итермелеген. Осылайша, тергеу нұсқасына сәйкес, н әрестенің өліміне қатысты дәрігердің қателігі болмады деген сараптама қорытындысын алу көзделген»,– деді Шыңғыс Қабдолла.

Сонымен бірге, ол жоғары лауазымын пайдаланып, демеушіліктен келген 1,5 млн теңгені өз пайдасына жаратқан.

«Дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша шетелдік іссапардың қажеттілігі үшін жеке компаниядан ақша сұралған. Компания директорынан алған қаражатты аурухана басшысы өз мақсатына жаратып, шетелде демалып келген»,– деді Ш.Қабдолла.

Бұған дейін Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы жаңа туған баланы өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазғанбыз.