Бүгінде шым-шытырықты Шымкентте шу шықпаса адамдарының басы ауыратын болды. Талай тартыс болып жатыр. Қайсыбірін айта берейік. Бірақ, мынаусы енді айтқызбасқа қоймайтын шынымен де шыжық оқиға. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров көзі тірісінде Шымкентті қайтсем абаттандырамын деп жанталасып өтті. Күл-қоқыс алаңын аршытып, қалаға тыныс беретін дендросаябақ салдырды. Шаһардың өкпесі болып тұрған осы дендросаябақ болмаса қала тұрғындары бүгінде противогаз киіп жүрер ме еді деп те ойлаймыз.Асанбай ағадан мұра болып қалған зообақ пен атшабар (ипподром) да қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуаныштары. Бір ошақтың үш аяғындай осы үш игілікті қала тұрғындары ешнәрсеге де айырбастығысы келмейді. Бірақ, майлы да жайлы жер көрсе қона кететін шыбынға ұқсап көрікті де керекті маңай көрсе иектеп жүріп алатын майшелпек іздегіштер қазір құмырсқадай өріп жүр. Басқа-басқа емес, бір дәудің көзі тап осы атшабарға түсіпті. Атшабарға қай бәтшағардың көзі түскенін кейірек айтамыз, бірақ тап осы жерді басқаға көзі қиып ешкім де бергісі келмейтіні анық. Өйткені, мереке күндері Наурыз алаңында, этноауылда салтанатты шараларды тамашалаған көпшілік іргедегі атшабарға оңай жетеді. Одан әрегірек таяқ тастам жерде дендробақ жатыр. Ипподром көшірілсе көркем де келісті суреттің бір бүйірін әлдекім жұртып алғандай көңіл шіркін құлазып, жетімсіреп қалатындай . Иә, қашан да бүтінді бүлдіру оңай, қайта қалпына келтіру қиын. Алайда, Шымкент қаласының әкімшілігіндегілер бұған қарсы дау айтады. «ВI Group» компаниясы Шымкентке анау-мынау емес, 135 миллиард теңгенің инвистиясын салмақ көрінеді. Құрылысқа алты мыңға тарта құрылысшы тартылады. 2500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаман ба осы? Әрине, жақсы. Бек жақсы. Компания өкілдері өз тұжырымдамалары аясында осы жерден ерекше балаларға арналған «Жұлдыз-ай» оңалту орталығын салуды мойындарына алған. Мұндай орталық Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан басқа ешжерде жоқ көрінеді. Компания басшылары қаланың солтүстік бөлігінде 500 мың шаршы метр аумақта заманауи әкімшілік-тұрғын үй кешенінің құрылыс жобасын ұсынғанда оған Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, компания басшысы Айдын Рахымбаев қатысқан. Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамытәлиевтің айтуынша, әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды аталған компания өз қаражатына салып бермек. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме қазақ. Осы келісім үстінде қала басшылығы «тұрғын үй салынатын аймаққа мектеп пен емхана да салып бересіздер ме?» деп сауал тастамайды ма? Сонда компания бұған бірден келіскен көрінеді. Бұдан бөлек компания «Тұлпар» көлінің аумағын абаттандырып беруге де міндеттелген. Япырмау, бұл не қылған батпан құйрық? Айдалада не қылып жатқан құйрық? Атшабардың астына біреу алтын көміп кеткен бе? Осынша құрылыстарды сала берсе компанияның өзіне не қалады? Иә, әр кәллада бір қиял. Әзірге естігеніміз, қала сыртынан жаңа атшабарға 24 гектар жер бөлінген. Демек, ерте ме, кеш пе атшабар қала сыртына көшеді. Ал, зообақ ше? Ол жаңа құрылыс салынатын жерге иек сүйеп тұр ғой. Ал талап бойынша тұрғын үйлердің маңына зообақ салуға болмайды. Сонда зообақты да қала сыртына шығаруға тура келер. Қаланың қақ ортасындағы зообаққа оқушылар келе алмайды. Ол қаланың шетіне «жер аударылса», жануарлар әлемінен балалар тіптен жырақ қалады десеңші. Зообақ демекші, осы мекемеге әу баста 52 гектар жер бөлінген. Зообақтың айналасынан әлдебір әкімнің тұсында тұрғын үйлер үшін 22 гектар жер сатылып кеткен. Тістеген жерінен тастай қатып айырылмайтын сасық күзең деген аң болады. Сол секілді ипподром орналасқан жерге көзің қадап, айырылмай отырған компания басшыларының көздегені не? Қала тұрғындары осыны айтып шуласады. Ал, қазір қала әкіміндегілер қоғамдық тыңдау өткізілмегенін айтып, халықты тыныштандырып отыр. Қоғамдық тыңдау қалтарыста өтсе ше?.
Тутанбалы ДӘНІҚҰЛ