Зейнеткердің өтінішін аяқсыз қалдырмады
Зейнеткердің өтінішін аяқсыз қалдырмады
178
оқылды
Жалпы, мәселелердің 52%-ы оң шешімін тапса, 46%-ы түсіндіру жұмыстары арқылы реттелген, қалған 2%-ы бойынша қазіргі кезде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында ғана Павлодар облысының «Nur Otan» партиясы филиалына кел­ген зейнеткер Марғуаш Әбдіғалымова медициналық кереует алуға жәрдемдесуін сұрап, партияның көмегіне жү­гінген. Айта кетейік, 80 жастағы әжейдің қарауында бүгінде мүгедек арбасында отыратын үш адам бар. Оның бірі 82 жастағы жұбайы, І топтағы мүгедек Рашид Нурханов. Сондай-ақ бала жастан ДЦП-мен ауыратын І топтағы мүгедек қызы мен ұлына да зейнеткер ана күтім жасап отыр. Партияның қамқорлығына алынған Марғуаш Әбдіғалымо­ваның басына түскен ауыртпалық қоғамдық қабылдаудағы азамат­тарды да бейжай қалдырмады. 2019 жылдың көктемінде атал­­ған отбасына үшінші қа­бат­тан пәтердің кілті табыс етіл­ген болатын. Бірақ отбасы мүше­леріне үшінші қабатқа арба­мен көтерілу және түсу үлкен қиын­дық тудырды. Сонымен қатар пәтердегі есіктер де арбалардың еркін өтуіне ыңғайлы болмады. Зейнеткер осы мәселелерді айтып бірнеше рет жергілікті атқарушы органдардың көмегіне жүгінгенмен, біраз уақыт нақты іс-шаралар қабылданбады. Кейін осы мәселе бойынша партияның облыстық филиалы жедел және жоспарлы жұмыс­тарға кірісіп, есіктерді кеңейтіп берді. Сондай-ақ бұл отбасыға «Халыққа көмек» және «Ке­дер­гісіз келешек» партиялық жоба­лары аясында жыл сайын азық-түлік, киім-кешекпен де көмек көрсетіліп келеді. Құрбан айт кезінде де аталған отбасы мүшелеріне ет беріледі. Сонымен қатар Birgemiz республикалық акциясы аясында Марғуаш Әбдіғалымованың балаларына 50 мың теңге көлемінде қар­жылай көмек көрсетілді. Ал 2020 жылдың ақпан айында зейнеткердің ұлы Дидарға Павлодар қаласындағы Ғ.Сұлта­нов атындағы облыстық ауру­ханада ота жасалды. Бірақ қазіргі кезде Дидар өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан Марғуаш Әбдіғалымова партияның қо­ғамдық қабылдауына келіп, ұлына арнайы медициналық төсек сатып алып беруін сұра­ды. Осы мәселе бойынша «Алю­ми­ний Қазақстан» бастауыш пар­тия ұйымы медициналық кереует сатып алу үшін зейнет­кердің шотына 110 мың теңге аударып, қаржылай көмек көрсетті. Елімізде төтенше жағдай мен карантин енгізілген кезде де көптеген азамат қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көмегіне жүгінді. Осы ретте ең өзекті мәселелер де анықталды. Атап айтар болсақ, ақшалай көмек – 72%, Birgemiz қоры арқылы азық-түлік себеттерімен көмек көрсету – 21,6%, медициналық маскалармен қамтамасыз ету – 2,6%, мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алу 2,4% болды. Партия соңғы айда каран­тинге байланысты өтініштердің саны 7%-ға азайғанын, керісін­ше праймериз мәселелері бо­йын­ша өтініштер саны 5%-ға арт­қанын атап өтті. Айта кетейік, аза­маттардың өтініштерін мони­торингілеу және бақылау үшін республикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесіне апта сайын өңірлердегі жедел желі те­ле­фондарына бақылау қоңы­рау­лары жүргізіледі.  

Әбілмансұр ЖАСАН