Ауылда туып-өскендіктен, кейде ақ түтінін будақтатып, пеш жағып жатқан үйдің жанынан өте қалсақ, бір мезетке кідіріп, осы көрініске тамсана қарап, ауаны құшырлана сіміріп, туған жерді сағына еске алатын кез болады. Бірақ жатаған үйлердің түтіні заңғар ғимараттармен үйлеспейді екен.
Пештердің, қалалық жылу-электр орталығының және көшедегі қаптаған көліктің түтінін аспанға мойынсұнған алып ғимараттар далаға жібермей ұстап қалып, оны ағылшындар smoke (түтін) және fog (тұман) сөздерінен құрап, smog атаған аса улы қоспаға айналдырады.
Күн суып, ызғар үстемдік ете бастаған бір жеті ішінде елордалықтар улы түтінге қақалып жатыр. Түнге қарай Нұр-Сұлтан тұрғындары терезені аша алмайтын күйге жетеді. Өйткені үй іші таза ауаға емес, күлімсі иіске толады.
«Қазгидрометтің» бақылауынша, иіс-қоңыс әсіресе, кешкі және түнгі уақытта нормадан асып кетеді.
«Атап айтқанда, осы аптада Нұр-Сұлтан қаласында №5 автоматты бекеттің мәліметі бойынша Тұран даңғылы, орталық құтқару станциясы аумағында ауадағы азот диоксиді шекті жол берілетін шоғырлану (ШЖШ) нормасынан 1,1-1,6 есеге асып кетуінің 5 жағдайы болды, ең жоғарғы мөлшері 2 қазанда тіркелді», – деп мәлім етті синоптиктер.
Мұны аз десеңіз, мамандар қалада «РМ-10 өлшенген бөлшектері» деп атайтын денсаулыққа зиянды заттың да қалыптағыдан 1,1-3,5 есеге ұлғаюының 21 дерегін тіркеген. Шырқау шегі
3 қазанға тура келіпті.
Мұның сыртында, «РМ-2,5 өлшенген бөлшектер» дегені де ШЖШ-дан 1,3-6,1 есе жоғары болуының 37 жағдайы байқалды.
«Шектен шығулар» елорданың әр бөлігінде тіркелуде. Мәселен, осы аптада №10 автоматты бекет Алматы ауданындағы Қ.Мұңайтпасов көшесі жақта көміртегі оксидінің шекті жол берілетін шоғырлану нормасынан бір емес, 13 рет 1,1-1,8 есеге артқанын тіркепті.
Бұл ретте біз жайдан-жай Нұр-Сұлтан қаласын ғана мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Бас қала болғасын әрі 2017 жылы «жасыл» технологиялар тақырыбында жаһандық көрме өткізгендіктен, астана өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Әйтпесе, елордадай ашық далада емес, тау қоршауында орналасқан Алматының немесе ірі тау-кен металлургиялық және басқа саладағы зауыт-кәсіпорындарының алып мұржаларынан ақшулан бұлттай «лақ-лақ төгілген» улы түтінге қақалған қалаларымыздың жағдайы бұдан да нашар екені сөзсіз.
«Қазгидрометтің» қоршаған ортаны қорғау үшін құрылған Экология министрлігіне емес, жер қойнауын игеріп, табыс қылуға бағдарланған Энергетика министрлігіне қарайтыны да сарапшылар тарапынан сынға тамызық болып жүр.
Қалай болғанда, «Қазгидромет» Нұр-Сұлтан қаласындағы атмосфералық ауаның жай-күйіне зерттеу жүргізе келе, қалалықтар қапқан улы түтіннің сонша алаңдарлық еместігі жөнінде байламға келіпті: «Жалпы қала бойынша жоғары және экстремальді жоғары ластану жағдайлары тіркелген жоқ». Түсіндіре кетер болсақ, қазір синоптиктер улы заттар шекті жол берілетін шоғырлану нормадан 10 есе асқан кезде ғана «жоғары ластану» деп бағалайтын көрінеді. Ал олар дабыл қағып, «экстремалды-жоғары ластануды» жариялауы үшін зиянды заттар ШЖШ-дан 20 есеге артуы тиіс екен.
Жалпы, астанадағы атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі 10 бекетте, оның ішінде 6 автоматты бекетте және 4 қол күшімен сынама алу бекеттерінде жүргізіледі.
Синоптиктер болжамынша, алдағы күндері де жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі: «Әлсіз жел байқалады, ал бұл ауадағы ластаушы заттардың жиналуына ықпал етуі мүмкін».
Негізі, қала ауасын «Сарыарқа» магистральді құбырымен Қызылорда жақтан елордаға «көгілдір газды» жеткізу арқылы тазарту күтілді. Алайда қазір анықталғандай, ол құбыр жүйесіне қосылып, таза газдың игілігін көру үшін пеш жағатын әр отбасы 200 мың теңгедей шығын шығаруы қажет. Тапқан табысы тамағы мен киіміне әзер жететін, жетпей қалғанда тұтынушылық несие рәсімдеуге жүгіретін адамдар үшін бұл сома көтере алмайтын ауыртпалық, еңсере алмайтын асу болса керек. Демек, жергілікті билікке немесе тіпті Үкіметке қарапайым халықтың өз үйін газ құбыры жүйесіне қосуына қаржылай көмектесу бағдарламасын әзірлеуге тура келуі де мүмкін.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының шешімінің жобасы қызығушылық тудырады.
«Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған орта сапасының 2019-2022 жылдарға арналған нысаналы көрсеткіштерін бекіту туралы» деп аталатын құжат арқылы жергілікті мәслихат депутаттары елорданың қоршаған орта сапасының алдағы үш жылға арналған нысаналы көрсеткіштерін бекітпек.
Оған жүгінсек, қоршаған орта сапасы келешекте де қазіргіден көп өзгермейді. Мәселен, I қауіптілік санатындағы ластаушы заттардың атмосфераға шығарылуы 2019 жылы 72,444 мың тонна болса, алдағы жылда 65,438 мың тоннаға кемиді, ал 2021 және 2022 жылдары 62,8 мың тонна көлемінде қалмақ.
Осылайша, астана жыл сайын айналасын улайтын 100 мың тоннадан астам қауіпті затқа бөгіп жатпақ.
Әзірге қала әкімдігі бұған еш түсініктеме бермейді. Тек «Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері» жобасына 2019 жылғы 20 наурызда мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы алынғанын хабарлады.