Кәсіподақтардың осы сайлау науқанына қатысуы Кәсіподақтар федерациясы мен «Nur Otan» партиясы арасындағы меморандумды жүзеге асырудың сенімді жалғасы. Партияішілік праймериз Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын ескерсек, кәсіподақ белсенділерінің мұндай саяси науқанға қатысуы – кәсіподақ қозғалысы тарихындағы жаңа кезең. Ел тарихында бірінші рет өткізіліп отырған «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға 2,7 мың кәсіподақ белсенділері өтініш білдірді. Оффлайн режимінде ұйымдастырылған кездесуге еліміздің аймақтарындағы праймериздің 60-қа жуық қатысушылары, сондай-ақ Кәсіподақ федерациясы орталық аппаратының өкілдері: Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешев, КФ Халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы Шерзот Пулатов, YNTYMAQ салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жанабеков, Қазақстандық салалық білімі және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Әлия Әбиева және эколог Лаура Мәлік қатысты. Жиынды ашқан Сатыбалды Дәулеталин алдымен праймеризге қатысушыларды құттықтай отырып, кәсіподақ белсенділерінің сайлау процестеріне қатысуы кәсіподақ қозғалысының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. – Сіздердің праймеризге қатысуларыңыз арқылы партия сайлаушылары-партияластардың назарын ең маңызды қозғаушы күш – еңбек адамына, оның өзекті проблемаларына аудару өте маңызды. Сіздердің сайлауалды бағдарламаларыңыз, менің ойымша, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер мен олардың шешімдерін қамтыған, бұл еңбек құндылықтарын насихаттаудың бір түрі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында еңбектің біздің күнделікті өміріміздегі және жалпы қоғамның дамуындағы маңызы туралы ерекше атап өтті, – деді төраға. Оның айтуынша, кәсіподақ белсенділерінің праймеризге қатысуы және жеңіске жетуі кәсіподақтардың қарапайым мүшелері – кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері үшін маңызды. Өйткені кәсіподақ қозғалысы өкілдерінің заң шығарушы органдарда болуы кәсіподақтардың жұмыскердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты жалақы мәселелерін шешу және олар үшін қауіпсіз жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін заңдарды қабылдауға тікелей әсер етуіне мүмкіндік береді. Осы міндеттер мен оларды жүзеге асырудың жолдары Федерацияның 2 қыркүйекте өткен КФ-ның кезекті 26-съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында көрініс тапқан болатын. Стратегияда аталған мақсаттарға жетудің құралдары анықталды. Олар: тиімді әлеуметтік әріптестікті дамыту, жалақы мәселелерін шешу, жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау, кәсіподақ пен еңбек заңнамаларын жетілдіру. Zoom онлайн бейнеконференция платформасы арқылы кездесуге қатысқан өңірлердегі праймеризге қатысушы үміткерлер мен кәсіподақ белсенділері өз тәжірибелерімен бөлісіп, сайлауалды тұғырнамадағы негізгі басымдықтарды талқылады.
Әбілмансұр ЖАСАН