Жұма күні талдықорғандықтар қала күнін тойлады. Талдықорғанның туған күніндегі басты жаңалықтардың көш басында жүз отбасының баспаналы болуы тұрғанын айта кеткен жөн. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, қала күніне дейін күйі келмей жүргендердің үлкен бір тобы қуанышқа кенелді.
Алматы қаласынан Талдықорғанға жеткізетін, қайта төселгеніне бірнеше жыл ғана болған күре жолдың сол қапталында салына бастаған коттеджді қалашық алға жылжыған айлармен бірге қанатын кеңге жайып, көріктене түскенін көзбен көріп жүретінбіз. Сәулеті ерекше дербес үйлерге тұру бақыты кімдерге бұйырады екен деп қиялдаған кездер де болғаны рас. Ақыры осы қалашықтағы алғашқы үйлер пайдалануға берілді. «Береке» деген баршылық пен ынтымақты меңзейтін атауды иеленген шағынаудандағы коттеджді қалашықтағы дайын болған тұрғын үйлердің кілттері бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен ауған соғысы ардагерлеріне берілді.
Баспаналы болғандардың қуанышын бөлісуге жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі де арнайы келіп, жаңа үйлердің кілтін тапсыруға қатысты.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа қалашықта адамға қажеттіліктердің барлығы ойластырылған. Инфрақұрылым толығымен тартылған. Алдағы кезде әлеуметтік және тағы басқа халыққа қызмет көрсететін нысандар да салынады. Құрылыс барысын жеке бақылауымда ұстадым. Сапа мен қолайлығына ерекше назар аудардық. Барлығы дұрыс деп ойлаймын. Қоныстойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызды құт-берекеден айырмасын. Жаңа үйде бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, бақытты болыңыздар! – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу жерінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар, болашағы жарқын жобалар жайлы да жан-жақты айта кетті. Талдықорғандықтардың шақыруымен қала күніне арнайы келген ғарышкер, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов те қуанышқа ортақтасты. Толғанысты тілегін білдіріп, бірнеше үйдің кілтін жерлестеріне өз қолымен табыс етіп, құттықтады. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр-Шапағат» ЖШС директоры Қайрат Кереев, көпбалалы ана Злиха Нұрсейітова, ауған соғысының ардагері Мұрат Амитов және тағы басқалар құтты болсын айтты. Облыстың Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков бата берді.
Алматы облысындағы көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға және тағы да басқа әлеуметтік тұрғыдағы көмекке мұқтаж жандарға баспана алып беру мәселесінің шешілуіне кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар үлкен үлес қосып отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан шарапатты іске ат салысқан бір топ жергілікті кәсіпкер осы жолы да қарап қалмай, ауған соғысы ардагерлеріне өз қаражаттарына баспана алып берді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы