«Адамдарға алаңдар» - Алматыны тұрғындар үшін қолайлы ете түседі
«Адамдарға алаңдар» - Алматыны тұрғындар үшін қолайлы ете түседі

"Бюджет қаржысы көбіне қала орталығына және орталықта өтетін ірі фестивалдерге ғана молынан бөлінеді"

Алматы алып шаһар болғандықтан оның жұмысын үйлестіру, қаланы адамдарға ыңғайлы етіп жобалау, жоспарлау да оңай емес. Тіпті бұл ауқымды шаруа жалғыз әкімдік пен оның құрылымдарының да қолынан келмеуі мүмкін. Есесіне, жалынды жастардың қолынан келеді. Жас урбанистер тобы біраздан бері «Адамдарға алаңдар» жобасын бастаған. 

Cityzen Space бюросының өкілі, осы жобаның ұйымдастырушысы Әнел Молдахметованың айтуынша, жоба – қаланың шеткері аудандарындағы қоғамдық кеңістікті зерттейді, әрі ол жақтарда не жетіспейтініне баса көңіл аударады. Жастар тобы осыған дейін «Саялы», «Зерделі», «Шаңырақ» ықшам аудандарында болып, тұрғындармен пікірлесіп, олардың ұсыныстарын да назарға алған. 

«Мәселен «Саялы» ықшам ауданында көпқабатты үйлер жанында тек бірді-екілі азық-түлік дүкені мен жертөлелер ғана бар. Басқа ештеңе жоқ. Шарамызды мұнда жасау себебіміз – адамдармен сөйлесу, олардың көзқарасын білу, балалардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау. Келген адамдардың 95 пайызы – 3-12 жас аралығындағы балалар» дейді архитектор Әділ Әжиев. 

DSCF1212.jpg

«Адамдарға алаңдар» тобы жоба аясында дамудан тысқары қалып жатқан қаланың шет жағындағы ықшам аудандарға арнайы сапарлап, уақытша қоғамдық кеңістіктегі жылжымалы павильондар әзірлеген. Ол жерде адамдар мен балалар уақыттарын пайдалы өткере алады. Осы арқылы топ қаланың және оның шет ықшамаудандарының дамуына жергілікті тұрғындардың тікелей ықпал етуіне мүмкіндік бермек. Сондай-ақ ұйымдастырушылар архитекторларды, суретшілерді, белсенділерді және шет аудандардың уақытша қоғамдық кеңістігін жасауға қатысуға ниет білдірушілерді шақырған. Ондай сарапшылар қатарында Ұлыбританиядан келген Кейт Стюарт, Мексикадан келген Летисиа Лозано сияқты мамандар бар.

Мәселен, «Адамдарға алаңдар» тобы «Думан – 2» ықшам ауданында болып, тұрғындарға арнап үстел ойындарын (шахмат, дойбы), балаларға арналған түрлі шеберлік сыныптарын ұйымдастырған. Сонымен қатар бағдарламаға – сурет салу, слайм жасау, лего жинау, би жарысы, караоке жобалары да енгізілген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған ауданда кішігірім саябақ болғанымен, көшелері тар әрі жөндеуден өткізілмеген. Тұрғындар мектеп пен балабақшаның жетіспеуіне жиі шағым түсіреді екен. Сонымен қатар балалар ойнайтын алаңдар да қарастырылмаған.

DSCF1269 (1).jpg

«Біздің топ «Саялы» және «Зерделі» ықшам ауданындарында шағын зерттеу жүргізді. Біз бұл шағын аудандарда балалар ойнатын алаңдарда көлеңке мәселесі қарастырылмағына көзіміз жетті, алаңдарда ағаштар жеткіліксіз, жалпы көгаландыру жұмыстары нашар жүргізілген, «Саялы» ықшам ауданында балаларға арналған футбол алаңыда жоқ, ересек адамдарға демалып отыратын қоғамдық орындар жеткіліксіз. Тротуарлар бұзылған, балаларға өте қауіпті.

Сондай-ақ «Шаңырақ-1» және «Шаңырақ-2» ықшам аудандарында қоғамдық орындардың жеткіліксіз екенін білдік, көлеңке жоқ, себебі ағаштар аз, саябақтар, тротуарлар және ойын алаңдары жоқ. Алатау әкімдігі жанында бір ғана ойын алаңы бар, бірақ ол жерде күндіз ойнау мүмкін емес. Себебі, көлеңке жоқ» дейді ұйымдастырушылар.

«Бюджет қаржысы көбіне қала орталығына және орталықта өтетін ірі фестивалдерге ғана молынан бөлінеді. Көп жағдайда шаһардың шеткері аудандары мұндай игіліктен қағыла береді. Сол себепті, біздің жобаның мақсаты – адамдардың назарын шет аудандарға және ол жердегі мұқтаждықтарға аудару. Бір жағынан біздің шараға көп адам жиналады. Бұл көршілердің де ынтымағын арттыра түседі» дейді ұйымдастырушы, Cityzen Space бюросының өкілі Әнел Молдахметова.

Жоба қалалық қазынадан бір тиын алмайды. Қаржылық тұрғыдан Алматы дамыту орталығы, АҚШ бас консулдығы, WeAlmaty жобасы және Crea_ve Producers Interna_onal (Ұлыбритания) қолдау көрсеткен. 

«Зерделі» ауданының тұрғыны Алтынай Жылқыбайқызы ықшам ауданның енді-енді ғана ретке келіп жатқанын айтады.

«Бес жыл бұрын көшіп келгенімізде балалар ойнайтын да жер болмаған. Былтырдан бастап біртіндеп қолға ала бастаған сияқты. 8 жастағы бір ұлым бар. Нағыз ойнайтын уақыты ғой. Сабақтан келген соң уақытымен сыртқа шығарып, ойнатып тұрамын. Бүгінгі шара балалардың ой-өрісінің дамуына, белсенділігінің артуына көмектеседі деп ойлаймын. Түрлі кітаптарды көріп, музыка тыңдап, кино тамашалап, бір-бірімен араласып мәз болып жатыр. «Адамдарға алаңдар» жобасы осындай шет жақтағы аудандардың инфрақұрылымын дамытады деп сенемін» дейді Алтынай.