Қызметпен қоштасудың қиыны-ай...

Алдымен қазақы менталитет бойын­­ша ер азамат ретінде де, қыз­метінің салмағы жағынан да «жолы үлкен» Сапарбек Тұяқ­баев жайына тоқталайық. Несін жасы­райық, айна­­ласы бір жылдай Алматы билігінің бір ұшын қолында ұстаған Сапарбек Құ­рақ­байұлының жақсы қыр­ларын са­намалап жатқандар да аз емес. Әйтсе де, ол неден сүрінді? Мемлекеттік қыз­меттен мүлдем бас тартып, жеке кәсіп­керлікке қарай тұтастай бет бұруы­ның сыры неде? Әлемді жайлаған, алпауыт мемлекеттердің өзін абды­ратып таста­ған пандемияның «сал­қыны» Сапар­бек Тұяқбаевқа да кері әсерін тигізіп кет­кендей ме, қалай? Биылғы шілде айы еліміз үшін ауыр болды. Талай жақ­сылар мен жай­саңдары­мыздан айырыл­дық. Медмеке­мелер науқас­тарға лықа толды. Ел, тіпті дәрі таппай сарсылды. Жағдайдың қанша­лықты қолдан шы­ғып кеткенін көпшілік көзбен көріп отырса да, әкім орынба­сары алма­ты­лықтар дәрі­ха­наларда дәрі-дәр­мектің жоқтығына шағым­данғанда оларды хайп жасады деп айыптаған еді. Бұл онсыз да ашуға булыққан халықтың одан бетер ызасын келтірді. Сол кезде әнші Меруерт Тү­сіпбаева да желіде арнайы жазба қал­дырып, шенеунікті біраз «сілкілеп» алған болатын.

Ал жергілікті белсенді Светлана Дру­жи­нина әкім орынбасары үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы­мен поли­цияға шағым түсірген. Бел­сенді сол кезде Facebook парақ­шасына тікелей эфирге шығып, үйінің маңын­дағы дәріханаларға барып, COVID-ті емдеуге арналған хат­тамада көрсетіл­ген дәрі-дәрмектерді табуға тырысқан. Екі дәріхананың бірінде тізімдегі дәрілердің тек біреуі ғана табы­лып, екіншісінде мүлде жоқ болып шық­қан. Ол тікелей эфир кезінде қала әкімі орынбасарының «жағдайдан мүлде бейха­бар» екенін айтып, шенеунікті қыз­метінен кетіруге шақырған еді. Бұған дейін полицияның шағымды қарауға «негіз таппа­ғаны», ал прокура­тураның оны сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне қайтарғаны хабарланған еді.

Әйтсе де, экс-шенеуніктің қала халқы­мен қоштасу тұрғысындағы желі­дегі жаз­басынан кейін пікір қал­дыр­ғандардың басым бөлігі оның жұ­мысына жоғары баға берген. Бұдан Сапарбек Тұяқбаевтың халық риза­шылығына бөленгенін, бастаған біраз жобасы елдің көңілінен шыққанын аңғару қиын емес. Ол Алма­тыда индус­триялық аймақ пен «Алатау» ақпа­раттық технологиялар паркі­нің тұра­лаған жұмысын жандандыруға біраз ат­са­лысты.

Енді қызметті қолғапша ауысты­рудан осы жылдың ең танымал тұл­ғала­рының біріне айналған Айзат Мол­дағасымова жайына келейік. Панде­мия басталғанға дейін аты-жөнін біреу білсе, біреу біл­мейтін ол Алматы қала­лық Тауарлар мен қызмет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау депар­таментінің басшысы, Алматы қала­сының бас санитарлық дәрігері қыз_метін атқарды. 2017 жылғы тамыз айы­нан бері Айзат Балтағұлқызының атқарған қызметіне байланысты бір­қатар даулы жағдай болған еді. Шет елден коро­навирус жұқтырған жолау­шымен бір рейсте келген оның жина­лыстарға қаты­сып, ашық жүргенін Қа­лалық қоғамдық кеңес сынға алып, ақыры 14 күн карантинге оқшауланған бо­латын. Кейін бас сани­тарлық  дәрі­гер Орталық клиникалық қала­лық ауруха­на дәрігерлерінің арасында жаппай коронавирус инфекциясы тіркел­ген кезде олардың өзін «сани­тарлық нор­маларды сақтамады» деп айыптап, бұл аурухана дәрігерлерінің наразылығына алып келді. Дәрігерлер оны жала жап­ты деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың атына хат жазды. Сондай-ақ А. Мол­да­ғасымова медицина ма­­­­ман­дарын қолдауға бөлін­ген қаржы есе­бінен өзіне қо­мақты сыйақы та­­ғайын­дады деген ақпарат тарап, алайда ол бұл ақпаратты жоққа шығарды. Осы даулы жағдай­лардан кейін көп ұзамай қыз­метінен кетті. Әйтсе де, арада бірер ай өткенде Жұ­матов атындағы Гигиена және эпи­демиология ғылыми орта­лығы басшы­сы қызметіне тағайын­далды. Алай­да А.Мол­дағасымова арада төрт ай уақыт өт­кенде ол қызметінен де боса­тылды. Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі ол осы уақыттың басым бөлі­­гінде жұмыста болмағанын хабар­лады. «Сы­нақ мер­зімі­нен өтпеуіне байла­нысты оны жұ­мыстан босату туралы бұйрыққа 14 қыркүйекте қол қойылды», – деп тү­сін­­дірді Денсаулық сақтау ми­нистрлігі.

«Айзат Молдағасымова 2020 жыл­дың 3 маусымында қойылған міндет­терді тиімді орындау мақсатында Жұ­матов атындағы Гигиена және эпи­демиология ғылыми орталығының директоры қыз­метіне қабылданды. Алайда ол уақытша еңбекке жарам­сыздық парағын алып, 1 шілде мен 14 қыркүйек аралығында жұ­мыста болма­ды. 14 қыркүйектен бастап сынақ мерзімінен өте алмауына байла­нысты онымен еңбек шарты тоқта­тыл­ды», – деп  түсіндірді Ұлттық денсаулық сақ­тау орталығының директоры Дамир Көпжа­саров.

Алайда Айзат Молдағасымова бұл шешіммен келіспейтін сыңайлы. Ол азаматтық ұстанымдарынан бас тарт­пайтынын, мәртебесіне қарамай ғы­лы­ми қызметкерлердің құқығын қор­ғайтынын айтуда. Ол көтерген басты мәселе – Гигиена және эпиде­мио­­логия ғылыми орталығының жұ­­мыс істеу шарттары. «2,5 жылдан аса уақыт бойы жалақы алмаған ғалым­дардан бөлек, зертханалардың жабдық­талуын айтпа­ғанда, онда тіпті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бола­тын», – деді ол.

 

Aidos SarimАйдос САРЫМ, саясаттанушы: 

– Алматы қаласы әкімінің орын­басары Сапарбек Тұяқбаевтың қыз­меттен кетуі әлеуметтік желінің нөпірі ме деп қалдым. Біз онымен Алматы қалалық қоғамдық кеңесте, «Біз біргеміз!» қорының аясында біраз жұмыс істедік. Оның тікелей жұмы­сына сын айта алмаймын. Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – мемлекеттік қыз­меткер өз сөзіне, іс-әрекетіне ұқыпты бо­луы керек. Екіншіден – дәл осындай қиын, онсыз да мәселенің үстіне мәселе туындап жатқан кезде, БАҚ өкіл­дерімен және басқалармен арақа­тынасты бұзу – так­­тикалық қате. Ол керемет маман болуы мүмкін, мұн­дайда ол басқа жағы­нан жұ­мыс­қа кірісу керек шығар. Пан­демияның өзі ше­неу­­ніктерге біраз нәрсені үйретіп жатыр. Журна­­листермен қалай сөйлесу керек, қандай сөзді айту, нені айтпау керек, халықтың наразылығы, тағы басқалар бар. Халықпен жұмыс істей білу керек. Сапарбек Тұяқбаевтың басын­­дағы жағд­ай әсіресе, аймақ­тарда жұмыс істеп жүр­ген шенеу­ніктер үшін ащы сабақ болса жақсы.

Айзат Молдағасымованың жайы­­на келсек, оның шет елден келе салып, санитарлық норманы бұзғаны қоғамдық кеңесте қатты сыналған. Бірнеше талап та қойылған. Жауап­кершілік деген мәсе­лені адам өзінен бастау керегі айтылған. Сондай пікір­лердің бәрінің ықпалы болды.

Молдағасымованың қызметтік этика тұрғысынан да жағымсыз әре­­­­­кеттерін көріп қалдық. Оның кімге қай жағынан туыс екенін дөп басып айта алмаймын, бірақ ол туралы жай ғана бір мақала шыға қалса, «Мынау тағы шықты ма? Не боп кетті? Осыған біреудің күші келе ме, жоқ па?» деген мәселелер көп айтылып кетті. Ақпа­­­раттық ашықтық заманында мұндай адамдардың мемлекеттік қызметте жүруі өте күрделі мәселе. Алматы қалалық қоғамдық кеңесі Айзат Мол­даға­сымо­ваның үстінен тиісті меке­мелерге бірне­ше рет хат жазған. Сол хаттардың да әсері болған шығар деп ойлаймын.

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.