Қазақ халқын маймылға теңеген Божко "кешіріммен" құтылып кете ме? 174-баптың күші қандай?
Қазақ халқын маймылға теңеген Божко "кешіріммен" құтылып кете ме? 174-баптың күші қандай?
161
оқылды
«Қазақстан Ресейге қосылуы керек, орыстілді қауым шетқақпай көріп жатыр» деп жұртты шулатып жүретін Ермек Тайшыбековтің жайы белгілі. Бірінші рет 2015 жылы «ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, төрт жылға бас бос­тандығынан айырылған. Ол кезде Тайшыбековтің үстінен ұлт пат­риоттарының өтініші негізінде қылмыстық іс қозғалған. Блогер 2017 жылы мерзімінен бұрын түр­меден босады. Саяси көз­қарастары үшін Тайшыбековті «арандатушы», «Қазақстан тәуел­сіздігіне қарсы адам» деп са­най­тындар бар. Оның мәлімдемелері депутаттар мен қоғам белсенділерінің наразылығын ту­ғызған. Жақында YouTube әлеуметтік желісінде украиналық блогермен сұхбаттасқан Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Божко халыққа қасақана тіл тигізіп, қазақтарды маймылға, қазақ тілін маймыл тіліне теңеді. Оған сұхбат жүргізіп отырған блогердің өзі ашуланып, «Ұлы қазақ халқына алғыс айтуың керек!» деп әлгіні ақылға шақырды. Алайда сепа­ратистік пиғылын жайып салған «бесінші колонна» мүшесі дегенінен қайтпады.

Құзырлы орындар оны ізін суытпай тауып алған сияқты. Ертеңінде тағы бір видеосы тарап кетті. Аптығы басылып, жүні жы­ғылып қалған Кирилл Божко қазақ халқынан кешірім сұрап, өзінің удай мас болғанын айтып ақталып отыр. Бұл өзі бір жаман тенденцияға ай­налған тәрізді. Солтүстікке қарап ұлитын кейбір диаспора өкілдері ойына келгенін айтады да, артынан «жаздым, жаңылдым» деп құтылып кетеді.

Құқық қорғау органдары көп жағдайда қатаң шара қолданбайды. Негізі, заң бойынша кінәлі азамат сотта кешірім сұрауы керек. Сот оның мойындағанын, өкінгенін ескеріп, жазаны жеңілдетуі мүмкін. Ал тергеу амалдарына дейінгі кеші­рім сұру – жауапкершіліктен жалтару ғана. Мейірман Шекеевтің пікі­рінше, заңда осыған жол беретін құйтыртқы бап бар.
– Бұл – заңның шикілігінен. Істі қылмыстық қудалау органдарына жеткізу немесе жеткізбеу тергеушіге байланысты. Ол сотқа дейін алып барса, күдікті сотта кешірім сұрар еді. Бізде көбінесе сотқа дейін құты­лады. Ол – тергеушілердің салғырт­ты­ғынан. Максим Божко да тергеу­шінің кеңесімен кешірім сұрап отыр. Тергеуші кез келген қаулыны шығара алады. Ол – процессуалдық тұрғыдан тәуелсіз тұлға. Оның қаулысын тек прокуратура заңсыз деп тани алады. Тергеушілердің көбі жұмыс істегісі келмейді. Істің тез біткенін қалайды. Сотқа апарудың ауы мен бауы көп. Жүгіру керек, дәлелдеу керек, – дейді заңгер.
Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болуға тиіс.
«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер YouTube арнасынан аталмыш ви­деоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің тұлғасы анықталып, тергеу шаралары бас­талды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін» – деп мәлімдеді Қостанай облы­сының Полиция департаменті.
Әлеуметтік желі желдей есіп тұр. Халықтың ашу-ызасын түсінуге болады. Ел иесі, жер иесі қазақ халқын көпе-көрінеу қорлауға еш­кімнің құқығы жоқ. Аңдамай сөйле­ген әр сөздің арты жақсылыққа апар­мауы мүмкін. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы әдеттегідей үнсіз. Шен-шекпенділер Қазақстандағы этносаралық тату­лықты әркез мақтан тұтады. Алайда бәрі керемет деп жауырды жаба тоқысақ, басын құмға тыққан түйеқұстың кебін киер едік. Ауық-ауық ауыл-аймақтарда ұлтаралық кикілжіңдер тұтанып, жастардың бір-біріне жұдырық ала жүгіретіні ешкімге жасырын емес. Саясат­танушы Қазыбек Майгел­диновтің пікірінше, қазаққа қатысты сепе­ратистік пиғылдар, әсіресе шека­ралас облыстардан шығып жатыр.
– Қостанай Ресейге жақын десек, кешегі дүңгендермен, ұйғыр­лармен қақтығыс оңтүстік облыс­тарда болды. Мысалы, Қостанай тұрғындары Ресейдің ақпарат кеңіс­тігіне байланған. Өзім Петропавлда жүргенде жергілікті тұрғындар тек Ресей арналарын көретінін байқа­дым. Өздеріңіз білесіздер, Ресейдің мемлекеттік арналарында орыс ұл­тының басымдығын дәріптейтін Соловьев сияқты идеологтар, әртүр­лі бағдарлама көп. Қазақ­стандық арналардың хабар тара­татын ауқымы тар. Солтүстікте ресейлік арна­лар­дың бәрі тегін. Ал қазақстандық телеарналар ол жерлерге жете бер­мейтіндіктен, Otau tv сияқты ақылы тәрелкелер орнату керек. Қарапайым тұрғындар оған артық ақша тө­легенше, Ресей арна­ларын көре береді. Ақпарат ми­нистрлігі осы тұрғыдан қатты жұмыс істегені жөн. Өйткені ақпараттық кеңістік идео­логияны қалып­тастырады. Ре­сейдегі шови­нистік уағыздар жер­гілікті тұрғындарға қатты әсер етеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Бұл – алғашқы белгілер ғана, саяси тілмен айт­қанда – триггер. Триггерді ес­керген дұрыс. Біреу қазақты жа­ман­дады екен деп түрмеге қамай сал­ғаннан нәтиже шықпайды. Өртті өшіру аздық етеді, «өрт қайдан шық­ты?» дегенге бас қатыруымыз қажет, – дейді сарапшы.
Айтпақшы, тағы бір Божко – бұрынғы министр, бүгінгі халық қа­­­­лаулысы Владимир Божко әлеу­меттік желідегі жазбасында «украи­налық арандатушыны» айыптапты. Оның ойынша, бұл жағдайға украин­дар кі­нәлі екен. Януковичтің кезінде Еу­ро­падағы ең бай елдің бірі болған Ук­раина қазіргі таңда тақыр кедей екен. Егер осындай аранда­тушы­ларға ерсек, біз де сондай бо­лады екенбіз. Ал Кирилл – бан­де­ров­шы-бан­дит­тердің жазық­сыз құрбаны екен.
– Владимир Божконың әре­кетіне баға беру қиын. Дипло­матиялық тілмен жазуы керек еді. Сырттан жау іздеп, айдаладағы Украинаны айып­тағаны артық. Жал­пы ұлтты, жалпы мемлекетті сөгудің қажеті жоқ. Аран­датушылар барлық ұлтта бар. Депутат арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, орта жолды таңдағысы кел­ген шығар. Қанша дегенмен халық қалаулысы, ресми өкіл ғой, әдептен озбай, сауатты сөйлегені абзал, – дейді Қазыбек Майгелдинов.
2014 жылы Қазақстанда сепа­ратизм үшін жаза күшейтілді. 174-бап ауыр қылмысқа жатады және оның бірінші бөлімі бойынша ең жоғарғы жаза – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарас­ты­рылған. Егер елде сепаратистік көз­қарастар болмаса, заңға ешкім ондай өзгеріс енгізбейтіні түсінікті. Кеңес өкіметін аңсап, «20 тиындық плом­бирге» аузының суы құрып оты­ратындар барда қауіп-қатер сейіл­мейді. Үкімет «Көпұлтты Қазақ­стан – берекенің бесігі, әлемге үлгі» деп жалпақшешейлікке салынбай, ұлтаралық қатынас мәселесінде сауат­ты жұмыс жүргізсе екен. Мақ­таулы Ассамблеямыз да ұлттық таға­мы мен киімін насихаттап қоймай, бөлінгенді бөрі жейтінін жастардың құлағына құйса игі.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ