Құс тұмауы: ет пен жұмыртқа қымбаттай ма?
Құс тұмауы: ет пен жұмыртқа қымбаттай ма?
Бірақ экономист Ерлан Әбілдің пікірінше, үрейге бой алдыратындай үлкен дүрбелең бола қоймайды.
– Отандық өндірушілер ішкі нарықты қамти алмаса, Еуразиялық одақ елдерінен тауар импорттауға болады. Ресейден әкелінетін құс еті Еуразиялық одақтың тарифтерімен келеді. Шетелдік еттің құны біздікінен төмендеу. Сондықтан күрт қым­баттайды деу қиын. Ал жұмыртқа тез бүлінеді, тасымалдауы бар, сақтауы бар. Ол қымбаттауы мүмкін. Шетелдік тауар өндірушілер логистикасын тез-тез реттесе, қазіргі сақталады. Егер логистиканы дұрыс ұйымдастырмаса, карантин шектеулері алыс-берісті тежеп тастаса, баға өседі. Ондай жағ­дайда құс етін көп тұтынатын үйлер мал етіне көшеді, – дейді сарапшы.
Ал АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің пікірінше, бұл індет құс еті мен жұмыртқа құнына онша әсер ет­пейді.
– Қазір Қазақстанда жұмыртқа өндірумен 35 құс шаруашылығы ке­шені айналысады. Олар қуаттылығы ішкі нарықты толық қамтып отыр... Отандық құс фабрикалары жыл сайын  5 миллиардтан астам жұмыртқа өн­діреді. Ішкі нарықтың қажеттілігі 106 пайыз қамтамасыз етілген, – дейді шенеунік. Е.Ахметовтің ай­туынша, биыл жұмыртқа бағасы был­тырғымен салыстырғанда бес пайыз арзандаған.
Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситеті Ара, құс және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Шоқан Әлпейі­совтің ойынша, құс өнімдерінің бағасына құс тұмауы онша әсер етпейді.
– Бұл бірінші тұмау емес. Соңғы 10-15 жылда екі-үш рет осын­дай эпидемиялар жүріп өт­кен. Ірі фабрикаларға әлі вирус жеткен жоқ. Себебі фабри­калар жекеменшік қожалықтар сияқты құсты жайылымда ұстамайды, жабық қорада бағады. Жабайы құстармен байланысқа түсір­мейді. Әртүрлі ауруға қарсы вак­циналау жұмыстарын жүргізеді. Егер де бір себептермен ауырған бір көгершін фабрикаға кіріп кетсе, жұқтырады. Мысалы, Сол­түстік Қазақстан об­лысы Қы­­зыл­­жар ауданындағы «Бес­көл» құс фабрикасында тұмау жабайы қаздан жұғып, біраз құс ауырып өліп қалды. Сондықтан індет фабрикаларға тимесе, қым­бат­шылық бол­майды. Құс өнім­дерінің бағасы негізінен жем-шөпке байланысты. Өнім­нің өзіндік құнын есепте­генде 70 пайыз шығыны жемшөпке жұм­салады. Биыл бидай, арпа қым­баттаса, онда баға шарық­тауы ғажап емес, – дейді про­фессор.
Рас, құс тұмауынан кейін са­ла мамандарын мазалайтын бас­ты мәселенің бірі –  жем баға­сы. 3 жыл бұрын құс өсірушілер би­дай­дың бір тоннасын 40 мың тең­геге сатып алатын. Биыл «Азық-түлік келісімшарт кор­по­ра­циясы» бидайдың тоннасын 80 мың теңге төңірегінде бекітті. Отандық кә­сіп­керлерге өнімді қымбаттату тиімсіз. Біздегі баға көтерілсе, ішкі нарықты Ресей тауар­лары жау­лайды. Кезінде ірі құс фаб­ри­­ка­ларына бір жұ­мыртқаға 3 теңге субсидия бөлі­нетін. Биылдан бас­­тап бұл сома екі есе қысқарды. Ал құс етіне суб­­сидия бұрынғы деңгейде тұр. Қазақстан Жұмыртқа өнді­рушілер қауымдастығының бас­шысы Максим Божко: «дүкен­дерде тауық еті мен жұмырт­қа­ның бағасы баяғыдай», – дей­ді. Егер құс тұмауын жедел жең­­сек, қым­батшылыққа ұрын­байды екенбіз.
– Құстар 10 пайыздан артық қырылмаса, құс еті мен жұ­мыртқа құны көтерілмейді. Одан асып кетсе, әрине  қымбаттайды. Алай­да халықтың төлем қабілетін де қаперде ұстау қажет. Құс етінің ба­ғасы сиыр,  қой етімен теңессе, біз тұтынушысыз қаламыз, – дейді Максим Божко.
Кеше ғана Шымкенттен бір танысым хабарласты.
– Өткен аптада біз жақта жұ­мыртқаның бір талы 33 теңгеден еді. Кеше 38 теңгеге қымбаттады. Ал бүгін әйелім 40 теңгеден алып­ты. «Неге қымбат?» десе, сатушы «Солтүстіктен жұмыртқа мен тауық еті әкелінбей жатыр. Каран­тин» деп жауап беріпті, – дейді. «Дүкендерде тауық еті мен жұ­мырт­қаның бағасы баяғыдай» деген Божкоға сенесіз бе, әлде әр тиыны санаулы Шымкент тұрғы­­нына сенесіз бе, оны патша көңі­ліңіз білсін.
Айтпақшы, тағы бір нәрсені ескеру керек. Жұмыртқа баға­сы­ның өзгеруі – маусымаралық құ­былыс. Яғни, жыл сайын жаз мез­­гілінде жеміс-жидек пен көк­өністер кө­бейіп, жұмыртқаға сұ­раныс азай­­ғандықтан, баға ар­зандайды. Күз бен қыста сұраныс артқанда, баға қалпына келеді. Мамыр-тамыз айларында қыр­күйек-сәуір аралы­ғымен салыс­тырғанда, халық жұ­­мыртқаны екі есе аз сатып алады. Нарықтық эко­­­­­­­­номиканың заңына сәйкес, өндірушілер жазда жұмырт­қаны арзан баға­мен сатуға мәж­бүр. Тіпті, біраз шығынға да ұшырайды.
– Бірақ халық бағаның өске­ніне ғана мән береді, арзанға са­тылғанын ұмытып кетеді, – дейді Божко.
Ең бастысы, құс тұмауы адамға жұқпайды екен. Алда-жалда ар­зан-қымбатына қарамай құс өні­мін тұтынамын десеңіз, сақтық шараларын естен шығармаңыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, бі­рін­­шіден, құс етін толық пісіріп жеген жөн. Жұмыртқаның сары­сын да жартылай шикі қылмай, әбден қуырып-қайнатқан дұрыс. Құс еті мен жұмыртқаны тоңазыт­қышта, өзге азық-түліктен бөлек сақтаған абзал.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ