Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қапшағай гарнизонында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдерін, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімін дабыл бойынша көтерді.
Басты мақсат – бөлімшелердің арнайы тапсырмаларды орындау қабілетін тексеру.
Толықтай жауынгерлік дайындықтан соң әскери бөлімше белгіленген аудандарға марш жасап, ол жерде қойылған оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Командирлер әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларда күтпеген шешім қабылдап, тоқтатып, қайта жалғастырып, жауынгерлердің шеберлігін сынады.
Тексеріс барысында жеке құрамның қару-жарақпен жаттығу жасауына, шалт іс-қимылына, нысананы дәл көздеген тәжірибесіне, жауынгерлік даярлық бойынша талаптарды нақтылауға ерекше назар аударды.
Нәтижесінде, Қорғаныс министрі жауынгерлер қашанда сақадай сай сапта тұруы тиіс екенін айтты. Әскери шеберлікті шыңдауға нақты тапсырмалар берді.