Алматы облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағылар мен жобаны орындаған мердігер «ДСУ-13» ЖШС-індегілер жұмыс мерзімінде әрі сапалы орындалды деп сендіріп отыр. Олардың айтқанының анықтығын уақыт өте келе білетін боламыз. Сонымен бірге аталған аймақта облыстық маңыздағы «Алматы 1 – Шамалған стансасы – Ұзынағаш автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің ашылу салтанатына арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов :
– Осыдан бір жыл бұрын осы жерде тіркелген қайғылы оқиға ел есінен әлі шыққан жоқ. Сол кезде жұрт алдында берілген уәде ақыры орындалды. Жыл барысында жобаны жасап, сараптамадан өткізіп, жергілікті бюджеттен жаяуларға арналған өтпені қайта құрылымдауға 365 млн теңге бөлдік.
Өздеріңіз білетіндей, облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жүзеге асырылуда. Осы мемлекеттік бағдарламаның арқасында өңірде көптеген нысан салынуда. Бағдарлама аясында облысты дамыту бюджетіне қосымша республикалық қазынадан 10 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында облыста жолдар, мектептер мен ауруханалар, әлеуметтік-мәдени нысандар жөнделуде. Осылардың бірі ретінде бүгінгі көпірді айтуға болады. Көпірдің ұзындығы – 61, 56 метр, биктігі – 9 метр. Біздің ең басты құндылығымыз – адам және оның өмірі. Жолға шыққан адамның үйіне аман-есен оралуы үлкен бақыт. «Жол мұраты – жету» демекші, теміржол бекеті арқылы күніне 5 мыңдай жолаушы жүреді. Әсіресе, бұл жолмен біздің оқушы балаларымыз көп қатынайды. Олар мектепке бару, қосымша білім алу мақсатында үнемі осы жолды кесіп өтеді. Ең бірінші, балалардың қауіпсіздігі, олардың амандығы қажет. Жібек жолы ауылындағы Шамалған бекетінің теміржол өткеліндегі жолаушыларға арналған көпірдің құрылысы толықтай аяқталды. Жаңа салынған көпір жан-жақтан келетін қонақтар мен жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына үлкен мүмкіндік береді. «ҚазАвтоЖол» республикалық мекемесі автокөлікке арналған айналма жол құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беретінін де жеткізе кетті.
«Бұл – ерекше жоба. Елімізде баламасы жоқ. Көпірдің үстіне декоративті жарық қайтарғыш панелдер қойылған. Нысанның айналасы толықтай абаттандырылған», – дейді Алматы облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев. Жібек жолы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Оксана Сизова ұзақ жылдардан бері жергілікті жұртшылық үшін күрделі мәселеге айналған жерүсті көпірінің салынуымен тұрғындардың қауіпсіздігі қорғалып, мектепке баратын балалары үшін алаңдамайтынын айтса, ауыл ақсақалы Базаргелді Анисов өлке және аудан басшылығына ақжарма тілек білдіріп, батасын арнады.
Шамалғандағы шарадан соң Амандық Ғаббасұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылған «Нұр-Аман» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің тұсаукесер рәсіміне қатысты. Райымбек ауылында бой көтерген ғимарат өңірдегі салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың өркендеуіне үлес қосары анық. Салтанатты шарада сөз алған өлке басшысы ең алдымен 2020 жылы денешынықтыру мен спорт саласын дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылғанын атап өтті.
– Биыл «COVID–19» пандемиясына байланысты карантин жағдайына қарамастан, облысымызда ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі – бүгінгі Райымбек ауылында пайдалануға берілгелі отырған денешынықтыру-сауықтыру кешені. Облыстың кәсіпкер азаматтары бұқаралық спортты дамытуға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар, спортқа қолдау көрсетуі – өскелең ұрпаққа қызмет еткені. Осындай игі істің атқарылуына үлес қосқан Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевқа, сондай-ақ осы спорт кешенінің құрылысын жүргізген «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының төрағасы Бекзат Сарманов пен Қайрат Оразбековке ризашылығымызды білдіреміз. Аталған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, құрылысына 1,8 млрд теңге жұмсалды. Кешен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Спорт кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таэквандомен, ауыр атлетика және футболмен айналысуға болады, – деген облыс басшысы жаңа ашылған спорт кешені тұрғындарға қызмет етіп, мұнда еліміздің абыройын арттыратын республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетініне сенім білдірді.
«Нұр-Аман» спорттық кешенінің салынуына мұрындық болған облысымыздың құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев кіндік қаны тамған ауылға қамқорлық жасауды перзенттік парызы санайтынын айта келіп, осы кешеннен болашақта еліміздің көк байрағын желбірететін спортшылар шығатынына үміт артты. Соңында Амандық Ғаббасұлына атақты спортшылардың қолтаңбасы бар волейбол добын тарту етті.
Кешеннің лентасы қиылғаннан кейін салтанатқа жиналған қонақтар ғимараттың ішін аралап көріп, волейбол, бокс, күрес, гимнастика залдары мен шахмат-дойбы бөлмесінің жұмысымен танысты. Өлке басшысы мен спорт меценаттары боксшыларға былғары қолғаптар, балуандарға арнайы киімдерін сыйлап, тағы бір берекелі шаруаны бастап жіберген. Амандық Ғаббасұлы мен Амангелді Смағұлұлы облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген «Жетісу» волейбол командасының ойыншыларына арнайы медаль табыстаса, сайыпқыран спортшылар жиналған қауымға тамаша ойын үлгісін тарту етті.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы