Ол түс көрді. Түсінде сұмдық іс көрді. Төсекте тырп етпей жатса, қасына балта ұшып келді. Сосын, сөйлеп кетті. –Сен жақсыыы көремін! –деді балта. –Ойбай, балта да сөйлей ме екен? –Сені әйеліңнен қызғанамын. –Ойбай, ұрғашы балта бола ма екен? –Болады, Түр орныңнан, әйелің екі қызын ертіп, төркініне кетіп барады. –Қой-ей? –Сенің күнде ішіп келіп, тепкінің астына алғаныңа көрсеткен қыры ғой! –Мен оған көрсетемін қазір! –Тоқта, кино көрсетесің бе? –Ұрып жығамын! –Қолыңа мені ұста! Менімен ұр! –Өліп қалмайды ма? ¬–Өле берсін! –Соттайды ғой? –Сені соттамайды! Мені соттайды! –Түк сүсінбедім? –Кәнешнә, түсінбейсің. Ішіп алыпсың. Оны өлтірген кім? Мына мен! Сондықтан мені, балтаны соттайды! –Қой-е? –Кеттік! Түркістан облысы, Абай ауылының тұрғыны, 51 жастағы Тоғанмұрат Матқұлов осындай түс көргенімен, шошып оянып, басын қос қолдай ұстап, отырып қалды. Сосын: –Қатыыын! –деп дауыстады. Ешкім үн қатпады. –Қатын деймін! –Мияу! – деген мысық мияулап, аяғына оралды. Ол оны бір теуіп, орнынан ұшып тұрды, кеше көп ішкендіктен бе, есік алдындағы ағашқа сүйеніп, лоқсып тұрды. Шынында, әйелі де, екі қызы да жоқ. Қаны басына «таксилетіп» келді. Қолына балтаны ұстай алып, көшеге атып шықты. Көз ұшында әйелі мен екі қызы жаяу кетіп бара жатыр екен. Тұра жүгірді. Далбақтап. Екі көзі алақтап. Тілі салақтап. –Қайт үйге! –деп айқай салды жеткен бойда. –Қайтпаймын! –Қайтасың! О, шешең... О, әкең... –Бізді жібер! –Солай ма? –Солай. –Онда сені балтамен ұрып құлату оңай. –Таста балтаңды, мен саған отын емеспін. –Отын болмасаң, қотунсың! –деп бұрмалай сөйледі ол. Сөйтті де, балтаны әйеліне сілтеп қалды. Балта шексінен жанай тиіп, тіпті бір көзін ағызып жіберді. Қыздары шырылдап араға түсті. Бірақ қанішер әке қайтпады, балтасын сілтей берді, сілтей берді. Абырой болғанда, көшеде кетіп бара жатқан жігіттер ажыратып әкетті. Олай болмағанда, өлтіріп тынар еді. Мұндай әйелдерге жасалатын зорлық, зомбылықты саусақпен санап шыға алмайсың. тым көбейіп кетті. Бензин құйып өртегіштерді де естіп, жағамызды ұстадық. Сот Т. Матқұловты 11жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Ал, ауруханада мейірбике болып істейтін Әлия Әйтімованның бір көзі ағып, қазір мүгедек болып қалған, Тіпті, жұмысқа да жарамайды. Сонда деймін–ау, қатігез, қанішер отбасы Т. Матқұлов не ұтты? Шекесіне қарағайдай мүйіз шықты ма екен? Әлде, түсінде көрген балтасын да соттау керек пе еді? Ой, тоба!
Жатыпатар ЖАНЫС