Көршім көзінің жасын тия алмай былай деді, бүгінгі мектептердегі онлайн сабақтар балшық, лай деді: –Әй, онлайын сабағыңа дайындал! –дедім бесінші сыныпта оқитын балама. –Әке, қазір. –Әй, сабақта трусишең отыра ма екен? –Әке, кеуде жағым көрінбейді ғой. Ақ көйлек киіп алғанмын. –Мектепке осылай барушы ма едің? –Мектеп емес қой, үйдемін. –Мектепке барғандай отыр. Балам шалбарын киіп алып, онлайн сабақ оқып отырған. Бір кезде ішек-сілесі қатып күлгені... Тырқылдап күлгенде, тарақанның өзі тоқтай қалып, таң қалғандай болды. Шыдамның да шегі бар, оқи алмаса, онлайнға үңіліп, несі бар? Басына шапалақпен сарт еткізіп, құйрығына бір теуіп, ұялы телефонына үңілдім. Қарасам, тырдай, абыройдан жұрдай, жалаңаш қыз көрінгені. Көзімді уқалап жіберіп, қайта қарадым. –Мұның не? Мен саған онлайн сабағыңды оқы дедім ғой? –Ой, әке, онлайн сабақ оқып отырмын. –Өй, мынауың секс сабақ қой? –Әке, өзінен өзі қосылып кетті, онлайн сабаққа... Баламды басынан нұқып жіберіп, қолындағы ұялы телефонын жұлып алдым. Балам кетті бұртиып. Содан, секс сабақты өзім оқи бастадым. Алғашқыда жыным келгенімен, өзіне баурап алып барады-ей? Әдемі, сұлу жалаңаштың сұлу мүсініне тамсанып, сілекейім ағып, ыржиып отырғанмын. Біреу басыма салып қалды. Қарасам, кәйіпті бұзған әйелім екен. –Не көріп, неге төніп отырсың? –Сабақ оқып... Онлайн. –Оңбаған, онлайнның саған қандай қатысы бар? – деп сұрады әйелім. –Енді... Балама түсіндірейін деп... Ол ұялы телефонымды қолымнан жұлып алды. Ашуланып, бетіме шапалақпен салып қалды, мұны көрген ала мысығым шалқасынан түсіп, талып қалды. Ұрыс-керіс басталмай тұрып, далаға зыттым. Бір кезде, есіктен ақырын сығаласам... Ақырын сығаласам, әйелім секс сабақты бастап кетіпті. Енем де ентелеп есіктен басын қылтитты. Кеше қыдырып келген болатын. Жетіп барып, қызына ұрысты: –Дап-дардай болып, жалаңаш еркектерді көріп отырғаның не? О, ұятсыз, көргенсіз! Әкел бері! Жоғал! Енем етпетінен түсе жаздап, қызының қолындағы ұялы телефонды жұлып алды. «Ұятсыздар!» деп қызын өтірік ұрып алды. Содан әйелім екеуміз шәйден бір-бір ұрттап, есіктен басымызды қылтитып қарасақ... Мәссаған, әжеміз әжептеуір адам екен, сықылықтап күліп отыр, сұмдықтың ұятсыз порно екенін біліп отыр. Құдайым-ау, онлайн сабаққа сексті сығалатып жіберген кімдер екен? Қандай қағынған кибер хакерлер екен? Осыны білім министрлігіндегілер о бастан қадағалап, қауіпсіздіктің шегесін қақпай ма ? Басым бөшке, көңілім солып қалған кәртөшке болды! Бұл «Зумдағы» зина ғой! Ел астанасындағы алғашқы оқу күнінде онлайн сабақтың порно бейнелермен араласып кеткені қызық емес, шыжық болды! Әлдекімдер порно-бейнені онлайн сабақ барысына әдей қосып жіберіпті! Бесінші сынып оқушылары сабақ оқып жатқанда, ұятсыз бейнелер қөз алдарнына шыға келген ғой! Математика емес, порноматика болды! Бұл деген зум қосымшасының сапасы мен деңгейін масқаралап берді емес пе? Неліктен осы күнге дейін онлайн оқытудың сапалы платформасы жасақталмаған? Осы сұрақтар талайлардың таңдайын қақтырды. Онлайнға деген көңілдерін көңнің арасына лақтырды. Елімізде 2 миилионға жуық сабақ өтсе, оның 80 мыңдайы онлайн болыпты. Кибер шабуылдарды саралау және зерттеу орталығының президенті Олжас Сәтиев мырза былай деді: «Онлайн әжуә бүгінгі интернет желілерінде кеңінен таралған. Желіде жүгенсіздік жасайтындар кез-келген онлайн сабаққа қосыла салып, ойына келген порноларын көрсете береді. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін оқыту платформасын ауыстыру керек. Әр оқушыға өз атынан құпия сөзді енгізіп кіретін болса, қауіпсіздікті арттыруға болады.». Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап деген осы. Өйткені, ТМД елдеріндегі оқушылардың әлеуметтік желіде ортақ чаттары бар екен. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева не дейді екен: «Бүгінде әр мектепте информациялық технологияларға жауап беретін директордың орынбасарлары бар. Олар информатика пәндерінің арнайы мамандары. Бұл келеңсіздік бәріміздің көңілімізді түсірді. Негізінде зум қосымшасымен жұмыс істемейтінбіз. Бірінші күні барлығында логин мен құпия сөздері болмаған соң, осы қосымшаға жүгінген болар?» Сонда дейміз-ау, бұл қауіпсіздіктің алдын неге алмаған? Құпия сөздер мәселесін неге ертерек зертемеген? Неге біз кеш қимылдаймыз?
Мұхтар ШЕРІМ