Жалпы, мәселелердің 52%-ы оң шешімін тапса, 46%-ы түсіндіру жұмыстары арқылы реттелген, қалған 2%-ы бойынша қазіргі кезде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында ғана Павлодар облысының «Nur Otan» партиясы филиалына келген зейнеткер Марғуаш Әбдіғалымова медициналық кереует алуға жәрдемдесуін сұрап, партияның көмегіне жүгінген. Айта кетейік, 80 жастағы әжейдің қарауында бүгінде мүгедек арбасында отыратын үш адам бар. Оның бірі 82 жастағы жұбайы, І топтағы мүгедек Рашид Нурханов. Сондай-ақ бала жастан ДЦП-мен ауыратын І топтағы мүгедек қызы мен ұлына да зейнеткер ана күтім жасап отыр. Партияның қамқорлығына алынған Марғуаш Әбдіғалымованың басына түскен ауыртпалық қоғамдық қабылдаудағы азаматтарды да бейжай қалдырмады. 2019 жылдың көктемінде аталған отбасына үшінші қабаттан пәтердің кілті табыс етілген болатын. Бірақ отбасы мүшелеріне үшінші қабатқа арбамен көтерілу және түсу үлкен қиындық тудырды. Сонымен қатар пәтердегі есіктер де арбалардың еркін өтуіне ыңғайлы болмады. Зейнеткер осы мәселелерді айтып бірнеше рет жергілікті атқарушы органдардың көмегіне жүгінгенмен, біраз уақыт нақты іс-шаралар қабылданбады. Кейін осы мәселе бойынша партияның облыстық филиалы жедел және жоспарлы жұмыстарға кірісіп, есіктерді кеңейтіп берді. Сондай-ақ бұл отбасыға «Халыққа көмек» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында жыл сайын азық-түлік, киім-кешекпен де көмек көрсетіліп келеді. Құрбан айт кезінде де аталған отбасы мүшелеріне ет беріледі. Сонымен қатар Birgemiz республикалық акциясы аясында Марғуаш Әбдіғалымованың балаларына 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ал 2020 жылдың ақпан айында зейнеткердің ұлы Дидарға Павлодар қаласындағы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада ота жасалды. Бірақ қазіргі кезде Дидар өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан Марғуаш Әбдіғалымова партияның қоғамдық қабылдауына келіп, ұлына арнайы медициналық төсек сатып алып беруін сұрады. Осы мәселе бойынша «Алюминий Қазақстан» бастауыш партия ұйымы медициналық кереует сатып алу үшін зейнеткердің шотына 110 мың теңге аударып, қаржылай көмек көрсетті. Елімізде төтенше жағдай мен карантин енгізілген кезде де көптеген азамат қоғамдық қабылдау бөлмелерінің көмегіне жүгінді. Осы ретте ең өзекті мәселелер де анықталды. Атап айтар болсақ, ақшалай көмек – 72%, Birgemiz қоры арқылы азық-түлік себеттерімен көмек көрсету – 21,6%, медициналық маскалармен қамтамасыз ету – 2,6%, мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алу 2,4% болды. Партия соңғы айда карантинге байланысты өтініштердің саны 7%-ға азайғанын, керісінше праймериз мәселелері бойынша өтініштер саны 5%-ға артқанын атап өтті. Айта кетейік, азаматтардың өтініштерін мониторингілеу және бақылау үшін республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне апта сайын өңірлердегі жедел желі телефондарына бақылау қоңыраулары жүргізіледі.
Әбілмансұр ЖАСАН