Сүт өндірісіндегі серпіліс
Сүт өндірісіндегі серпіліс
113
оқылды

Несиелендірудің бірден-бір стратегия­лық бағыты – сүт өндірісі. Соңғы 10 жыл­да холдингтің еншілес компаниясы – «Аграр­лық несие корпорациясы» жалпы қуаты жылына 134 мың тонналық 45 сүт өндіру жобасына қолдау көрсетті.

Сондай жобаның бірі –  25 қыркүйекте Павлодар облы­сын­да жұмысын бастаған сүт өндіру фер­масы. Бүгінде фермада 600 бас ірі қара мал бар. Жақын күндері Гер­маниядан тағы 510 бас симментал тұқымды сиыр әкелінеді. Осылайша, фер­ма келесі жыл­дың көктемінде өндіріс қуатын 100 па­йызға жеткізбек. Жаңақала ауылында іске қосылған шаруашылықтың аталған ауыл мен аймақтың дамуында алар орны ерекше.  

Азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Жобаның жалпы құны – 990 млн теңге. Оның 85 пайызын (841 млн тең­гесі) «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырған. Қалғаны – «Жаңа-Қала» шаруа қожалығына тиесілі. Компания директоры Ардақ Қажаттың айтуынша, қазір фермадағы 2 мыңға жуық ірі қараның 645-і – сауын сиыр. Шаруа­шылық 2019 жылы сүт фермасын салу ар­қылы өндіріс көлемін ұлғайтуға шешім қабылдаған. Осылайша, фермерлер «Аграрлық не­сие корпорациясына» жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім беріп, несие ал­ған. Бір жылдан соң  2020 жыл­дың 25 қыркүйегінде жаңа ферманың салтанатты ашылуы өтті. 600 бас сиырға есептелген фермада сауын сиыр үшін 500 орын және суалған, транзиттік, бұзау­лайтын сиырларға арналған 100 орын бар. «Қазір біз күніне 7 тонна сүт сауамыз, өнім көлемі де 10-14 тоннаға артады», – дейді Ардақ Қажат. Ферма мал басын асылдандыру мен АНК несиелендіруімен сатып алынған заманауи жабдықтарды пайдалану арқа­сын­да жоғары өнімділікке қол жеткізген. Мәселен, жаңа фермада екі сауыншыға бір уақытта 24 сиыр саууға мүмкіндік беретін сауын машиналары бар. Сондай-ақ сиырлардың жағдайы ар­найы датчиктер көмегімен бақыланады. Ол операторға сиырдың жай-күйі, сүттілігі, денсаулығына қатысты ақпарат жібереді. Егер қандай да бір мәселе анықталса, жан­уарлар дереу арнайы ветеринарлық аймаққа жіберіледі. Қазан айының соңында фермаға ба­вариялық симментал тұқымды 510 бас сиырға жеткізбек. Шаруашылық 2021 жылдың көктемінде толық қуатқа ие бо­лады деген жоспар бар.  

Сүт өңдеу сатылары

«Жаңа-Қала» шаруа қожалығына сиыр сатып алуға 500 млн теңге қаржыны жер­гілікті «МолКОМ-Павлодар» сүт зауыты бөлген. Зауыт директоры Виталий Михайлов бұл жоба ауыл үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды екенін айтады. «Өңдеуші ретінде біз қосымша сүт көлемін аламыз, бұл өндірісімізді кеңей­туге мүмкіндік береді», – деп атап өтті В.Михайлов. Соңғы жылдары байқалып отырған сүт тапшылығын ескерсек, жаңа фер­маны пайдалануға беру арқылы өнді­ріс көлемін тәулігіне 15 тоннаға дейін арттыру айтарлықтай нәтиже. Виталий Михайловтың айтуынша, зауыт фермер­лерден сүттің литрін 150 теңгеден са­тып алады. Бірақ күз мезгілінде баға жо­ғарылай­­­ды. Қазір «МолКОМ-Павлодардың» жал­пы өңдеу қуаттылығы  тәулігіне 150 тонна. Жүктеме әзірге 70-80% деңгейінде қалып отыр, сондықтан сүттің қосымша көлемін игеруге мүмкіндігі бар. «Біз өзімізді шикізатпен қамтамасыз етуге тырысамыз, сондықтан фермер­лермен серіктесіп жұмыс істейміз. Шикі­зат­пен қамтамасыз ету үшін сиыр сатып алуға немесе ферма салуға қатысамыз», – дейді Виталий Михайлов.  

Әлеуметтің әлеуеті артуда

Жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» ауыл дамуына ықпал етуде. Корпорацияның павлодарлық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков «Жаңа-Қала» сүт фермасының салынуы Павлодар облысында жаңа жұ­мыс орындарын ашып, аймақты сүтпен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. «Жобаның мультипликативті тиім­ділігін көріп отырмыз – фермерлер жаңа балабақша ашты. Жобаны қаржыландыру арқылы біз ауылды дамытып, жұмыс орын­дарын, өндірістік және әлеуметтік нысандар құрудамыз», – дейді Ізбасар Жүсіп­беков. «Жаңа-Қала» шаруа қожалығы ферма­ның тұсаукесер күні ауылда 50 орындық балабақшаны пайдалануға берді. Елді мекенде жаңа әлеуметтік нысандардың пай­да болуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, жастарды шаруа­шылық жұмысына тартуға ықпал етуде.

Сонымен қатар қазіргі кезде 70 адам жұмыс істейтін шаруашылықта жаңа фер­маның ашылуы тағы 15 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Осылайша,  ферма ауылдағы жүзге жуық отбасының тұрақты табыс көзіне айналып отыр.