Мәртебеңіз – төмен, құқығыңыз – шектеулі. Мерекеңізбен, мұғалім!
Мәртебеңіз – төмен,  құқығыңыз – шектеулі. Мерекеңізбен, мұғалім!
135
оқылды

Білім беру саласында қорда­лан­ған мәселе өте көп. Салынбаған мек­теп, мектепке сыймаған бала, иге­рілмеген ақшаны айтпағанда, мұ­ғалімдерді қағазбастылықтан құт­қаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы ор­та білімнің сапасы алшақтап бара жат­қанын атап өтті. Оған себеп – ауыл­дық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Расында да, білікті педагог жетіспейтін қо­ғам­да мұғалім мәртебесі туралы әң­гіме қозғаудың өзі артық. Соңғы 15-20 жылда қалыптасып үлгерген қа­саң пікірдің түп-төркіні қайда жа­тыр? Жыл сайын жалақысын кө­те­ріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағ­дайдың оңалуымен шешеміз де­ген шешімнің маңызы бар ма?

Бүгінде ұстаздардың айлығы са­тылап өсіп келеді. Дегенмен ең­бе­кақы базалық лауазымдық жалақы ар­қылы есептеледі. Сондықтан көп­шілігі қаражатының көбейгенін аса сезіне қоймайды. Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы елі­міз­дегі орташа жалақыдан 25 пайыз тө­мен. Германияда мұғалімнің бір ай­лық жалақысы – 4 мың евро, ал Қы­тайда – 1 мың доллар. Футбол ко­­­­мандасының ойыншысы одан он, жиырма есе көп табады. Балаға бі­лім бергеннен гөрі, доп қуалауды дұрыс көрсе, оған кім кінәлі?! Жас ма­мандарды қызметтік пәтермен бір­ден қамтамасыз ету керек. Бұл да ма­мандыққа деген қызығушылықты оя­тудың бір жолы.

Екіншіден, осы еңбекақының аз­дығы мектеп бітірушілердің таң­дауы­на өз ықпалын тигізіп отыр. Жа­лақысы жанбағысына жетпейтін ма­мандықты өздері беделді деп са­найтын мамандықтарға қолы жетпей қал­ғандары ғана таңдайды. Олардың қа­тарында ер-азаматтар жағы, тіпті аз. Статистикаға сенсек, еліміздегі ор­та мектептерде сабақ беретін 300 мың­нан астам мұғалімнің 87 пайызы – әйел ұстаздар.

Үшіншіден, педагогикалық ба­ғыт­та жоғары білім алатын сту­­­денттердің 90 пайыздан аста­мы ақылы оқу топ­тарында оқи­­­­тындықтан, олар­дың мектепке ба­рып сабақ беруі мін­деттелмейді.

Төртіншіден, мұғалім қоғамның қолбаласына айналды. Еліміздегі қоғамдық-саяси науқанға, тазалық жұмыстарына, халық санағы және басқа да шаралар оларсыз өтпейді. Жоғары басшылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уа­қыт таппайды. Бұған олардың қап­таған қағазды толтырып беретін есе­бін тағы қосыңыз...

Бұл тізімді тоқтатпасақ, тізгінін тартқызбайды.

Бұл мәселелерге елеңдеген елдің қара­сы көбейіп, қоғам болып қолға ала бастаған тұста Білім және ғылым министрлігі оны «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасымен шешуге шешім шығарды. Күні кеше қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бас­таған бір топ мұғалімдер қауымы осы заң жобасының 5-бабына қар­сылық білдірді. Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-бабының 2-тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласын-дағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазыл­ған. Қоғам белсендісі, арда­гер ұстаз Өмір Шыныбекұлы мұны «ұстаз­дардың аузына қақпақ болу» деп есептейді. Өйткені сол баптың 4-тар­мағында «Ант мәтінін және пе­дагогтардың оны қабылдау тәр-
тібін білім беру саласындағы уәкілетті ор­ган бекітеді» делінген.

Мұғалім мәртебесін көтереміз де­ген желеумен, оның құқығын шек­теу қаншалықты дұрыс? Бәлкім, ұстаз­дарға деген көзқарас алдымен мем­лекеттік деңгейде өзгеруі керек шы­ғар?!

Балтық жағалауындағы Латвия Республикасын алайық. Бүгінде ол – ел әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. 1991 жылы өзі­н­ің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін білім беру, денсаулық сақтау сала­ларын ғана мемлекет құзырында қал­дырып, өзге салалар бойынша же­ке секторды дамытуға мүмкіндік бер­ді. Біздің мемлекетіміз де саналы түр­де білім беруді «болашаққа ин­вестиция құятын сала» деп есептеп, то­лықтай өз қамқорлығына алуы ке­рек.

Сонда ғана бұл саланың та­мы­­рына қан жүгіріп, сең қоз­ға­лады.