Абай атындағы ҚазҰПУ 92 жылдан бері қазақ елін педагог кадрлармен қамтамасыз етіп келе жатқан бас оқу ордасы болғандықтан, сапалы мұғалім даярлаудың бүкіл салмағы біздің мойнымызда тұрғаны сөзсіз. Өйткені университетіміз қазіргі таңда Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік базасы. Сондықтан бүкіл әлеуетіміз тек қана сапалы педагог кадрларын әзірлеуге жұмылдырылуы тиіс. Осыдан 6 жыл бұрын ҚазҰПУ мен Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті ректорларының бастамасымен Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің 44 педагогикалық жоғары оқу орындарының басын қосып, Еуразиялық педагогикалық қауымдастық құрылды. Бұл қауымдастықтың негізгі міндеті – ХХІ ғасырдың білікті педагог кадрларын даярлау мәселесін бірігіп ойластыру, бірге шешу, маман даярлаудың инновациялық технологияларын енгізу, озат тәжірибелерін ортаға салып, оны жүзеге асыру және мұғалім даярлауға байланысты ғылыми жобаларды, әдістемелерді бірге атқару. Біз сапалы педагог даярлау үшін мына үш қағиданы басшылыққа аламыз. Біріншіден, мұғалімдердің біліктілігін үзбей жетілдіріп отыру, екіншіден, студенттердің практикалық білімін көтеру, үшіншіден, жаңартылған білім мазмұны бойынша кадр даярлау. Ең алдымен, оқытушы білікті болмай, оқушы білімді болмайды. Сондықтан біз үздіксіз педагогикалық практиканың (дуальды оқытудың) жаңа әдісін іске асыра бастадық. Мысалы, өткен оқу жылында 4-курс студенттері жыл бойында аптасына төрт күн мектепте тәжірибеден өтсе, екі күн университетте теориялық білім алды. Биыл олар екі апта университетте оқиды да, басқа уақытында онлайн жүйесі бойынша білім алып, мектепте тәжірибеден өтеді. 3- курстықтар да жыл бойы аптасына үш күн мектепте практикалық жұмыста болып, қалған үш күнде сабақ оқиды. Осы оқу жылынан бастап 2-курс студенттері аптасына бес күн оқып, бір күн педагогикалық практикада болады. Біздіңше, практиканың көлемін көбейтіп, оқу мен өндірісті тығыз ұштастыру, болашақ мамандарды дуальды оқытуды жүзеге асыру арқылы нағыз мұғалім кадрларын даярлауға қол жеткізуге болады. Университетіміздегі «Мансап» орталығына биылдың өзінде 4 мыңға жуық болашақ мұғалімге тапсырыс түссе, мұның өзі біздің мамандарымыздың сапасы арта түскенін көрсетеді. Білім берудің сапасына қол жеткізуде оқу-әдістемелік жұмыстарды жаңаша ұйымдастырудың маңызы зор. Абай атындағы ҚазҰПУ-да жаңа білім бағдарламалары мамандықтардың Ұлттық шеңберіне сәйкес жасалды. Қазақстанның «Білім туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, академиялық еркіндік форматында 289 жаңа білім беру бағдарламасы, оның ішінде қосымша траекториямен – 82, Double Major және Major-Minor бойынша 27 білім бағдарламасы даярланды. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың бірден-бір жолы – оқу үдерісіне халықаралық практикада қолданылып жүрген инновациялық технологияны, тәжірибені енгізу. Бізде STEM-білім беру, тіл мен пәнді GLIL бойынша шоғырландырып оқыту технологиясы, SMART-мақсат қою әдістемесі, коллаборативті ортада диалогты оқыту сияқты оқытудың жаңа әдістемесі мен технологиялары енгізіліп отыр. Білім алуға бағытталған инновациялық қатынастарды енгізе отырып, студенттеріміз кәсіптік тәжірибелік құзыреттілікке ие болады. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен серіктесе отырып оқу орнымызда педагогикалық STEM-парк ашуға қол жеткізілді. Соның арқасында оқу үдерісіне информатика, электротехника, радиоэлектроника және робототехника бойынша білім бағдарламасы енгізілді. Университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, олардың кәсіптік құзыреттілігінің жұмыс берушіні қанағаттандыруы оқу орны қызметінің сапасын айқындайтын фактор. Абай университетінің жұмыс берушілері – Алматы қаласы мен облысының ғана емес, республикамыздың барлық аймағының білім мекемелері. Университеттің «Мансап» орталығы былтыр қарашада «Жұмыс беруші – 2019» форумын өткізсе, биыл 5 наурызда «Өзгермелі әлемдегі жас педагог бейнесі» тақырыбында Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Л.Жылқыбаевамен кездесу ұйымдастырды. Университет бітірушілерін жұмысқа орналастыру мақсатымен «Бос орын» жәрмеңкесі онлайн форматта ұйымдастырылып, оған Алматы облысының, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларының Білім департаменттері мен мектеп директорлары, «Балдәурен» республикалық сауықтыру орталығының, «БілімЛэнд» білім беру порталының басшылары қатысып, бос орындарын ұсынды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша бүгінде бастауыш сынып, мектепке дейінгі білім мекемелері мұғалімдеріне сұраныс жоғары екені белгілі болды. «Мансап» мобильді қосымшасы түлектерге тұрғылықты жері бойынша жұмыс табуға, ал жұмыс берушіге көп уақытын жоғалтпай тез арада қажетті маманды таңдап алуға көмектеседі. Қазір «Мансап» қосымшасында 4 063 адам тіркелсе, оның 1 012-сі маман іздеген жұмыс берушілер де, қалған 3 051-і болашақ мамандар. Өткен жылы түлектердің 97 пайызы жұмысқа тұрса, биыл 108 студент-бітіруші өздері практикадан өткен мектептерде жұмыста қалды. Жалпы, бүгінгі мұғалім – жас ұрпақты әлемдік өркениетке жетелейтін ұлы тұлға, қоғамымыздың алтын қоры. Сондықтан сапалы педагогтер даярлау – педагогикалық жоғары оқу орындарының абыройлы борышы.
Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор