Біз, еуразиялықтар, бірге болуымыз керек - Қасым-Жомарт Тоқаев
Біз, еуразиялықтар, бірге болуымыз керек - Қасым-Жомарт Тоқаев
159
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде өткен Валдай форумындағы пікірталасқа қатысты өзінің пікірін білдіріп, Instagram аккаунтында жазба қалдырды.

«Жуырда Сочиде өткен Валдай форумында әлемдік саясаттағы Шығыс пен Еуразияның рөлі туралы қызу пікірталас өрбіді. Сонда Қазақстанның да, Ресейдің де Азия мен Еуропаның ортасында жатқан еуразиялық мемлекеттер екенін мәртебелі сарапшылардың естеріне салуыма тура келді», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей географиялық жағынан да, тарихи тұрғыдан да, менталдық ерекшелігімен де тығыз байланысты екенін алға тартты. «Осының бәрі саясатқа, өмір салтымызға, халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің тағдырына ықпал етеді», - деді ол.

«Иосиф Сталиннің өмірбаянынан мына бір дерек орынды мысал болса керек.
1940 жылы Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдайды. Сонда Сталин Жапонияның Совет Одағына шабуыл жасауы ықтимал екенін біле тұра, "Біз, азиаттар, бірге болуымыз керек" деген екен.
Әрине, мен Сталиннің жақтаушысы емеспін, дегенмен, оның пікірімен келісем: біз, еуразиялықтар, бірге болуымыз керек», - деп сөзін түйіндеді Қ.Тоқаев.