Есімін Жетісу жұртшылығы ғана емес, қалың қазақ қадір тұтатын тарихи тұлғаларымыздың бірі – Балпық би. Бабамыздың туғанына биыл 325 жыл толады. Шешендікті жанына серік етіп, көсемдігімен елін тәнті еткен тұлғаға арналған шаралар жұрт көңілінің төрінен орын алды. Халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, бүтін болуға шақырды. Сондай игі шараның бірі – «Байтақ елдің Балпығы» атты туындының тұсаукесері.
Балпық бидің 325 жылдық мерейтойына арналған кітапта заманында қатар жүріп, ел мен жердің амандығы үшін ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен Ескелді, Балпық би, Қабан жырау (Қаблиса) сынды тарихи тұлғалар жайлы тағылымды дерек жазылған. Ел ішінде «Үш бәйтерек» деп құрметтелетін олардың өнегеге толы өмірі, ерен ерлігі, әділ билігі мен аталы сөзі бүгінгі күні маңызын жоймаған. Мұралары ұрпақ тәрбиесі мен ел тұтастығына қызмет етеді.
Тіл сарайында өткен тұсаукесерге ақын-жазушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев тағылымы мол туынды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көргенін айтты. Даңқты бабаларымыздың өмірі мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізу арқылы олардың жүрегіне ізгілік нұрын, отаншылдық сезімін ұялататынымызды айрықша атап өтті. Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов қалың қазаққа ортақ тұлғаның ғибратты ғұмыры, өмірлік өнегесі, елі үшін істеген ерлігі туралы баяндалатын кітаптың ел бірлігіне қосар үлесі зор екенін атап өтті. Ардагер-ақсақалдар Наурыз Қылышбаев пен Аманғазы Шегіров, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев «Байтақ елдің Балпығы» кітабының лентасын қиды.
Алматы облысының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбеков тебіренісін жеткізді. Жазушы, ақын Нұрила Бектемірова бабаға арнаған жырын оқыды. Балпық би ұрпағы Болат Қисметов бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер арқылы баба болмысын барынша ашты. Тарихи кітапты құрастырушы Сайлаубай Бәзіловтің иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары, жазушы Серік Әбікенұлы Балпық баба туралы тебіреніспен әңгімелей келе, Орақты батыр дастаны жайлы ойын да ортаға салды. Келер жылы есімі аңызға айналған баһадүрдің туғанына 600 жыл толатынын еске салды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы