Аманбаев бостандыққа шықты ма?
Аманбаев бостандыққа шықты ма?
105
оқылды
2015 жылдың қысында Алматы қаласында ұзақ жылдар бойы мем­лекеттік органдардағы лауа­зым­ды тұлғалар, оның ішінде қаржы поли­циясының бұрынғы қызмет­кер­лерінің қолдау көрсетуі арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топтың әшкере бол­ғаны туралы хабар тарады. Олар 2012-2014 жылдар аралығында 20 кәсіпорын құрып, төленбеген салық түрінде 14 миллиард көле­мінде шығын келтірді деп айып­талған еді. Осы іс бойынша 36 адам сотқа тартылған. Солардың ара­сында Алматы қалалық қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевтың да аты аталды. Тергеу ұзаққа созылды. Сот үкімі 2017 жылы ғана шықты. Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кеңшілік Әбделдинов қазылық еткен сот процесі ТА-18 тергеу абақтысында өтті. Әмірхан Аман­баев мүлкі тәркілене отырып, 14 жылға бас бостандығынан айы­рылды, өмір бойына мемле­кеттік қызметте жұмыс істеу құқы­ғынан айырылды. Жазасын қатаң тәртіп­тегі түзеу колониясында өтейтін болды. «Құрмет» және екінші дәре­желі «Даңқ» орденінен айы­рылды. Аманбаевқа Қылмыстық ко­декстің 6 бабы бойынша айып та­ғылған еді: заңсыз іс-әрекеттерге көмек көрсету, мемлекеттік функ­цияларды атқару үшін өтірік уәкі­летті адам жасау, өзінің қызметін асыра пайдалана отырып, қыл­мыс­тық ұйым құру немесе басшылық ету, қылмыстық жолмен алынған қаржыны немесе басқа да мүліктерді заңдастыру, қызметін асыра пайда­ланып, ауыр қылмыстар жасау, кө­лемді түрде пара алу. Бірақ ол сот кезінде кінәсін мойындамады, керісінше офицердің ар-намысын бәрінен де жоғары қоятынын, сол үшін күресетінін мәлімдеген.
«Шындық түптің түбінде ашы­лады. Ал бүгінгі күні не айтып, не ойластырғандар болса, солардың ұятына сын болсын. Мен түрмеден қорықпаймын. Бас бостан­ды­ғымнан айырады деп те қорық­паймын. Мен үшін ар бәрінен жоғары. Қанша шығындалып, қанша жыл ғұмырымды сарп қыл­сам да, күресетін боламын. Мен енді осыны кім жасаса, сонымен күресемін», – деген еді.
Оның адвокаты Сәлімжан Мусин де сот шешімімен келіс­пейтінін мәлімдеген.
«Менің қорғауымдағы айып­талушы ешкімге тікелей тапсырма берген жоқ және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген дәлел жоқ. Біз қаржы полициясындағы қауіпсіздік қызметінің өкілдерінен сұрадық. Олар сол құзырлы органға жауапты. Егер де қандай да бір құқықбұзушылық болса, олар соны бірінші байқайтын еді. Үкімге шағым түсіреміз», – деген болатын.
Ал биыл шілде айында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының Аманбаевтың жаза мерзімін 14 жылдан 5 жыл 6 айға азайтқаны туралы ақпарат тарады. Жоғарғы соттың баспасөз қыз­­­метінің дерегіне сүйенсек, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы айыптардың басым бөлігінің ешқандай дәлелі жоқ деп санап, күшін жойған. «Қызмет бабын теріс пайдаланғаны» үшін айыпты деген бөлігін ғана күшінде қалдырып, сол үшін бес жыл алты айға түрме жазасын кесті. Біздің есебіміз бойынша, Аманбаевтың іс қозғалған кезде қамауға алынған 2015 жылдың наурыз айынан есептесек, 5 жыл 6 ай мерзім шыға келеді. Демек, оның жазасын өтеп шығу мерзімі осы айға дөп түседі. Алайда сот үкімін оқыған судья Кеңшілік Әбделдинов Аман­баевтың «жазаны өтеу уақыты 2016 жылдың 28 қарашасынан бастап есептелетінін» айтқан еді. Осы жай­ды анықтап алу үшін Ә.Аман­баевтың қорғаушысы болған Сә­лімжан Мусинге хабарластық. Ол біздің сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Ал Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің өкілі «Аманбаевтың босап шыққаны рас па?» деген сұрақтың жауабын Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен білеті­німізді жеткізді. Ол комитетке де хабарластық. Комитеттің баспасөз қызметі комитет база­сында Әмірхан Аманбаевтың жоқ екенін ғана растай алатынын айтты. Басқа сұрақ Жоғарғы сотқа бағытталуы тиіс екенін ескертті. Сондықтан Аманбаевтың бостандыққа шық­қаны туралы жазба жариялаған үкі­меттік емес ұйымның өзіне қоңы­рау шалдық. ҮЕҰ жетекшісінің орынбасары жазба авторының бізге міндетті түрде хабарласатынын айт­ты... Алайда ешкім хабарласпады. Біздің болжам бойынша, Аман­баев бостандыққа шыққан. Біздің айтпағымыз – оның бос­тандыққа шыққаны немесе шық­пағаны да емес. Бізді бұл мәселеде айыптаушы тараптың 6 баптың 5-не дәлел келтіре алмауы болып отыр. Бұл құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура, тергеу ісі, сот жүйесінің біліксіздігін көрсетпей ме? Қорғаушы Бауыржан Азановтың айтуынша, бұл дерек айыптаушы тараптың біліксіздігін көрсетеді.
«Сот үкімін оқымағандықтан, баға бере алмаймын. Қылмыстық материалдармен де таныс емеспін. Ал егер жалпылама айтсам, Жо­ғарғы соттың қылмыстық істер жө­ніндегі сот алқасы 6 баптың бе­сеуіне дәлел жеткіліксіз болған десе, онда бұл кезінде тергеу жүр­гізгендер мен айыптаушылардың күдіктіні қаралағаны болып шы­ғады. Бұл құқық қорғау органдарының сауат­сыздығы мен жауапсыздығын, тә­жірибесінің жеткіліксіздігін көр­сетеді. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарында біліктілігі төмен мамандар бар. Мұндай іске тергеуші де, прокурор да өте жауап­ты қарауы керек», – дейді ол.
Әрине, ел арасында Аман­баевтың кландар арасындағы қақтығыстың құрбаны болғаны айтылады. Олай болса, судья сот үкімін қысым арқылы шығаруы мүмкін бе? Бірақ біз бұл сұрақтың да жауабын біле алмаймыз. Себебі Ә.Аманбаевқа сот үкімін шығарған Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауда­наралық сотының судьясы Кең­шілік Әбделдинов биыл шілде айының соңында пневмониядан көз жұмды.
Ә.Аманбаев бостандыққа шық­қан соң, өзін 6 баппен абақтыға жапқандарды жауапкершілікке де тарта алмайды екен. Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, ол үшін айыпталған адам толығымен ақ­талуы керек. «Ал бұл жағдай басқа. Жоғарғы соттың сот алқасы 6 бап­тың біреуін күшінде қалдырып, сол бап үшін 5 жыл 6 айға жаза кес­кен», – дейді.
Біз «Аманбаев ісін» мақаламызға шартты түрде алып отырмыз. Бұл іс туралы материалдар бірнеше сұрақ­тың туындауына себеп болды. Бі­рін­шіден, біздің елде ашықтық жоқ. Бір адамның абақтыдан шыққанын анықтау кәдімгідей қиындық ту­ғызады. Жоғарғы сот пен Қыл­мыстық атқару жүйесі комитеті сұрақтың жауабын ашық әрі то­лықтырып беруге құлықсыз. Бұл жөнге келетін мәселе. Ал 6 баптың бесеуіне нақты айғақ ұсына алмау – құқық қорғау саласы үшін үлкен сын.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ