«Қазақстан Ресейге қосылуы керек, орыстілді қауым шетқақпай көріп жатыр» деп жұртты шулатып жүретін Ермек Тайшыбековтің жайы белгілі. Бірінші рет 2015 жылы «ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Ол кезде Тайшыбековтің үстінен ұлт патриоттарының өтініші негізінде қылмыстық іс қозғалған. Блогер 2017 жылы мерзімінен бұрын түрмеден босады. Саяси көзқарастары үшін Тайшыбековті «арандатушы», «Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам» деп санайтындар бар. Оның мәлімдемелері депутаттар мен қоғам белсенділерінің наразылығын туғызған. Жақында YouTube әлеуметтік желісінде украиналық блогермен сұхбаттасқан Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Божко халыққа қасақана тіл тигізіп, қазақтарды маймылға, қазақ тілін маймыл тіліне теңеді. Оған сұхбат жүргізіп отырған блогердің өзі ашуланып, «Ұлы қазақ халқына алғыс айтуың керек!» деп әлгіні ақылға шақырды. Алайда сепаратистік пиғылын жайып салған «бесінші колонна» мүшесі дегенінен қайтпады.
Құқық қорғау органдары көп жағдайда қатаң шара қолданбайды. Негізі, заң бойынша кінәлі азамат сотта кешірім сұрауы керек. Сот оның мойындағанын, өкінгенін ескеріп, жазаны жеңілдетуі мүмкін. Ал тергеу амалдарына дейінгі кешірім сұру – жауапкершіліктен жалтару ғана. Мейірман Шекеевтің пікірінше, заңда осыған жол беретін құйтыртқы бап бар.Құзырлы орындар оны ізін суытпай тауып алған сияқты. Ертеңінде тағы бір видеосы тарап кетті. Аптығы басылып, жүні жығылып қалған Кирилл Божко қазақ халқынан кешірім сұрап, өзінің удай мас болғанын айтып ақталып отыр. Бұл өзі бір жаман тенденцияға айналған тәрізді. Солтүстікке қарап ұлитын кейбір диаспора өкілдері ойына келгенін айтады да, артынан «жаздым, жаңылдым» деп құтылып кетеді.
– Бұл – заңның шикілігінен. Істі қылмыстық қудалау органдарына жеткізу немесе жеткізбеу тергеушіге байланысты. Ол сотқа дейін алып барса, күдікті сотта кешірім сұрар еді. Бізде көбінесе сотқа дейін құтылады. Ол – тергеушілердің салғырттығынан. Максим Божко да тергеушінің кеңесімен кешірім сұрап отыр. Тергеуші кез келген қаулыны шығара алады. Ол – процессуалдық тұрғыдан тәуелсіз тұлға. Оның қаулысын тек прокуратура заңсыз деп тани алады. Тергеушілердің көбі жұмыс істегісі келмейді. Істің тез біткенін қалайды. Сотқа апарудың ауы мен бауы көп. Жүгіру керек, дәлелдеу керек, – дейді заңгер.Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болуға тиіс.
«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер YouTube арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің тұлғасы анықталып, тергеу шаралары басталды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін» – деп мәлімдеді Қостанай облысының Полиция департаменті.Әлеуметтік желі желдей есіп тұр. Халықтың ашу-ызасын түсінуге болады. Ел иесі, жер иесі қазақ халқын көпе-көрінеу қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Аңдамай сөйлеген әр сөздің арты жақсылыққа апармауы мүмкін. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы әдеттегідей үнсіз. Шен-шекпенділер Қазақстандағы этносаралық татулықты әркез мақтан тұтады. Алайда бәрі керемет деп жауырды жаба тоқысақ, басын құмға тыққан түйеқұстың кебін киер едік. Ауық-ауық ауыл-аймақтарда ұлтаралық кикілжіңдер тұтанып, жастардың бір-біріне жұдырық ала жүгіретіні ешкімге жасырын емес. Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің пікірінше, қазаққа қатысты сеператистік пиғылдар, әсіресе шекаралас облыстардан шығып жатыр.
– Қостанай Ресейге жақын десек, кешегі дүңгендермен, ұйғырлармен қақтығыс оңтүстік облыстарда болды. Мысалы, Қостанай тұрғындары Ресейдің ақпарат кеңістігіне байланған. Өзім Петропавлда жүргенде жергілікті тұрғындар тек Ресей арналарын көретінін байқадым. Өздеріңіз білесіздер, Ресейдің мемлекеттік арналарында орыс ұлтының басымдығын дәріптейтін Соловьев сияқты идеологтар, әртүрлі бағдарлама көп. Қазақстандық арналардың хабар тарататын ауқымы тар. Солтүстікте ресейлік арналардың бәрі тегін. Ал қазақстандық телеарналар ол жерлерге жете бермейтіндіктен, Otau tv сияқты ақылы тәрелкелер орнату керек. Қарапайым тұрғындар оған артық ақша төлегенше, Ресей арналарын көре береді. Ақпарат министрлігі осы тұрғыдан қатты жұмыс істегені жөн. Өйткені ақпараттық кеңістік идеологияны қалыптастырады. Ресейдегі шовинистік уағыздар жергілікті тұрғындарға қатты әсер етеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Бұл – алғашқы белгілер ғана, саяси тілмен айтқанда – триггер. Триггерді ескерген дұрыс. Біреу қазақты жамандады екен деп түрмеге қамай салғаннан нәтиже шықпайды. Өртті өшіру аздық етеді, «өрт қайдан шықты?» дегенге бас қатыруымыз қажет, – дейді сарапшы.Айтпақшы, тағы бір Божко – бұрынғы министр, бүгінгі халық қалаулысы Владимир Божко әлеуметтік желідегі жазбасында «украиналық арандатушыны» айыптапты. Оның ойынша, бұл жағдайға украиндар кінәлі екен. Януковичтің кезінде Еуропадағы ең бай елдің бірі болған Украина қазіргі таңда тақыр кедей екен. Егер осындай арандатушыларға ерсек, біз де сондай болады екенбіз. Ал Кирилл – бандеровшы-бандиттердің жазықсыз құрбаны екен.
– Владимир Божконың әрекетіне баға беру қиын. Дипломатиялық тілмен жазуы керек еді. Сырттан жау іздеп, айдаладағы Украинаны айыптағаны артық. Жалпы ұлтты, жалпы мемлекетті сөгудің қажеті жоқ. Арандатушылар барлық ұлтта бар. Депутат арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, орта жолды таңдағысы келген шығар. Қанша дегенмен халық қалаулысы, ресми өкіл ғой, әдептен озбай, сауатты сөйлегені абзал, – дейді Қазыбек Майгелдинов.2014 жылы Қазақстанда сепаратизм үшін жаза күшейтілді. 174-бап ауыр қылмысқа жатады және оның бірінші бөлімі бойынша ең жоғарғы жаза – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер елде сепаратистік көзқарастар болмаса, заңға ешкім ондай өзгеріс енгізбейтіні түсінікті. Кеңес өкіметін аңсап, «20 тиындық пломбирге» аузының суы құрып отыратындар барда қауіп-қатер сейілмейді. Үкімет «Көпұлтты Қазақстан – берекенің бесігі, әлемге үлгі» деп жалпақшешейлікке салынбай, ұлтаралық қатынас мәселесінде сауатты жұмыс жүргізсе екен. Мақтаулы Ассамблеямыз да ұлттық тағамы мен киімін насихаттап қоймай, бөлінгенді бөрі жейтінін жастардың құлағына құйса игі.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ