Бесіктен белі шықпай, қаруға құмар...
Бесіктен белі шықпай, қаруға құмар...
 

АТА-АНАЛАР МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ ТӨМЕН

Қазақстанда жасөспірімдердің құқық­бұзушылық фактілерінің статистикасын жүргізетін құзырлы органдардың мәліметтері бірыңғай емес. Мәселен, Ішкі Істер министр­лігінің мәліметі бойынша, елімізде соңғы жылдары балалар арасындағы қылмыс орташа есеппен 6 пайызға кеміген. Про­куратура керісінше жасөспірімдер арасындағы қыл­­мыс­тың өршіп тұрғанына алаңдайды. Құқықбұзушылыққа басты себеп­тердің бірі – отбасындағы жағдай, ата-аналардың ішім­дікке салынуы, әлеуметтік мәселелер, ішкі күйзеліс. Қылмыс пен әлеуметтік жағдай қаншалықты өзара байланысты? Қылмысты тек жағдайы төмен отба­сынан шыққан балалар жасай ма? Жоқ, соңғы өңірлік ста­тистика бұл стереотиптік көзқарасты да бұз­ды. Мәселен, Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәлі­метінше, қыл­мыс жасаған балалар­дың 52 пайызы толық әрі әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыларынан шыққан болса, небә­рі 30 пайызының жағдайы төмен бол­­­ғаны анықталған. Мұның өзі материалдық жағынан жақсы қам­тылса да, тәрбие жағына мән бер­мейтін отбасылардың көптігін аң­ғартса керек. Статистика бойынша, қылмыс жасай­тын­дардың 90 пайызы – ұлдар. Бұл қоғам­дағы ұлдардың психикалық және психо­логиялық доминантты жағдайынан бөлек, елімізде көбіне-көп қыз тәрбиесімен ерекше құл­шыныспен айналысу үрдісін көр­сетпей ме? Әдетте «Қызға қырық үйден тыю» дегенде, бұл мақалдың алдындағы «Ұлға отыз үйден тыю» деген жағын ұмыт қалдырамыз. Қа­рапайым мысал, кез келген аулада ұл­дар төбелесіп, бір баланың денесін көгертсе, ата-аналар «не бопты, ба­лам кәмелет жасына толмаған, жауап­қа тар­тылмайды» деп ойлайды. Мәселен, Ақ­таудағы жол-көлік оқи­ғасында да жасөспірімнің анасы жә­бірленуші тарапқа баласының кәмелет жасына толмағанын, сон­дық­тан жауапқа тар­тылмайтынын сеніммен айтқан сияқты. Бірақ бұл – құқықтық нигилизмнің асқынған түрі. Себебі Қазақстанның Қыл­мыстық кодексінде қылмыс жасаған уақытында 14 жасқа толған адам­дарды қылмыстық жауап­тылыққа тартуға негіз бола алатын отызға тарта бап бар. Адвокат-заңгер Абзал Құспан қыл­мыстық жазаның мақсаты – адамды жазалап, мем­лекеттің кек алуы емес, болашақта мұн­дай қыл­мыстарды болдыртпау, алдын алу, қайталануына тосқауыл қою екенін еске салады:
– Ақтөбе қаласында болып жат­қан жағ­дай көпшілікке тарап кетті. Бұл жерде төбелескен балалардың жазасыз қалуы теріс әсер етеді. Өйт­кені басқа да ата-аналар «біздің бала­лар кәмелетке толмаған, бала­лық қылды» деп қарапайым түсі­нікпен отыра беруі мүмкін. Мә­селен, Қыл­мыстық кодексте адамға ауыр дене жарақатын келтіру, орта дәре­желі дене жарақатын келтіру 14 жас­тан бастап қылмыстық жауап­ты­лыққа тартылады. Ақтө­бедегі жағдай бойын­­ша айтсам, жәбір­ленушінің жарақаты орта дәрежеге жете ме, жетпей ме, біл­меймін. Бірақ орта дәрежедегі қылмыс болу үшін адам кем дегенде үш жұмадан артық ауруханада жатуы керек, белгілі бір органы жұмыс істемей қалуы керек. Сон­дай-ақ алдыңғы қатардағы үш-төрт тісі сынса да жауапқа тартылады. Негізі, мұны сот-медициналық са­рап­тама анық­тайды. Бұл жердегі жағдай бүкіл елдің алдында талқыға түс­кеннен кейін мектеп дирек­тор­ларын жа­залады. Бірақ мектеп дирек­тор­ла­рын не үшін жауапқа тарт­қанын түсін­беймін?! Әрине, мектеп ішінде болған оқиға болса немесе ди­рек­торлары көре тұра шара қолданбаса түсінер едім. Бұл жерде бірінші ке­зек­те  ата-анасын жауап­керші­лікке тарту керек. Ең болмаса, әкім­шілік жауап­кершілікке тарту мәсе­лесін қарастыру керек, - дейді.
Заңгердің айтуынша, жасөс­пірімдер арасындағы құқықтық нигилизммен күресте жаңадан бір нәр­се ойлап табудың қажеті жоқ. Бұрыннан қалыптасқан жүйе бар.
– Біздің судьялардың бір жаман әдеті – сот процестерінің жария бол­ғанын қаламауы. Жоғары сот төра­ғасы Жақып Асанов сот про­цесінің ашықтығын, жария­лылығын қамта­масыз ету туралы мәселені көп қозға­ған еді. Бізде сот процестері жария емес. Содан әрбір ата-ана өз баласын қорғап, «сот істі дұрыс қа­рамады» деп шығады. Содан ел-жұртта неше түрлі теріс әңгіме тарай­ды. Сот процестерін тәрбиелік мақ­сатта ашық жүргізу керек. Қазір әлеу­меттік желі арқылы бүкіл Қа­зақстан халқын қамтуға да болады. Қолданыстағы Қылмыстық про­цестік кодекске сәйкес, Жоғарғы соттың Қыл­­мыстық істер бойынша сот іс­тері­­нің жария­лылығын қам­тамасыз ету туралы арнайы қаулысы бар. Міне, бұл мәселе не заңға, не адам­гершілік қағидаттарына қарсы кел­мейтін қалыпты жағдай. Бірақ біздің судья­лар өз кәсіби біліктілігіне кү­мән­­дана ма, әйтеуір сот про­цестерін ашық жүргізуге қы­рын қа­райды, – дейді заңгер Абзал Құспан.
 

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ГРУЗИЯДАН ҮЛГІ АЛАМЫЗ БА?

2019 жылы Қазақстанның құқық қорғау органдарының есебінде 7,5 мың жасөспірім тұрған. Балалар қылмысы қатігездігімен және себеп-салдарының жоқтығымен ерек­ше­­ленеді. Елімізде балалар құқын қор­ғау, отандық заңна­маны халықа­ра­лық стандарттарға сәйкестендіру бағы­тында бірқатар жұмыс жүргізіліп, Президент баста­масымен тиісті заң­дарға өзгерістер де енгізілген. Де­виант­тық мінез-құлықты балалар тұратын арнайы ұйымдардың атауын да өзгертпек. Соңғы жылдары елі­міздің билік органдары жем­­қор­лықпен күрес, полиция рефор­масы бойынша ғана емес, балалар қыл­мысын азайту ісінде де Грузияға бет түзеуге даяр. Грузия тәжірибесіне келсек, аса ауыр қылмыс түрлерінен басқа жағдайларда балаларды жаза­ламауға тырысады. Оларға екін­ші мүмкіндік беріп, психо­логтармен жұ­мыс жүргізіледі. Жоғары санатты психолог Ал­магүл Алдабергенова «гаджеттер за­манында» әрі карантиндік жағдайда балалар түгілі, ересектердің жүйке жүйесін тоздыратын факторлардың көбейгенін айтады:
– Жасөспірімдердің әртүрлі жа­ман әрекеттерге баруының себебі отбасында ата-ананың балаға аз уақыт бөлуі деп есептеймін. Менің алдыма келген жасөспірімдерден де мұны көп естимін, «мені ата-анам түсінуге тырыспайды, бәрібір мені қолдамайды, сол үшін айтпаймын» деп ішкі жан күйзелісін шығармайды. Қыз балаға – анасының, ұл балаға – әкесінің аса қажет болатын кезі – осы жасөспірім шақ. Жасөспірімдердің күйзелісін гармондардың жоғары­лауымен байланыстырамыз. Бірақ бұл болуы қажет процесс. Жасөспірім шақтың да өтпелі екенін ұмыту бар. Бұл – жетілу кезеңі. Бірақ ата-анада «баламда жетілу кезеңі болып жатыр» деп қуану жоқ, – дейді.
Психологтың айтуынша, ата-аналар «балам ашушаң боп кетті, қа­шан бұл кезең бітеді» деп күтеді. Бірақ бұл кезеңде балаға көңіл бөлмеу, оны­мен сырласпау дұрыс емес. Сон­дық­тан балаға ата-анасының пікі­рінен гөрі өз қатарласының сөзі ақыл­дырақ, дұрысырақ көрінуі мүм­кін. Жасөспірімнің қатысуымен бол­ған жол-көлік оқиғасына бай­ла­нысты Алмагүл Алдабергенова былай дейді:
– Мәселен, әкесінің көлігімен әйелді басып кеткен балада әйелге деген үлкен агрессия болуы мүмкін. Көбінесе бізде әкесіне деген өш­пенділікті басқа бір ер адамнан алу, анасына деген өшпенділікті басқа бір әйелден алу бар. Сондықтан онсыз да ашу-күйзелісте жүрген ба­лаға бұл әрекет қанағаттану процесі ретінде болып тұр. Мұның алдын алуға әбден болар еді. Егер кезінде  бала жақын­дарымен өзінің ішкі күй­зелісімен, жан тебіренісімен бөліс­кенде ашу-ыза сол жерде сыртқа шығып кетер еді. Ішкі бұлқыныс шықпаған соң, өкінішке қарай ол айналадағы адам­дарға зиянын ти­гізетін жолын таң­дады, – дейді. Психологтар да, поли­ция қыз­мет­керлері де ата-анаға бала тәр­биесіне ерекше көңіл бөліп, ба­ланың мінез-құлқындағы өз­геріс­терді мүлт жібер­меудің маңызын айтады. Егер бі­реудің тарапынан буллинг болса, мұны тек мектеп басшылығына ғана емес, құзырлы органдарға да хабар­­лау қажет. Бүгінде қатарластары қу­далап, ұрып-соғып, бопсалап жүрген әрбір бесінші оқиға ғана полицияға жетеді екен.
 

Кәмшат ТАСБОЛАТ