Тәтті түбір қабылдау басталды
Тәтті түбір қабылдау басталды
162
оқылды
Күні кеше «Көксу» қант зауыты биылғы маусымның алғашқы қант қызылшасын қабылдап, өз жұмысын бастады. Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ мен зауыт директоры Алтынбек Абатов кәсіпорын кіре­берісіне керілген лентаны қиып, жаңа жұмыс маусымына сәттілік тіледі. Алғашқылардың бірі болып Қаратал, Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының шар­уа қожалықтары өз өнімдерін кәсіп­орынға  өткізді. Қайта өңдеу орнына бірінші болып өнім жеткізген үш жүргізуші кәсіпорын басшысының қолынан сыйлықтық сертификаттар алды. Зауыт тәулігіне 280-320 жүк көлігіне дейін кезек-кезегімен аумағына кіргізіп, 2,5 - 2,8 мың тоннаға дейін тәтті түбір қабылдауға қауқарлы. Кәсіпорын аумағына енген ауыр жүк көліктері таразыдан өлшеуден өткен соң өнімдер жиналатын алаңшаға барады. Зертхана жұ­мысы да қауырт. Мұнда тәтті түбірдің тазалығы мен қанттылығы анықталады.  Дәстүр бойынша бірінші қызылшаны тістеп, дәмін көреді. «Бұл жолғы өнім өзінің тәттілігімен ерекшеленеді», – дейді дәмін татқандар. Өндіріс орнының  директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, қант қызылшасын қабылдап, одан дайын өнім шығару маусымы аяқ­талғаннан кейін зауыттағы құ­рыл­ғыларды тазарту, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қызылшаны өлшеу бекеттеріндегі барлық ескі таразы жаңа электронды таразыға ауыстырылыпты. Сондай-ақ қызыл­шаны сұрыптап-жинақтайтын 5 машина да күрделі жөндеуден өт­кізілген. Қант қызылшасынан бөлек, қамыс қантын өндіруді де өндіріске енгізу  жоспарланған (2021 жылдың көктемінен бастап). Зауыт көгілдір отынға көшкелі биыл екінші жыл. Отынның бұл түрі мазутқа қарағанда әлдеқайда тиімдірек және 1,5 есе үнемді. Бұған дейін кәсіпорын  бір маусымда 10 мың тоннадан астам мазут жаққан. Ол өз кезегінде зиянды қалдықтарды көптеп  шығарып, қоршаған ортаны бүлдіретін. Ендігі жерде ондай болмайды. Жұмыс орындарына тоқталар болсақ, зауыттың құрылыс, жөн­деу жұмыстары кезінде 250 адам жұмыспен қамтылған болса, қазіргі уақытта бұрын да осы зауытта жұ­мыс істеген 200 адам осы жерден өз нәпақасын табуда. Жастарды ең­бекпен қамту  да назардан тыс қалған жоқ. Зауыт басшылығы оларға да жұмыс тауып беруге ынталы. Өткен жылы зауыт 5 айда 230 мың тонна қант қызылшасын өң­деп, одан 21 мың тонна ақ  қант өндірген болса, биыл да осы шамада тәтті түбір қабылдап, жаңа технологиялардың арқасында одан анағұрлым молырақ өнім алуды жоспарлапты. Қант қы­зыл­шасына қоса, қамыс қантын өндеуге кірісетін  зауыт келер жылы  тоқтаусыз жұ­мыс режиміне көшпек.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы