Қоғамдық пікірді кім қалыптастырады?

Қоғамдық пікірді кім қалыптастырады?

Қоғамдық пікір – жалпы қоғам немесе қоғамның белгілі бір бөлігінің ашық көрінетін іс-әрекеттер мен ұстанымдарды жақтауы немесе оларға қарсы болуы. Бүгінгі қоғамда мұндай пікірді кім қалыптастырады?


Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
Әлеуметтік зерттеу­лер бойынша сарапшы:

– Ғалымдардың ара­сында екітүрлі пікір бар. Олардың біріншісі «иә, бір мекенде өмір сүретін кісілердің ор­тақ бір пікірі бар» десе, екіншілері «жоқ, ондай пікір жоқ, ол жұртқа айта-айта келе қалыптасатын пікір» дейді. Мысалы, Қытай зауыттарын алайық. Бүгінде осы зауыттардың ашылуына, жұмыс істеуіне халықтың көпшілігі наразы дейтін болсақ, ол рас па, жоқ па, оны бірден нақтылап айту қиын. Бірақ біз ақпарат құралдары арқылы, қо­ғамдық пікірді қалыптастыратын жобалар арқылы, институттар арқылы айта беретін бол­сақ, блогерлер жаза беретін болса, ресми ақ­парат көздерінде айтылып, жазылып, көр­сетілсе, онда жұрт оған шынымен де илана бастайды. Сондықтан кімнің қолында ақпарат құралдары көбірек, солар қалыптастырады.

Осы жерде ескеретін дүние, бұл жерде біз ресми ақпарат көздерін емес, адамдардың, жекешеленген топтардың пікірін қалып­тас­ты­ратын коммуникация жолдарын айтып отырмыз. Дәл қазір қазақ қоғамында қоғамдық пікірді қалыптастыра алатын нақты екі институттың салмағы бағалан­бай жатыр. Оның алғашқысы – мүфтият, оның ролін жергілікті жерлерде атқаратын имамдар. Олар – халыққа өте жақын кісілер. Баланың өмірге келіп, азан шақырып атын қоюынан бастап, о дүниеге аттанғанда да жаназасын шығарып береді. Молда өзі отырған жердегі айтқан уәлі сөзін бәрі тыңдайды. Оның үстіне, адамның сенімі бар. Адамның қатты қуанып немесе көзіне жас алып тұрған сәттерінде молданың айтар сөзі, уағызы өтімдірек.

Екіншісі, қазақ тойсыз емес. Осындай жиындарда сөз алатын адам – асаба. Оларда қазір арнайы құжат жоқ. Келіскеніне қарай қызмет көрсетеді. Той барысында олардың атқаратын қызметі өте зор. Әсіресе, қазір ел алдында жүрген әзілкеш, мықты жігіттердің сөзі өтімді болып тұр. Қазір бірде-бір адам биліктің бір өкілінің сөзін жарыса жеткізіп жатпайды, керісінше, осындай аузы дуалы ақындардың, әзілкеш, сатирик, молдалардың айтқанын кеңірек насихаттауға бейіл.

Қорыта келгенде айтарым, осы екі институтты қадағалап, тәртіпке салу керек. Бұл цензура емес. Жұртты бөліп алмауы үшін, елдің арасы алшақтап кетпеуі үшін осыған жете мән беру қажет.

 

Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
әлеуметтанушы, ӘЭСИ сарапшысы:

– Қандайда бір қоғамның дамуында жалпы ақпараттық қызметтің, бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі өте зор. Өйткені қоғамның қалыпты саяси, әлеуметтік өмірін күнделікті ақпарат тарату қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Әртүрлі ақпараттар күнбе-күн БАҚ арқылы таратылады. Әсіресе, бүгінде әлеуметтік желілердің рөлі күшейіп отыр.

Сондай-ақ мұндай пікір қалыптасу барысында қоғамның да мәдени ерекшеліктері әсер ететінін ескеру керек. Осы бағыттағы арнайы жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне қарасақ, халықтың 60 пайызы күнделікті ақпаратты теледидардан алатынын көрсеткен. Бұл негізінен жасы 45-тен асқан орта топ өкілдерін құрайды. Екінші орында тұрған ақпарат көздері – интернет пен әлеуметтік желіден 18-25 жас аралығындағы жастар керегін алады. Одан кейін газет, радио болып кете береді. Міне, осылайша өздері қабылдаған ақпарат негізінде адамдарда қоғамның саяси, экономикалық, мәдени-әлеуметтік, рухани өмірі, билік тармақтарының қызметі жөнінде белгілі бір пікір қалыптасады.


Өркен КЕНЖЕБЕК,
журналист-блогер:

– Әр заманда ха­лық, бұқара, қауым де­ген атты алған, сыр­ты­нан теліген топ бол­ған. Француз қоғамын философтары өрлет­кен­дей, италиян қоға­мын ХVІ ғасырда су­рет­шілері көкке көтергеніндей, қай қоғамды алып қарасақ та, қашанда зиялы қауымға жүк артылған.

Біздің қоғамда да Тәуке ханның «Жеті жарғысы» болсын, Шыңғыс ханның «Ұлы ясасы» болсын, олар заң, тәртіпті белгілеумен қатар, қоғамдық өмір сүрудің нормаларын бекітті. Бұл да қоғамдық пікір деп есептеймін.

Ежелгі қазақ қоғамын алып қарасаңыз, заң шығарушы билер, төрелер, жаршылар осы қоғамдық пікірді қалыптастырушылар болды. Екіншісі, әрине, қазақтың рухани қаймағы ақын, жазушы, сазгерлер болды. Олар өздерінің шығармашылық өнімдері арқылы халықтың руханиятын байытып, жаңа бір идеялар тастады. Сұлтанмахмұт Торайғыров «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп мотивация берсе, «Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деп Абай намысын қайрады. Осындай дүниелер арқылы біреуді үлгі етіп, қоғамдық пікірді қалыптастырды. Ал қазіргі уақытта бұл өзгеріп кетті. Қазір өкінішке қарай, кім қандай жолмен өзіне көп оқырман жинады, елді аузына қарата алды, артына ерген қауымға өзінің пікірін таңатын адамдар көбейді. Міне, қазір осы топты айтсақ болады.

Қазір мына ақынның сөзі өтіп тұр, мына жа­зушының айтқаны жүріп тұр дегенді біл­мей­міз. Қазір қоғам белсендісінің, бло­гердің, тіл жанашырының сөзі өтімді. Қоғамдық пікірді көбіне әлеу­меттік желіде отырған белсенділер қалып­тас­тырып жатыр.    

 

Әзірлеген  Гүлжан РАХМАН