«Бүкіл әлем микротолқынды пешке айналуда. Адамдар денесін көзге көрінбес миллиардтаған код тесіп өтеді». Құзырлы органдар тыныш ұйықтай берсін: бұл қазақстандықтардың WhatsApp-пен таратып жатқан кезекті фейк-хабарламасы емес. Бұл – халықаралық қоғамдастықтың бойын буған 5G-ге қатысты үрей.
Қазақстанда тіпті 2,3,4 G-лер барлық жерде бірдей аулай бермейді, ал әлем 5 G туралы сөз етуде. Ол әңгімелердің арасында қорқыныштысы да жетерлік. 2017 жылдың қыркүйегінде Еуропалық комиссияға «кәрі құрлықта» 5 G ұялы желілерінің кеңеюіне мораторий жариялауды талап еткен мәлімдеме тапсырылды. Онда радиациялық деңгейдің еселеп артатынына байланысты адамдар денсаулығына келетін зиянға, теріс неврологиялық әсеріне алаңдаушылық білдірілген. Еуропалық зиялыларды адамзат пен ғаламшардың тағдыры толғандырады:
«Біз, төменде қол қойған ғалымдар мен дәрігерлер, өндіріспен байланысты емес тәуелсіз ғалымдар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал қауіп-қатерді толық зерттегенше бесінші буындағы 5G желілерін өрістетуге мораторий енгізуді ұсынамыз. Қолданыстағы 2G, 3G, 4G, Wi-Fi сыртында іске қосылатын 5G өз кезегінде радиожиілікті электр-магниттік өрістер (RF-EMF) ықпалын айтарлықтай арттырады. Радиожиілікті электрмагниттік желі адамдар мен табиғатқа зиян келтіретіні дәлелденіп отыр» делінген хатта.
Жаңа 5G сымсыз технологиясы миллиметрлік толқындарды пайдаланады, әрі 4G-ге қарағанда, әлдеқайда үлкен қуатқа ие фотондар түзеді. Демек, ғалымдардың байламынша, оның адам мен жан-жануарға қауіпсіз екенін дәлелдемей, қолданысқа енгізу – ақылға қонымсыз. Алайда америкалық профессор, философия докторы Рональд Пауэлл бұл бизнестің жаһандық нарығы қару-жарақтан 3,5 есеге артық болғандықтан, өндірушілер оны жаппай енгізуге асығатынын айтады.
– 5G-мен бірге, таратушы құрылғылар мен коммутаторлардың жоғары шоғырландырылған желісі де пайда болады және олар да радиация деңгейін біршама арттырады. Қазір бұл нарық 7 триллион долларға бағалануда. Онда өз үлестерін иеленіп қалуға барлық ірі мемлекеттердің өндірушілері өте ынтық, – дейді Р.Пауэлл.
Батыстық әріптестерінің пікіріне азиялық зерттеушілер де қосылады.
– Өкінішке қарай, болашақ зерттеулердің қорытындысы не көрсететініне қарамастан, 5G технологиялары барлық жерде кең қанат жаяды және бәрін кері қайтару мүмкін болмайды. Өйткені адамзат өз болашағын сонымен байланыстырып отыр. Бұл – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай: Жердегі барлық тұрғындар адамның өз қолымен жасалған құрылғылардың жаппай сәулелендіруіне ұшырайды. Сол кезде түбегейлі тексеріліп, зерделенбеген технологиялардың енгізуіне рұқсат берген шенеуніктер мен ғалымдар жауапкершілікке тартыла ма? Жауап қарапайым: жоқ! Сырқаттардың 5G салдары екенін дәлелдеуге, өзара байланыстыруға ондаған жылдар кетеді. Ол кезде әлгі жауапты тұлғалар не зейнеткерлікте, не зиратта бола-
ды, – дейді Мумбайдағы ақпараттық технология ғылыми институтының электртехника кафедрасының профессоры Гириш Кумар.
Осы мазасыз пікірлердің өршуіне байланысты көрші Ресейде Цифрлы даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар, Денсаулық сақтау министрліктері мен Мәскеу билігі бірлесіп, 5G жиіліктерінің адам ағзасына ықпалын зерттеуге кірісті. Оған дейін жыл соңына қарай солтүстік көршіде 5G-дің бірінші базалық стансасы пайда болмақ. Ол Цифрлы даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрінің орынбасары Олег Ивановтың жұмыс кабинеті терезесінің алдына орнатылады. «Оның әсерін осылай өзім сынақтан өткіземін!» – деп күрсіне күлімсірепті шенеунік.
Қазақстандық жауапты тұлғалар мұндай проблемадан азат. 5G технологиялары елімізде, ең алдымен, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті және EXPO кешені аумағында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Одан кейін 2022 жылы елордалық халықаралық әуежайда, теміржол вокзалдарында, сондай-ақ ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында іске қосылмақ. Тек содан кейін ғана 2023 жылы 5G республикадағы барлық облыс орталықтары мен мегаполистерде енгізіледі деп жоспарланған.
Әзірге Қазақстан тек дайындық жұмыстарын жүргізуде. Үкімет тиісті Жол картасын мақұлдады. 5G ұялы байланыс түрі елорда мен Алматыда тестілік сынақтан өткізілген. Енді 2019 жылғы қазанда Шымкент қаласында сынақ өткізу жоспарлануда.
5G-ді ел Үкіметі енгізу кезінде оның адам денсаулығына әсері ескерілетінін мәлімдеді. Сарапшылар байламынша, бұл салада жан-жақты зерттеулер жүргізу Қазақстан үшін қолжетімсіз іс. Сондықтан мемлекет әлемдегі зерттеулерге жүгінбек. Расында, Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев журналистердің сауалына жауап бергенде, осы қазан айында Мысырда Халықаралық электрбайланысы одағының отырысында 5G желісінің адам денсаулығына тигізетін әсеріне талдау жасалатынын, Қазақстан соған назар аударатынын жеткізді.
– Сол дүниежүзілік форумда нақты стандарттар да анықталады. Стандарт 2021 жылы түпкілікті бекітіледі деген болжам бар. Біздің ойымызша, Халықаралық электрбайланысы одағы 5G технологияларының стандартын айқындағанда оның адам денсаулығына әсері мәселесін де басшылыққа алады. Бұл бағыттағы барлық түйткілдер тиісті сынақтар нәтижелеріне сай талданады. Әйтпесе, денсаулыққа кері ықпал ететін технологияларды ешкімнің де енгізгісі келмейтіні анық, – дейді министр А.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, 5G-ді енгізуге Қазақстанда да баса маңыз берілуде:
– Бұл – цифрландыру үшін өте маңызды мәселе. Ол қазір күн тәртібінде тұрған барлық технологиялық мәселелерді шешіп бермек. 4G технологияларымен салыстырғанда, 5G технологиялары жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Соның арқасында кеңжолақты ұялы байланыс қолжетімді болады. Сонымен қатар device-to-device режимдерін, құрылғылар арасындағы өте сенімді әрі кең ауқымды байланыс жүйелерін пайдалануға жол ашылады. Кідіріс уақыты қысқа болады, интернет жылдамдығы 1-2 Гбит/секундтан асады. Жабдықтың батареясының қуаты аз шығындалады. Осының бәрі заттар интернетінің серпінді дамуына септеседі, – деді министр.
Ел Үкіметі және жауапты құрылым «Қазақтелеком» 5G-ді бізде ендіретін вендорды да нақты анықтаған жоқ. Әзірше тек бірнеше вендордың технологияларын қарастырып жатқаны мәлім.
Әлемдік алпауыт елдер болса, үдемелі түрде ілгері жылжуда. Мәселен, жиіліктер диапазонын таңдауда жаһандық үрдістерге сай болуға тырысқан іргедегі Қытай 5G ендіру бойынша көшбасшылық орынға шыға бастады. Ал АҚШ пен Ресей бұл істе өз жолын таңдап, ұлттық қауіпсіздікке басымдық беруде.
Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде 5G үшін 3,4–3,8 ГГц диапазоны бөлінген: біріншіден, ол дүниежүзінің көп бөлігінде бос, екіншіден, жабдық өндіру кезінде ірі әлемдік вендорлар да соған бағдарланады. Бірақ бұл жиілікті Ресейде әскерилер мен «Роскосмос» иеленіп отыр. Бір қызығы, дәл осы себеппен, АҚШ-та бұл атыраптағы жиіліктерді бизнеске бере алмайды. Ресей президенті Владимир Путин аталған диапазонды пайдалануға қарсы шыққан Қауіпсіздік кеңесінің ұстанымын мақұлдады. Оның орнына көршіде 4,4-4,9 ГГц және 24,5-29,5 ГГц ұсынылуда. Сәйкесінше, 2019 жыл соңына дейін осы диапазондардағы жиіліктерге бірінші аукциондар өткізілмек.
Қазіргі уақытта Еуропалық одақ елдерінің басым көпшілігі, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония бесінші буындағы желілерде қолданылатын жиіліктер спектрін анықтап болды.
Бұл салада дара даңғылын төсеуге ұмтылған АҚШ болса, 6 ГГц-тен жоғары диапазондарға 2 аукцион өткізді. Жыл аяқталғанша, тағы 3 аукцион ұйымдастырмақ. Сарапшылардың пайымдауынша, Құрама Штаттар осы арқылы ҚХР-дың және оның Huawei телекоммуникациялық компаниясының 6 ГГц-тен төмен жиіліктерде күшейіп келе жатқан жаһандық үстемдігіне қарсы тұғырнама түзуде.
Көрші Қытайда ұялы операторлар жиіліктерді өзара бөліп алды. 2019 жылғы маусымда ҚХР үкіметі China Unicom, China Telecom және China Mobile ұялы операторларына 5G желілерін коммерциялық пайдалануға лицензия берді. Рұқсат құжаттарына сәйкес, олар Қытайдың қырық ірі қаласында бесінші буындағы желілерді тұрғызуға кіріскен.
Қазақстан жиіліктерді алдағы жылдары нақты айқындауы керек. Дүниежүзінің көптеген елдерінде 5G желілері 3–4 ГГц диапазонында коммерциялық қолданысқа беріліп жатқандықтан, елімізге де осы жиілік аралығын таңдауға тура келетінге ұқсайды. Өйткені төл жолын таңдайтындай, еліміз ірі емес, халқы аз. Әлемдік операторлар біздің ұялы байланыс операторларымен әртүрлі жиілік диапазонында роумингаралық келісім бекітуден бас тартуы ықтимал.
Түйін.
5G берері көп. Мәселен, өздігінен басқарылатын автокөліктер, телемедицина, ақылды үйлер, заттар интернеті, бейнестриминг, әлеуметтік желілер және басқа салалар біз білмеген мүлдем жаңа сатыларға көтерілетін көрінеді. Ол туралы көп жазылуда. Алайда халықаралық тәжірибе бұл істе асығыстық жақсылық әпермейтінін анық аңғартып отыр. «Асығыс түбі – өкініш» деп өсиет етіпті Ж.Баласағұн. Ендеше, Қазақстан өзгелердің қателіктерін қайталамау үшін алпауыттар тәжірибесін талдап, тек өзін-өзі ақтаған жолдармен абайлап қимылдағаны жөн.