Мемлекеттен 730 млн теңге жымқырған
Мемлекеттен 730 млн теңге жымқырған
166
оқылды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қа­зақ­стан Президенті жанындағы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржының тиімді пай­­далану мәселесі талқыланды. Ұлттық эко­номика министрлігінің, Респуб­ли­­ка­лық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитетінің, Бас прокура­тура­ның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Өңірлерде мемлекеттік бағдарламаны жү­зеге асыру барысында тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы және ауызсумен қам­тамасыз ету саласында сыбайлас жем­қорлыққа қатысты жоғары тәуекелдер бар екені анықталды.

Атап айтқанда, прокуратура органдары еліміздің алты өңірі бойынша қаржы жым­қыру және мақсатсыз жұмсау фак­ті­лері бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік қаражаттың ысырап болғанын анықтаған, одан мем­лекетке 730 млн теңге көлемінде зардап кел­ген. Осы фактілер бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, 267 млн теңге қайтарылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі 2017 жылдан бастап сы­байлас жемқорлық бойынша 145 қылмысты анықтады, қылмыс жасағаны үшін 78 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 59-ы сотталды. Мемлекетке келтірген 931,9 млн теңге зардап сомасының 907,6 млн теңгесі қайтарылды.

Бағдарламаны іске асыру кезеңі бойын­ша Қаржы министрлігіне қарас­ты Қаржы мониторингі комитеті эконо­микалық тергеу қызметінің өндірісінде 33 қылмыстық іс қараған.

Қаржы министрлігінің Ішкі мемле­кеттік аудит комитеті 10 лауазымды тұлға­ны құқықбұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке, 22 тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Процестік ше­шім қабылдау мақсатында құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 5,7 млрд теңгені құрайтын 24 іс жіберілді.

2019 жылы камералық бақылау жал­пы сомасы 42,8 млрд теңгені құрай­тын мемлекеттік сатып алудың 45 проце­дурасын қамтып, жалпы сомасы 39,1 млрд теңгені құрайтын 42 процедура бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу жағдайлары анықтал-ды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, Мемлекеттік хатшы құқық бұзу­шылыққа жол берген себептерді жоюға және олардың алдын алуға бағыт­талған нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекетке тигізген зардапты өтеу мәселесіне де ерекше назар аудар­ды.

Сонымен қатар комиссия мемлекеттік бағдарламаны ары қарай іске асыру үшін және Мемлекет басшысының тап­­­­сырмаларын орындау барысында сы­бай­лас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған нақты ұсыныстар дайындап, тиісті мемлекеттік органдарға жіберді.