Көрші елдің басшысына жүгінуден кім ұтты?
Көрші елдің басшысына жүгінуден кім ұтты?
«Ел тәуелсіздігін алған тұста қа­ланың ескі бөлігіндегі тарихы те­реңнен бастау алатын А.С.Пушкин атын­дағы саябақты басыбайлы са­тып алдым, енді оны қала билігі заң­сыз тартып алып, тіпті ұлы ақын­ның атын өшіргелі жатыр» деп ол Ресей президенті В.Путинге бей­неүндеу жасап, байбалам салды. Ең со­рақысы, «Ақтөбеде өзге ұлттың өкіл­деріне қысым көрсетілуде» деп аттандауы елдің ашу-ызасын ту­дырды. Енді осы мәселенің ақ-қа­расын ашып көрейік. Сонымен, дау тудырып отырған сая­бақтың аумағы 23 775 шаршы мет­рдей болады. Кәсіпкердің ай­туы­на қарағанда, саябаққа иелік ет­кен отыз жылдай уақыттың ішін­де талай әкімдермен айқасып, ин­вестор тартудың жолын таппаған. Осы жылдар аралығында шырша, қарағай, қайың, үйеңкі көшеттерін Ресейден, башқұрт елінен әкеп отырғызған. Енді билік осының барлығын жойып, тоғыз қабатты үйлер салмақшы-мыс. Жөн делік, бірақ оның сөзінің қаншалықты шындыққа саятынын ақтөбеліктер көріп отыр. Қаланың ескі бөлігіндегі көрікті жердің қазір сиқы қашқан. Н.Выходец айтып отырған жүздеген көшеттің отырғызылғаны рас бол­са, тарихи саябақ бүгінде ну ор­манға айналып, гүлденіп тұрар еді. Бірақ жағдай мүлдем басқаша. Те­мір шарбақтарының әупірімдеп сыр­ланғанына бірер жыл болды, ағаш­тар мүлдем аз, ішкі жолдары әбден тозған, ал балалардың сырғанақ, әткен­шектері – Кеңес заманының қалдықтары. Сонда кәсіпкердің көк­сегені не? Бұл мәселе биылғы наурыз айын­­да да көтеріліп, Н.Выходец талай жауаптан сырғыды. Қала­ның қазіргі басшыларының кәсіп­кердің үндеуіне жауабы да көп күт­тірмегені рас. Бірақ құдды бір әлде­кімнің алдында ақталғандай әсер қалдырды. Мәселен, сая­бақ әрі қарай да мақсатымен пай­даланылады, әлем мойындаған А.С.Пушкиннің есімі сақталып қа­лады, ендігі ойымыз-жаңғырту, құл­пырту деген сыңайдағы ресми жа­уап жарияланды. Ақтөбе қаласы әкім­дігінің өкілі Айгүл Бәйменова: «А.С.Пушкин атындағы саябақ же­кеменшікте болуы тиіс емес. Өйт­кені оның жері – жалпыға ортақ қала меншігі» деген жауап қайырды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында елімізде тек саябақтар емес, халық несібесі есебіндегі талай дүние «ұс­тағанның қолында, тістегеннің ау­зында» кетті. Енді ес жиып, құқықтық нормалар қалыпқа келгеннен соң барымызды әл-ауқатынша түген­дей бастадық. Сөйтіп, Ақтөбе қа­ла­лық жер комиссиясының 2017 жыл­ғы 25 мамырдағы ше­шімі, әкімдіктің 2018 жылғы 5 ақ­пандағы нөмірі 608-қаулысымен Шернияз көшесіндегі саябақ ор­­наласқан 23 775 шаршы метр жер телімі «Ақтөбе қаласының тұр­­ғын үй-коммуналдық бөлімі» ММ иелігіне өткен. Талас-тартыс пен алыпқашпа әңгіме құқықтық тұрғыда осымен тәмамдалуы тиіс еді немесе тараптар сот төрелігі арқылы бір шешімге келуі керек болатын. Бірақ қала басшылығы «Н.Выходец талай шақыртуымызға келмеді» деген уәж айтып отыр. Тіп­ті, қала әкімі Асхат Шахаров «Сая­бақ маған дейінгі әкімнің тұ­сында мемлекет меншігіне өткен» деп жауапкершіліктен қашқандай болады. Міне, нәтижесінде кәсіпкер бүйректен сирақ шығарып, елдің ашу-ызасын қоздырды. Айтпақшы, үндеу авторы облыстық ішкі сая­сат басқармасында өткен әң­гіме­лесуден кейін «жаздым-жаңыл­дым» деп ант-су ішкен. Бірақ жа­уап­тылардың жауапсыздығынан, дәр­мен­сіздігінен кімнің кім екені кө­рінді. Енді осы дау болашақта  са­бақ болса деген тілек бар.  

Серік ӘБДІБЕК, Ақтөбе облысы