«СЭС» қашанғы сес көрсетеді?
«СЭС»  қашанғы сес көрсетеді?
Біздің сөз етіп отырған ме­кеме – Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша де­партаменті. Бұрынғыша айтсақ, СЭС-тің сесінен бәрі сескеніп отырғандай. Жалпы, журналистер қауымы аталған мекеменің жұмысымен коронавирус пандемиясы бас­талғаннан кейін жақсы таныс. Оған дейін атауы мен басшысы сан мәрте ауысқан департаментке тілшілердің жолы көп түсе бер­мейтін. Алайда әлемдік пан­демияның алғашқы айында БАҚ өкілдері бірауыз ақпарат алу үшін мекеменің есігін күзетіп, те­резесіне телмірумен болды. Бас­шысына шықсаң, баспасөз қыз­метіне сілтейді, баспасөз қыз­меті  қолында қажетті ақпарат бол­мағандықтан ол да үндемейді. Соңы «ақпаратты облыстық ден­саулық сақтау басқармасынан алың­дар» деп, басқа жаққа жол сілтейді. Ал денсаулық сақ­тау басқармасына жүгінсең, бұл мекеменің  құзыретіне кір­мейтінін айтып, олар шыж-быж бо­ла­ды. Қойшы, әйтеуір екі ме­кеменің арасында жүгіріп ен­тіккен   журналист соңында об­лыс әкімдігіне жүгініп немесе өңір­лік коммуникациялар қыз­метінің    брифингін күтіп, бір ақпарат алып жүрді. Бұл мәселені жер­гілікті журналистер  сан мәр­те көтергенімен, ол мекемеге еш­кімнің тісі батпады. Осыдан бірер ай бұрын «Жам­был–Тараз» қалалық басылым­ның басшысы, мәслихат де­пута­ты  Эльмира Мырза-Ғали «Жас­ұлан и К» дәріханасына ба­ға­ны тексеріп барғандағы он­дағылардың дөрекі әрекетін  ашы­на жазды. Артынша  Жамбыл об­лысы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаменті басшысының орын­басары Мадина Шиналиева дәрі бағасын бақылап жүрген бел­сенділерді  «бездельникке» тең­егені қызу талқыға түсті. Тіп­­ті, бірқатар республикалық ба­сылым бұл мәселені көтеріп, «Nur Otan» партиясы Жамбыл обл­ыстық филиалының партия­лық бақылау комиссиясының отырысында Мадина Шина­лиеваның  әдебін Әдеп кеңесінде қарау мәселесі Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұр­лан Еркебаевқа тапсырылды. Міне, осы жайттардың  бар­лығы Жамбыл облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың шым­байына тиді ме, әлде шыдамның да шегі бар деді ме, облыс әкім­дігінде аталған департамент бас­шысын сойып салды. Жалпы, жиын қалыпты жағ­дайда өтіп жатқан. Жауапты ма­мандар коронавирустың бол­­жамды екінші толқынына да­йындық барысын баяндап, жиыл­­ғандар мамыражай күй ке­шіп отырған еді. Кенет кезек  об­лыс бойынша Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің басшысы Бе­рік Жарқынбековке келгенде ай­мақ басшысы ашуына мін­­ді. Мобильді топтың жұмысын ба­рынша жақсы жа­ғынан көр­сеткісі келген департамент бас­шысының сөзін жоққа шы­ғарып,іс жүзінде жұмыс жүрмей тұрғанын Бер­дібек Машбекұлы нақты дә­лел­дермен әшкерелеп берді. «20-қыркүйекке дейін карантин талаптарын сақтамаған орын­дарға 24 миллион теңгеге жуық айыппұл салдық» деп депар­тамент басшысы барынша ақ­тал­ғанымен, оларға қарасты Та­раз­дағы қалалық мекеменің қыз­­меткерлері қызметінде қал­ғып отырғанын бетке басты. Ал бас­қосуға онлайн байланыс ар­қылы шыққан    қалалық мекеме  бас­­шысының орынбасары соңғы мәр­­те қай жерді, қай уақытта тек­­сергендерін анық айтып бере ал­мады. Бұл сауалға жауап бере ала­ды делінген мекеменің бас­шысы болса, демалысқа шығып кет­кен көрінеді. Тағы бір сорақысы – об­лыс бо­йынша Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­пар­таментінің қалалық басқар­масына жүктелген 86 істің 66-сын олар «біздің міндетімізге жатпайды» деп қала әкімдігіне қайтарып жіберген екен. Мұндай «сен салар да, мен салар...» әре­кет­ті облыс әкімі қатаң сынға алып, басқарманың басынан сипамады.  – Сіздер ешқандай ақпаратты  бермейсіздер бізге. Мәлімет жоқ. Бұл сіздердің жұмыстарыңыз. Әлде, басқа жақта істейсіздер ме? Департаменттің жұмысы өте нашар. Мәселелеріңізді ми­нистрлікке жеткіземіз, – деп Бер­дібек Машбекұлы тоқетерін айтты. Міне, «СЭС» пен мобильді топтардың осындай салғырт жұ­мысынан кейін карантин ке­­зінде тойханалар мен сауда  орын­дары еркінсіп кеткен. Атап айтсақ, карантин шараларына қарамастан, Қазыбек би көшесі бойындағы  Bora сауда үйі, Жам­был даңғылындағы Mart Mag­nat, Лермонтов көшесіндегі  «Бей­барыс» сауда орны, Қаратау ша­ғын­ауданындағы «Гаухар» сауда кешені, Қонаев көшесіндегі  Adora me сауда үйі, Әйтеке би көшесіндегі  Mansаrd түнгі клу­бы, Желтоқсан көшесіндегі  «Ақ орда» мейрамханасы, Абай даңғылындағы  Enigma клу­бы, әл-Фараби көшесіндегі «Арал» моншасы ешқандай сақ­тық шараларын сақтамаған. Бұ­ған қоса, қаладағы «Алма-ата», «Гаухартас», «Үміт», «Сәт­ті», «Тараз Холл» сынды  мейрам­ханалар да  карантин талаптарын бұзып, той-томалақты тоқтат­паған. Т.Рысқұлов, Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мер­кі, Мойынқұм және  Та­лас аудандары  карантинді көз­ге ілмеген.  Облыс әкімі  Insta­gram әлеуметтік желісінде  жа­рия­ланған  карантинде той той­лап жүргендердің суреттерін слайд арқылы көрсетіп, жаза басқандардың ақталуына еш мұрсат бермеді.  –  Әкімдіктегі қызметкерлер күні кеше ғана «Інжу-Мар­жан», «Грант Шырын» мейрам­ханаларына телефон шалып, той жасауға тапсырыс беру жө­нін­де сөйлессе, олар қазан айы­на дейін мейрамханада орын жоқ екенін айтып отыр. Бар­лығында той өтіп жатыр. Ал той өткізуге біз рұқсат берген жоқ­пыз. Міне, сіздерге дерек ке­рек болса. Осыны қадағалап отыр­ған жоқсыздар. Маусым айын­да не болғанын ұмытпайық. Ка­рантин талаптарын бақылауға басымдық беріңіздер. Ауылдарда ақсақалдармен сөйлесіп, көп­шілік шараларға тыйым салу қа­жет, –  деді аймақ басшысы. Жиында Бердібек Маш­бекұлы дәрі-дәрмек мәселесіне де мән беріп, бірқатар сын-ес­кертпе айтты. – «Садыхан» дәріханасында қарапайым аспирин  жоқ. Дәрі­ханаларда қазірден дәрі болмаса, ертең екінші толқын басталғанда не істейміз? Жағдайды қатаң бақылауға алыңыздар. Қажетті дәрілерді қадаға­лау  – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің  негізгі міндеті. Тіпті, 2021 жылға осы бастан дәріге тап­сырыс берулеріңіз керек. Қа­жетті дәрілерді зерделеу үшін тік­елей денсаулық сақтау бас­қармасымен байланысып жұмыс істеңіздер. Келесі жылы биылғы кемшіліктерді қайталамауға тиіс­сіздер. Әсет Әскербекұлы, сіздердің жұмыстарыңыз таңертең ауру­хана мен  дәріханалардан бас­талуы қажет. Мобильді топтар да басқармамен бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Жақында тағы же­дел жәрдем көліктері келеді. Мойын­құмда науқастанып қал­ған адам не себепті Тараздағы жедел жәрдемнің орталығынан рұқсат сұрап, уақыт жоғалтуы ке­рек? Бұл жақтан хабар жеткенше, ол науқас өмірден озып кетсе қайтесіздер. Олай болмайды. Ау­дандағы жедел жәрдем қызметі сол ауданның бас дәрігеріне қарауы тиіс, – деп, «СҚ-Фар­ма­ция» ЖШС-нің облыс бойын­ша уәкілі Айжан Тортаева мен денсаулық басқармасының бас­шысы Әсет Қалиевке ескерту жасады. Айтпақшы, денсаулық сақ­тау басқармасының жаңа бас­шысы Әсет Қалиевтың бұл көп­шілік алдында облыс әкі­мінен алып отырған алғашқы ес­кертуі. Басқарманы басқарған Марат Жұманқұлов өз еркімен қызметтен кеткеннен кейін енді коронавирустың болжамды екін­ші толқынына да­йындықты пы­сықтау жаңа бас­шыға жүк­теліп отыр. Әйтеуір Әсет Әскербек­ұлы «СЭС»-тен сескенбей, керек жерде  «жүнін қомпайтады»  деп сенеміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы