Алматы облысы Қарасай аудандық сотында осы жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтті. Істі судья Мәди Көшікбаев жүргізді. Полицияның бұрынғы қызметкері Азат Азаматовқа Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша айып тағылып отыр. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «25 мамырда таңғы сағат 5.20-да BMW автокөлігін тізгіндеген айыпталушы Азат Азаматов мас күйінде жылдамдықты асырып, блок-бекет пен полиция қызметкерлерінің көлігіне соғылған. Салдарынан екі полиция өкілі оқиға орнында мерт болды, үшінші азаматқа бетонның ұшып кеткен бөлігі тиіп, ауыр жарақат алды», – деді прокурор. Азат Азаматов өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Ол жол апаты кезінде ұйықтап қалғанын, есінде ештеңе қалмағанын жеткізді. «Жол полициясында жұмыс істейтін үш әріптесіммен сыра іштім. Олар – менің бұрынғы әріптестерім. Есімде басқа ештеңе жоқ, есімді жисам, ауруханада жатырмын. Менің жол апатына кінәлі екенімді айтты. Оқиғаның қалай болғанын білмеймін», – деді ол. Осы жол апаты оқиғасы болған кезде елдің назарын аударған бір мәселе – Азат Азаматов сол кезде полиция қызметкері қатарында жұмыс істеді ме, жоқ па деген сұрақ. Оқыс оқиға болғаннан кейін көп ұзамай ақпарат тарап, тіпті Азат Азаматовтың жартылай жалаңаш жатқан суреті де басылды. Көптің талқысына түскен жайдың бірі – осы. Өйткені айыпталушының үстінде полиция қызметкері формасы болған деген әңгімеге әлі нүкте қойылған жоқ. Бұл әңгіме сот талқылауы кезінде айтылмай қалмады. «Барлық көршіңіз сол күні қызметтік форма киіп, қызметтік көлікте отырғаныңызды айтты. Бұл рас па?» деп сұрады қайтыс болған полиция қызметкерінің жұбайы. «Жоқ» деп жауап берді Азаматов. Оқиға орнында мерт болған полиция өкілінің әйелі айыпталушының бұл сөзі шындыққа жанаспайтынын айтты. «Жұмыстан шығу туралы өтінішті 20 мамырда жаздым. 21 мамырдан бастап полиция қызметкері емеспін. Полицияда 2014 жылдан бастап еңбек еттім. Осы мерзімде маған тек бір ғана тәртіптік жаза қолданылды» деп жауап берді ол. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты Шолпан Нұрахметова құжаттарға сәйкес, Азаматовқа 6 жылдың ішінде төрт тәртіптік жаза қолданылғанын атап өтті. Бұл сотқа жол апатынан зардап шеккен үшінші полицей Ербұлан Сейдазым да қатысты. «Мен Алматы Полиция департаментінде қызмет етемін. 18 наурыздан бастап қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында блок-бекетте жұмыс істедім. 24 мамыр күні кешке жұмысқа түстім. Келесі күні таңертең апат болды. Апаттан бірнеше минут бұрын жұмыс планшетін жол полициясы қызметкерлеріне беру үшін стансаға бардым. Көлікке жақындай бергенімде апат болды. Есімнен танып, бірнеше күннен кейін ауруханада ояндым. Сол кезде ғана не болғанын түсіндім», – деді сот залында полиция қызметкері. Полицей басынан жарақат алған, оған екі операция жасалған. Ол ауруханада бір ай жатты, қызметіне әлі оралмады. Адвокаттың «Айыпталушыдан өтемақы талап етесіз бе?» деген сұрағына Сейдазым «Ойланамын» деп жауап берді, себебі әлі де емделуі қажет. Ол айыпталушы Азаматовпен таныс болмаған. Сонымен қатар қаза тапқан полицейдің әйелі айыпталушыдан баласын кәмелет жасына жеткенше асырау үшін 36 миллион теңге талап етті. Судьяның қойған сауалына жауап берген айыпталушы өзінің жұмыссыз екенін және кәмелеттік жасқа толмаған бір баласы бар екенін айтты.